Жаңалықтар

Диплом бар, жұмыс жоқ

ашық дереккөзі

Диплом бар, жұмыс жоқ

Әлемде 75 млн. жас жұмыссыз жүр. Ал олар қандай жолды таңдайды?

Елімізде жұмыссыздықпен күресқызу жүргізілгенімен, бұл мәселе әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Қазіргі уақытта жұмыссыздық дерті тек қазақ қоғамын ғана емес, әлем елдерін алаңдатып отыр. Ал Қазақстанда жұмыссыздықтың салқыны ең әуелі жастарды шарпуда. Соңғы жылдары елімізде екі қолға бір күрек таппай жүрген жас мамандар қатары көбейіп кетті. Бұған не себеп? Жастардың жұмыссыз қалуына кім кінәлі? Әлде жастардың жұмыссыздығына олардың жалқаулығы әсер етеме?

Жастар неге жұмыссыз?

Ресми деректер бойынша еліміздегі жұмыссыз жастардың деңгейі 5,6 пайызды көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіш 2012 жылы 4,6 пайызды құраса, 2013 жылы 5,9 пайызға бір-ақ көтерілген. Ал 2014 жылдың статистикалық деректері мынадай сандарды ұсынады: еліміздегі жастардың жалпы саны – 4,3 млн., оның ішінде қала жастары 2,4 млн., ауыл жастары – 1,9 млн. Жастардың 2,2 млн-ы жұмыс істесе, 1,9 млн-ы оқиды. Ал 117 мыңнан астам жас жұмыссыздардың қатарында болған. Бұл мәселе әлемнің көптеген елдерін мазалап отырғаны да шындық. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сүйенсек, қазір дүниежүзінде 15 пен 24 жас аралығындағы азаматтардың 13 пайызы, яғни, 75 млн. жас жұмыссыз. Олардың 6 млн-ы жұмыс табудан біржолата күдер үзген. Халықаралық еңбек ұйымы солай дейді. «Араб көктемінің» аласапыранынан кейін Солтүстік Африкадағы жастардың 27,9 пайызы жұмыссыз қалған. Ұйымның дерегі бойынша, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Шығыс Азияда да жастар арасындағы жұмыссыздық ересек адамдармен салыстырғанда 2,8 есеге жоғары.

Жастар арасындағы жұмыссыздықтың артуына себеп те аз емес. Солардың қатарында ең әуелі жоғары оқу орындарының нарық талабына сай маман даярлай алмауы, мамандарды әзірлеу үшін онда қажетті инфрақұрылымдардың болмауы, жұмыс берушілердің жас мамандарды жылы қабылдамайтындығы аталатыны анық. Бұл бүгінгі қоғамда айқын көрініс тауып отыр. Оны ешкім жасыра алмайды. «Диплом бар, жұмыс жоқ». Қазір жұмыссыз жүрген жастардан тек осындай жауап алуға болады. Жоғары оқу орнын аяқтап, қолына дипломын алған көптеген жас маманның жұмыссыздық мәселесімен бетпе-бет келетіні жасырын емес. Жоғары оқу орнын бітірген түлектерді ешқандай жұмыс беруші құшақ жая қарсы алмайтындығы да ақиқат. Ал кейбір мамандар жоғары білімді жастардың жұмыссыздығын олардың мамандықты дұрыс таңдамауымен байланыстырады. Яғни, сұранысқа ие мамандықтардан гөрі бүгінгі күннің «сәнге айналған» мамандықтарын таңдауға тырысады. Бұл бүгінгі жастар арасындағы жұмыссыздыққа кері ықпалын тигізетін бірден-бір себеп. Ауыл шаруашылығы, техникалық салаларда, медицинада мамандар тапшылығының сезіліп жүргеніне біраз уақыт болған. Алайда бұл олқылықтың орнын толтыратын жас мамандар әлі күнге дейін табылмай тұр. Түлектердің басым бөлігі мұндай салаларды таңдаудан бас тартып жүргенін өкінішпен айтуға тиіспіз.

