Маңғыстауда екпеден бас тартушылар көбейді

Маңғыстауда жұқпалы аурудың алдын-алу мақсатында кеселдің 21 түріне вакцина салу тегін жүргізіледі. Алайда, ҚазАқпараттың хабарлауынша, жыл басынан бері өңірде 1 067 адам екпеден бас тартқан. 

Жоспарлы иммунизациялауды жүргізудің арқасында соңғы 10 жылда Маңғыстау облысында жұқпалы аурулар – оба, іш сүзегі, дифтерия, сіріспе, полиомиелит сияқты індеттер тіркелмеген. Ақтау қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Жұмажанованың айтуынша, соңғы уақытта вакцинаға қатысты кертартпа пікірлердің салдарынан ата-аналар екпе салудан бас тартып жатыр.

«Бұл қауесетті растамаймын. Өңірде вакцинаның кері әсері тіркелген жоқ. Сондықтан барлық Маңғыстау тұрғындарын, барлық жастағы адамдарды ұлттық күнтізбе бойынша екпелерді уақтылы алып отыруға шақырамын», – дейді Әлия Жұмажанова. Айта кетейік, қазір облыста иммундау апталығы өтіп жатыр.

Еске сала кетсек, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы Инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиялық бақылау департаменті директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейінгі статистикалық мәліметте вакцинацияға сенбейтіндер саны 12 700 адамға жеткен.

 

Back to top button