Жаңалықтар

Қоғамдық көліктер электронды төлем жүйесіне көшеді

ашық дереккөзі

Қоғамдық көліктер электронды төлем жүйесіне көшеді

Келер жылдан бастап Алматыдағы қоғамдық көліктерде жолақыны қолма-қол төлеуге түбегейлі тыйым салынады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан электронды билет жүйесі енгізілмек. Биылғы жылдың қазан айынан бастап жаңа жоба сынала бастайды. Бұл туралы «Алматы» телеарнасы хабарлады. Оңтүстік астанадағы қоғамдық көліктерде енді валидатор да, кондуктор да болмайды. Күзден бастап, электронды билет жүйесі енгізіліп, тестілік режимде сынақтан өтпек. Жаңа жоба көлеңкелі бизнестің жолын кесу мақсатында енгізілгелі отыр. 2016 жылдан бастап жолақы арнайы төлем карталары арқылы жүргізілуі тиіс. Осылайша жолаушылардан жиналған қаржы көледенең көк аттылардың қалтасында кетпей, тікелей қала қазынасына түседі. «Қазақстанда бұл жүйе тұңғыш рет жасалуда. Қазір әлемнің біраз елінде жүзеге асқан. Дегенмен, жауапкершілігі өте жоғары. Қала әкімінің тапсырысы бойынша алдағы жылы толық қолданысқа еңгіземіз деп отырмыз», - деді «Алматы қаласы көлік холдингі» ЖШС директоры Серік Жұмабеков. Электронды билет қоғамдық көліктегі қызмет көрсету сапасын арттырады әрі, заманауи үлгіні көрсетеді. Электронды картаны жол бойындағы дүңгіршектерден сатып алуға болады. Ал, төлем жасау терминалдар арқылы жүзеге аспақ. Төлем картасының 4 түрі жасалады. Біріңғай төлем картасынан басқа зейнеткерлерге, оқушыларға және студенттерге беріледі. Сәйкесінше, олардың бағасы да әр түрлі болмақ. Электронды билет жүйесінің қаладағы жолаушылар тасымалдайтын барлық қоғамдық көліктерге енгізіледі. Мұндай жүйе қазір әлемнің көптеген елінде қолданылады екен. «Біз қолма-қол төлемді түгел алып тастап, оның орнына электронды төлем карталарын енгізбекпіз. Онда да, жолаушылардың төлем жасаған немесе жасамағанын бақылайтын арнайы ревизиялық қызметті іске қосамыз», - деді «Алматы қаласы көлік холдингі» ЖШС директорының орынбасары Владимир Смирнов. Жаңа жоба қоғамдық көлікпен қатынаушылардың санын арттырады деп күтілуде. Былтыр Алматыда муниципалды автобусқа 95 миллион жолаушы мініпті. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен салыстырғанда 34 жарым пайызға артық. Ал, өзге қоғамдық көліктер мен метрополитен арқылы өткен жылы шаһарда 262 млннан астам жолаушы тасымалданған.