Ынтымақтастықтың көкжиегі кеңейеді

Ресейлік делегацияны «Единая Россия» партиясының Бас кеңесі хатшысының орынбасары, Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының депутаты Сергей Железняк бастап келді. Делегация құрамында Ресей Мемлекеттік думасының депутаттары Расул Боташев, Алексей Воевода және «Единая Россия» партиясы Орталық атқару комитеті Халық­аралық байланыстар департаментінің жетекшісі Константин Петриченко бар.

Мәулен Әшімбаев екі партия арасындағы өзара ынтымақтастыққа ерекше назар аударып, достыққа негізделген бұл қарым-қатынас Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестіктің одан әрі нығаюына да өз әсерін тигізетінін атап өтті. Сондай-ақ, ол ресейлік әріптестерін 2018 жылдың 18 наурызы күні Ресей Федерациясы Президентінің сайлауын сәтті өткізулерімен құттықтай келе: «Владимир Путиннің Ресей президенті болып сайлануы осыған дейін негізі қаланған екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайта түседі деп есептеймін», – деді.

Кездесу барысында екі ел басшыларының арасындағы өзара сенім мен достыққа негізделген қарым-қатынас жайы да сөз болды.

– Біздің елдеріміздің арасында қарқынды саяси байланыс орнаған. Барлық салада ынтымақтастық серпінді дамып келеді. Екі елдің өзара байланысының нығаюында мемлекет басшыларының достық қарым-қатынасы айрықша рөлге ие. Бұл елдеріміздің стратегиялық әріптестігінің негізі болып табылады, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекетаралық және партияаралық байланыстың деңгейі жоғары екеніне назар аударып, елдеріміздің қарым-қатынасы тәуелсіздікке құрмет, аумақтық тұтастық, ұлттық мүдде және бір-бірінің ішкі істеріне қол сұқпаушылық тұрғысынан қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл әрине, ерекше атап өтерлік жайт. Мұндай қадам екі ел арасындағы сындарлы әрі перспективалы өзара қарым-қатынастың берік іргетасы екені сөзсіз. Кездесу барысында тараптар партияаралық әріптестікті нығайту, өзара іс-әрекеттің алдағы басым бағыттарын айқындау сияқты маңызды мәселелерді де талқылады. Екі елдің ішкі саясатындағы маңызды қадамдар, негізгі мақсаттар мен міндеттер жайы да әңгіменің арқауына айналды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен Қазақстан Президентінің бес әлеуметтік бастамасында айтылған басым бағыттар жайы талқыланды. Соған орай Мәулен Әшімбаев партия қызметін жаңғырту аясында «Нұр Отан» Қазақстанның стратегиялық әріптесі болып саналатын елдердің жетекші партияларымен халықаралық байланысты дамыту үшін қарқынды жұмыс істеп жатқанын айтты. «Бұл ретте Ресейдің алар орны ерекше. Сондықтан екі партияның әріптестігін нығайтуға айрықша көңіл бөлуіміз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Осы ретте ерекше атап өтер жайт, бүгінде аталған екі саяси ұйым да жаңғыру үдерісін қарқынды жүргізуде. Соған байланысты екі партияның да өкілдері бір-бірінің тәжірибелеріне ерекше қызығушылық танытты. Бұл жөнінде Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясының жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтып:

– Бүгінде біз 20-дан астам партиялық жобаны дайындап, жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеттік. Олардың қатарында партия қызметін трансформациялау, цифрландыру, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету сияқты басым бағыттар бар. Біздің басты мақсатымыз – заманауи, инновациялық, жоғары технологиялы ХХІ ғасырдың саяси ұйымын құру, – деді.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары өз сөзінде мұндай кездесулер жаңа партиялық жобаларды жүзеге асыруда, мемлекеттік биліктің заң шығарушы органдарының жұмысына қатысуға, жастар саясатын жетілдіруде, халықаралық байланыстар мен басқа да салаларды дамытуда тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік беретінін атап өтті. Өз кезегінде ресейлік делегация өкілдері де «Единая Россия» партиясы тарапынан жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және экономикалық жобалар туралы айтып, партияның ішкі жұмысын жандандыруға бағытталған реформаларға ерекше тоқталып өтті. Сонымен бірге олар Қазақстан Президентінің игі бастамаларына да тоқталды.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқының жағдайын одан әрі жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамалары біздің де қызығушылығымызды оятты. Өйткені біздер де осы бағытта көптеген жұмыстар атқарып, тың жобаларды қолға алдық. Сол бастамалардың мәнін халықтың дұрыс түсінгені аса маңызды. Сондықтан осы бағытта тәжірибе алмасудың берері мол деп есептеймін, – деді Сергей Железняк.

Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін жұмыстарды одан әрі күшейтетіндерін айтты. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы мен «Единая Россия» бүкілресейлік саяси партиясы арасында өзара іс-әрекет және ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды.

Back to top button