Жаңалықтар

Диқанды діңкелеткен шегірткелер

ашық дереккөзі

Диқанды діңкелеткен шегірткелер

Көктемде тырбаңдап дән сеуіп, ала жаздай танап басында таң атырып, күн батыратын қауым күзде несібесін қара жерден алады. Егіннің бітік шығып, өнімнің мол болуы топырақтың құнарына, су мен жылудың мөлшеріне, баптың байыптылығына ғана емес, алқаптың зиянкестерден дер кезінде қорғалуына да тікелей тәуелді. Өйткені астыққа аш бөрідей тап беретін зиянды жәндіктер еткен еңбекті бір-ақ сәтте еш етуі мүмкін.

Үйірлі шегірткенің үрейі

Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы бойынша, биыл аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілер 5,1 млн гектарға таралады. Оның ішінде 1,92 млн гектарды – үйірлі шегіртке, 444 мың гектарды саяқ шегіртке тектес зиянкестер басады, 2,4 млн гектарға астық дақылдарын жоятын аурулар таралады. Бүгінде өсімдіктерді қорғау іс-шараларын жүргізуге республикалық бюджеттен 3,57 млрд теңге бөлініп, пестицидтерді сатып алу байқаулары аяқталған. Үйірлі шегіртке тектестерге қарсы 540 дана бүріккіш техника жұмылдырылмақ. Жедел жағдайға «Фитосанитария» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының резервтегі техникасы дайын тұр. Астықты өңірлерге келетін саяқ шегіртке тектестерге қарсы күрес те назардан тыс қалмайды. Биыл жергілікті атқарушы органдар 408,4 мың гектар жерді өңдеуге 718,3 млн теңге бөлді. Алайда кейбір облыстарда бұл мақсаттарға қажетті деңгейде қаражат көзделмеген екен. Мысалы, Қарағанды облысының әкімдігі 15,6 млн теңге бөлген, бұл 33,7 мың гектар жердің тек 8,3 мың гектарын ғана (24%) өңдеуге мүмкіндік береді. Қытай, Өзбекстан және Ресеймен шекаралас аумақтардан үйірлі шегіртке тектестердің ұшып келуінің алдын алу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі аталмыш елдермен келісімге келді. Ведомствоның хабарлауынша, Ресеймен 2018 жылға бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген. Биыл еліміздің оңтүстік өңірлері – Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарына марокколық шегіртке жаппай таралуы мүмкін деген болжам бар. Сондықтан бұл аймақтарда зиянкестерге қарсы 640 мың гектар жерді өңдеу жоспарланып отыр. Бұл туралы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев мәлімдеді. Оның айтуынша, Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстары бойынша аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу бойынша жеткізушілер айқындалған. Оңтүстік Қазақстан облысында биыл зиянкестермен күрес жұмыстары 350 мың гектар алқапты қамтымақ. Оның ішінде марокколық шегірткеге қарсы – 341 мың гектар, азиялық шегірткеге қарсы – 4,3 мың гектар, итальяндық прус шегірткесіне қарсы 4,7 мың гектар аумақ өңделеді. Егін алқаптарының 60 пайызы жер үсті агрегаттарымен, 40 пайызы авиация арқылы залалсыздандырылады. Бұл туралы Сарыағаш ауданы, Бірлік ауылдық округінде облыс əкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен семинар кеңесте Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекция басшысы Нұржан Кашкенов мәлім етті. Инспекция басшысының айтуынша, химиялық күрес шаралары былтырғыдан 1,3 есеге азайған. «Биыл марокколық шегірткеге қарсы күрес шараларына 91 дана жерүсті бүріккіштері жұмылдырылмақ. Олар 184,4 мың гектарды залалсыздандыратын болады. Сондай-ақ, 6 дана АН-2 ұшақтарының көмегімен 137,6 мың гектарда химиялық өңдеу жұмыстарының жүргізілуі жоспарлануда. Облыстық аумақтық инспекция тарапынан өңдеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін бақылауға, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге аудандар бойынша 50 инспектор және 19 автокөлік бөлінеді», – дейді Нұржан Кашкенов. 350 мың гектарға химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 1121 мың гектар алқапта анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты. Оған «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалы тарапынан штат бойынша 128 анықтаушы және 83 қызметтік автокөлік бөлінген. Бұған қосымша 3 айға уақытша жұмысқа тарту арқылы 278 адам тартылып, 406 анықтаушы зерттеу жұмыстарына жұмылдырылмақ. Семинар барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев үйірлі шегірткеге қарсы күрес шараларына дайындықпен танысып, аудан әкімдеріне арнайы штаб жұмысын жандандыру қажеттігін ескертті. «Биылғы жылы шегірткеге қарсы күрес жұмыстары барынша тыңғылықты атқарылу керек. Ол үшін зиянкестердің қанаты қатпай жатып, көзін жоймаса, бой бермей кетуі әбден