Ең сорақысы, жұмыс істеуге ниет білдірген, университетті енді ғана аяқтаған жас мамандардан жұмыс берушілер бірнеше жылдық тәжірибе талап етеді. Дипломын бүгін ғана қолына алған маманда қандай еңбек тәжірибесі болуы мүмкін?! Демек, жастарға тәжірибе жинақтау үшін студент кезінен бастап мамандық бойынша қызметке араласуы қажет. Бірақ тәжірибелі маман іздейтін жұмыс берушілердің студенттерді қызметке қабылдауы екіталай. Мамандық бойынша тәжірибе жинақтай алмай жүргендердің бірі – Еркебұлан есімді жігіт. Еркебұлан 2009 жылы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ көпсалалы колледжін «Банк ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Колледжді бітіргеннен кейін, Тараз Инновациялық-Гуманитарлық университетінде жоғары білім алу үшін «Қаржы» мамандығы бойынша аяқтап, қолына дипломын алады. Одан кейін бір жыл әскерде борышын өтеп келеді. Осылайша, бірнеше жылын өткерген Еркебұлан мамандығы бойынша қызметке орналасу үшін түйіндемесін әзірлеп, бірнеше орынға барған. Бірақ барлық жұмыс берушілер еңбек өтілін талап еткен екен. «Мен бірнеше банкке, жеке компанияларға, мемлекеттік мекемелерге бас сұғып, түйіндемемді өткіздім. Барлығы да менің тәжірибем жоқтығын айтып шығарып салды. Өзім 3 жыл колледжде, 3 жыл университетте ақылы бөлімде оқыдым. Ата-анам барын салып, оқытқандықтан, әскерден келген соң өзім жұмыс тауып, әке-шешемді мазаламауды ойлағанмын. Алайда бұл әрекетім нәтижесіз болды. Сосын тәуекел етіп, қандай жұмыс болса да істеуге бел буып, Астана қаласына бардым. Астанада екі жылдай құрылыс материалдарын шығаратын компанияның филиалында қызмет істедім. Осылайша тағы да біраз уақытым өтіп кетті. Енді өз мамандығым бойынша жұмыс табу тіпті мүмкін емес. Өйткені қолыма диплом алғалы біраз жыл өтіп кетті. Сол аралықта ешқандай тәжірибе жинақтамадым», – дейді Еркебұлан. Расымен де, жас мамандар тәжірибені қайдан және қалай жинақтайды? Егер барлық жұмыс орындары тәжірибе талап ететін болса, оқуды жаңа бітірген жас мамандар қандай қарекет жасауы тиіс? Олар тәжірибе жинақтау үшін де бір жерден жұмысты бастауы керек емес пе? Жұмыс берушілер осыны неге ескермейді? Осыдан кейін жастардың жігері жасымайтынына кім кепіл?

Сонымен қатар, жұмысқа орналасуға ниетті жас маманның міндетті түрде сынақтан өтуі керек. Дәл осы сынақтан өту мерзімі кезінде де заңға қайшы әрекеттердің орын алатынын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де сынға алған болатын. «Еңбек кодексінде жаңа қабылданған қызметкерлер үшін сынақ мерзімі туралы норма бар. Алайда кейбір кезде ол ешбір қисынға сыймайтын жағдайға дейін жеткізіледі. Жоғары оқу орындарын бітірген жастар заңда белгіленген мерзім ішінде «сынақтан өтушілер» есебінде ешбір еңбекақысыз жұмыс істеп қана қоймай, сонымен бірге, оларды шамадан тыс жұмысқа салу жағдайлары да жиі кездесіп қалады. Оның үстіне сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін 3-4 сынаққа алынушының біреуі ғана штатқа кіргізіліп, қалғандары шетке қағылады. Әсіресе, мұндай берекесіз тірлікке мемлекеттік емес мекемелер мен жеке құрылымдар, соның ішінде ірі банктердің филиалдары көбірек барады. Бұл дегеніміз – біздің жастарымызды қанаудың бір түрі емес пе!», – деп атап көрсеткен Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында.

Онсыз да мамандық бойынша жұмысқа орналаса алмай жүрген жастар үшін биылғы жаңа заң жобасы жығылғанға жұдырық болды. Үстіміздегі жылдың маусым айында «Білім туралы» ҚР Заңының 47-бабына мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алған азаматтар оқу орнын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл мамандығы бойынша жұмыс істеуге міндетті екендігі туралы жаңа норма енгізілді. Қазіргі таңда оқу бітірген жастардың басым бөлігі өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, өзге жұмыс істеп жүр. Ал мемлекет оларды оқыту үшін қомақты қаражат бөлуде. Сондықтан, мемлекеттің жас түлектерден мамандық бойынша қызмет етуін талап етуі дұрыс-ақ. Бірақ жастардың мамандық бойынша қызметке орналасу кезінде кездесетін жоғарыда аталған кедергілерді шешуге мемлекет назар аударды ма екен? Жас мамандарға мұндай талап қойылатын болса, олардың жұмысқа орналасуы үшін жағдай жасалуы қажет емес пе?

Сондай-ақ, университетті бітірген жас түлектен оқу орындары жұмысқа тұрғаны жөніндегі анықтама талап етеді. Яғни, оқу орнын бітірген жас маман өзінің жұмыссыз қалмағандығын дәлелдеуі тиіс. Ал жұмысқа орналаса алмағандардың жалған анықтама алу үшін түрлі мекемелерді жағалап жүргені. Осындай жолмен бүгінгі таңда жоғары оқу орындары түлектерді қағаз жүзінде жұмыспен қамтуда. Бұл – университет үшін үлкен көрсеткіш. Жоғары оқу орындары мемлекеттің қаржыландыруынан айырылып қалмас үшін, осы көрсеткішті «жоғары жаққа» ұсынады. Яғни, бұл анықтамалар университет ұшырған түлектердің барлығы қызметке орналасқанын айғақтайды.

Бағдарлама мәселені шеше ме?

Мемлекет жастарды жұмыспен қамтып, қоғамды мазалаған мәселенің шешімін табудың оңтайлы жолын сан мәрте қарастырып көрді. Бірақ оның нәтижесі көңіл қуантпай тұр. Жастарды жұмыспен қамтудың бір жолы – «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы. Жасыратыны жоқ, мемлекет іске қосқан мемлекеттік бағдарламаның аясында еліміздің барлық облыстары мен аудан орталықтарында жұмыспен қамту орталықтары ашылып, жастарға бос жұмыс орындарын ұсына бастады. Алайда аталмыш бағдарлама арқылы екі қолға бір күрек тапқан жас мамандардың жалақысы – 30-40 мың теңгенің көлемінде бекітілген. Ал Қазақстандағы орташа жалақы мөлшері 118 638 теңгені құрайтынын ескерсек, 30-40 мың жалақыға жұмыс істеуге құлықты жастар табыла қояр ма екен? «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы ұсынған қызметтен бас тартқан жас маманды да кінәлай алмайсыз. Бүгінгі нарық заманында мұндай мөлшердегі жалақының ешнәрсеге жетпейтіні анық. Сондықтан, жастардың көпшілігі бағдарлама бойынша қызмет етуден бас тартып, өздігінше жұмыс іздеуге тырысады.

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының басты мақсаттарының бірі – «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы оларды қайта даярлау, білімі мен біліктілігін арттыру, әлеуметтік жұмыс орындарын ашу. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына 29 жасқа дейінгі жоғары оқу орнын бітіріп, соңғы үш жылда өз мамандығы бойынша жұмыс істемеген барлық жас мамандардың қатысуға мүмкіндігі бар. Ең бастысы, олар ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. «Жастар тәжірибесіне» қатысатын жас мамандардың еңбекақысы республикалық бюджеттен төленеді. Аталмыш бағдарлама бойынша 6 ай қызмет ететін жас мамандарға ай сайын 40 мың теңге көлемінде жалақы беріледі. Бұл бағдарлама жас мамандардың жұмыс тәжірибесіне қатысты мәселесін шешуге үлкен көмегін тигізетіні анық. Алайда тағы да жалақының аздығынан жас мамандар бағдарлама бойынша жұмыс істеуден қашқақтайды. Жастардың осындай әрекеттеріне қарап олардың жұмыссыздығы қолдан жасалып отырғандай көрінеді. «Жалақысы аз, жұмысы қиын, жұмыс уақыты тым ұзақ» сынды бітпейтін сылтауларды айтып, жұмыс істеуден қашқақтайтындар да табылады. Сөйтіп, «жастардың жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмейді» деп ұрандайды.