мүмкін. Сондықтан арнайы құрылған штаб жұмысын жандандырып, аудан, қала әкімдері тиісті мамандарды бөліп, аумақтық инспекциямен қоян-қолтық жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана егістік алқаптарымызды зиянкестерден сақтап қала алатын боламыз», – деді аймақ басшысы. Бүгінде аудан, қалаларда 11 штаб құрылып, 43 су тасығыш техника мен пестицидтерді ерітуге қажетті 91 су көздері және 12 пестицидтерді уақытша сақтау қоймалары анықталып қойған. Бұдан бөлек, 15 аэродром орны белгіленіп, 37 мың 500 дана белгі – қазықтар дайындалған. Соңғы жылдары облыста көктемгі дала жұмыстары қызған шақта егіс алқаптары шегірткенің шабуылына ұшырайтынын жамбылдық шаруалар да ұмыта қойған жоқ. Жыл сайын қайталанып отыратын бұл шабуылмен күреске ерте қамданғанның қапы қалмасы анық. Бірер апта бұрын облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында зиянкестермен күресудің жоспары пысықталды. Басқосуда аталған мәселенің алдын алу үшін қажетті техникалардың санының аздығы, оның үстіне, зиянкестерге қарсы күресті шегірткелердің жетілуі мерзіміне сай кезең-кезеңімен жүргізетін жауаптылар жұмыстың нәтижелілігіне көңіл бөлмейтіндігі баса айтылды. Фитосанитарлық ахуал бойынша жасалған болжамға сәйкес, ағымдағы жылы шегірткелер өңірдегі 4 ауданға қауіп төндіріп, 350 мың гектар аумақты жайлауы мүмкін. Осыған орай, аймақ басшысы аталған жиында зиянкестерді жоюдың барлық шараларын жан-жақты ойластыру қажеттігін ескертіп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Жалпы, соңғы жылдары облыс аумағында марокколық және азиаттық шегірткенің саны күрт өскен. Бұған себеп – егістік егілмеген жерлердің тозуы, жайылымдардың мал тұяғымен тапталуы болып отыр. Бастысы – шегірткелерге қарсы күрес жұмыстарының дер кезінде және сапалы жүргізілмеуі. Мұны фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы облыстық филиалының мәліметтері растайды. Дерекке сүйенсек, өткен жылғы тексеру жұмыстарына 85 адам, 44 техника жұмылдырылған екен. Алайда тексеру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегенін аңғаруға болады. Ауа райының қолайсыздығы, дәрінің дұрыстап шашылмауы шегірткелердің бір орыннан екінші орынға тез ауысуына мүмкіндік берген. Осылайша, екі жастан үш жасқа өткен марокколық шегіртке жан-жаққа таралған. Олардың алғаш анықталған кішігірім шоғырларының көлемі ұлғайып, келесі дернәсілдік жасқа өткен сайын шегірткелер үлкейіп, қорек іздеу мақсатында аз уақыт ішінде біршама қашықтыққа жетіп отырған. Міне, осы факторлардың барлығы зиянкестердің мейлінше көбеюіне жол беріп, шаруалардың ала жаздайғы тірлігіне орасан кедергі келтірген. Оның үстіне, препараттардың тиімділігі төмендеп және техникалардың сапасыздығымен бірге жетіспеуі де қанатты зиянкестерге қолайлы жағдай туғызса керек. Облыстың аумақтық инспекциясы астық және өсімдікті қорғау бөлімінің басшысы Елеусіз Атамбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда облыс бойынша 298 мың 210 гектар жерде марокко шегірткесі бар деп болжануда. Осы зиянкестермен күресу үшін тендер өткізіліп, техникалар да сақадай сай тұр. – Шегірткелердің былтырғы жылы көбейіп кетуінің себебі – тендер уақытында өткізілмеді. Сондықтан техникаға қол жеткізе алмадық. Тағы бір себебі – жыртылған, алайда егін егілмеген жерлерде шегірткелердің ошақтары көп болуы. Мұндай игерілмей жатқан жерлер барлық аудандарда көптеп кездеседі. Қазіргі күні бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстары қолға алынған. Биыл марокко шегірткесіне қарсы күреске жерүсті 39 техника, 9 ұшақ, 2 улы газ, 5 бу шашатын техникалар дайын. Алдын алу шараларына келсек, облыс көлемінде штаб құрылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев төрағалық етеді. Әр ауданда топ құрылды Қазіргі таңда марокко шегірткесі көп тараған Жамбыл, Байзақ, Талас, Сарысу және Жуалы ауданындағы жерлер картаға түсірілген, – дейді Елеусіз Атамбаев. Ал болжамдар әдістемелік орталығының ақпаратына назар аударсақ, ағымдағы жылы анықтау жұмыстарына 51 адам, 12 автокөлік қатысады екен. Өткен жылғы қателіктен сабақ болды ма, әлде талап күшейді ме, қажетті техниканың барлығы дер уақытында жөндеуден өткізілді. Бұдан бөлек, шегіртке шабуылына қарсы аталған орталықтан 65 адам, 50 автокөлік тартылыпты. Сонымен қатар, аудандарда жұмыспен қамту орталықтарынан қосымша 30 адам маусымдық жұмысқа алынбақ. Қысқасы, биыл өңірдің шегіртке шабуылына қарсы тұрар қауқары бар секілді.

Шиеліде шырылдайтын шегірткелер

Қызылорда облысында да шегірткеге қарсы күрес жұмыстарына дайындық қызу. Биыл аймақ бойынша 144 392 гектар алқап зиянкестерге қарсы өңделмек. Өңірде шегірткенің италиялық прус және азиялық түрлері таралған. «Ерекше қауіпті азиялық шегірткеге қарсы жазғы-күзгі мониторинг қорытындысы бойынша биыл 78 849 гектар жерге химиялық өңдеу жүргізіледі. Өңдеу жұмыстарын 27 мамырдан 25 маусымға дейінгі аралықта жүргізу жоспарланып отыр. Шегірткенің бұл түрі облыстың барлық аумағында кездеседі. Әсіресе, Арал мен Шиеліде көбірек көрініс беріп отыр. Атап айтқанда, Аралда 17,8, Шиеліде 16,9 гектар алқап азиялық шегіртке түріне қарсы өңделсе, Қазалыда – 10,8, Жалағашта – 9,5, Жаңақорғанда – 7,1, Сырдарияда – 6,6, Қармақшыда – 6, Қызылордада – 4 мың гектар аумақта залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмек», ‒ дейді ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Еркебұлан Бекжанов. Оңтүстік өңірлердің зиянкестермен күреске ерте қамданғаны құптарлық. Әйтпесе, өткен жылы шегіртке шабуылынан орасан зор шығынға ұшыраған Атырау облысының кебін киюі ғажап емес. Былтыр Атырау облысының Индер, Махамбет және Қызылқоға аудандарында егістік алқаптарындағы зиянкестерге қарсы күрес нәтижесіз аяқталғандықтан, егіншілер егу жұмыстарын қайта жүргізуге мәжбүр болған еді. Суару жұмыстарынан соң енді бой көрсете бастаған дақылдарды түгелдей бүлдіріп кеткен шегірткелердің шабуылынан кейін аталмыш аудандарда он мыңдаған гектар жер жарамсыз болып қалған. Таңнан қара кешке дейін егістік басында дамыл көрмейтін диқандардың есіл еңбегі еш кеткені өкінішті.