Жас мамандарды жұмыспен қамтуға септігін тигізетін бағдарламаның бірі – «Серпін – 2050». Аталмыш бағдарлама бойынша өткен жылы Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастары Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Батыс және Шығыс, Солтүстік Қазақстан облыстарына оқуға түсті. Қазір олар өздерінің мамандықтары бойынша жоғары білім алуда. «Қазіргі таңда демографиялық жағдайға қарасақ, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында бала туу деңгейі жоғары, көшіп келушілер де көп. Мұның барлығы жұмыссыздық мәселесін тудырады. Ал кейбір аймақтарымызда керісінше, өнеркәсіп орындары көп болғанымен кадрлар жеткіліксіз. Осы мәселелерді тиімді шешу мақсатында жастарға арнап мемлекетіміздің қолдауымен «Серпін-2050» бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Өткен жылы жобамыз жақсы қарқынмен басталды. Барлық 2050 грант иегерлері оқу орындарына жеткізіліп, жатақханаларға жайғастырылды. Студенттердің жағдайы бақылауымызда. Бітірген түлектерімізді жұмыспен қамтимыз. Ал биылғы жылы грант және мамандық сандарын көбейтеміз деп жоспарлап отырмыз», – деген болатын Мәңгілік ел жастары – индустрияға» Мемлекеттік бағдарламасы Республикалық Үйлестіру Кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов.

 «Дипломмен – ауылға». Бұл – жастарды жұмыспен қамтуға септігін тигізеді деп күткен үмітті бағдарламаның бірі. Үкімет 2009 жылы дәл осы бағдарламаны ұсынғанда, жұртшылық қуанған. Тіпті, ауылдағы ағайын «жас мамандар бас бұрса, ауылдың жағдайы оңалатын болды» деп бөркін аспанға атқан. Жұмыссыз жүрген жас мамандар да бұл бағдарламаны өздерінің жанын сақтап қалушыдай көрген еді. Бірақ... Бағдарлама да, жастар да сенімді ақтамады. Жұмыссыз жастардың қатарын сейілтуге жас мамандарды «Дипломмен – ауылға» жөнелту идеясы да септігін тигізе алған жоқ. Әуелде жұмыссыз жастарға бастысы жұмыс табу болатын. Олардың қала немесе ауыл деп таңдауға мүмкіндіктері болған жоқ. Ең бастысы, екі қолға бір күрек табылды деп қуанды. Сонымен қатар, мемлекеттің көрсетіп отырған қолдауына ие болу үшін бағдарлама бойынша ауылға жол тартқан дипломы бар жастар да кездескен еді. Кейін мұндай жастардың қатары күрт артып, тіпті келісімшартты бұзған жас мамандар да табыла бастады. Қалай десек те, ауылға барған жастардың алған білімі бойынша жетістікке қол жеткізіп, кәсіп көзін ашқаны көп кезікпеді. Бүгінде қала жастарының көпшілігі жұмыссыз жүрсе де, бұл бағдарлама бойынша ауылды жерлерге баруға ниеттілер қатары сиреуде. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмысты ауылдан іздеу керектігін айтады. «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек, дағдарыс жағдайында бізді асырайтын – ауыл, ауылда жұмыс болу үшін, қаланы асырай алуы үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біріктіру қажет», – деген Мемлекет басшысы. «Дипломмен – ауылға» жобасы өткен жылдың соңына дейін 30 617 маманды жұмыспен қамтамасыз етті. Ауылға барған 30 мыңнан астам жас маманның 73 пайызы мұғалім, 20 пайызы дәрігер, 1 пайызы әлеуметтік қамсыздандыру, 3 пайызы мәдениет, 1 пайызы спорт, 2 пайызы ветеринария саласына барған.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы алғаш жүзеге асқанда, жастардың барлығы ауылға аттанып бара жатқандай көрінген. Алайда қалаға дипломсыз ағылған жастардың саны едәуір басым. Олардың қалаға үдере бас қоюына бір ғана себеп бар. Ол – жұмыссыздық. Бүгінгі таңда еліміздегі жұмыссыздардың 71 пайызын ауыл жастары құраса, сол жастардың 76 пайызында жоғары білім жоқ. Ал оларды жұмысқа орналастыру үшін әуелі белгілі бір мамандық бойынша оқыту керек.

Жалпы, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесінің уақыт өткен сайын өзектілігі артуда. Тіпті, ресми орындар да жұмыссыз жастар қатарының артқандығын жоққа шығара алмайды. Бірақ мәселені толыққанды шешу әзірге мүмкін болмай тұр. Қаншама мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылса да, нәтиже көңіл көншітер емес. Жай ғана бағдарламамен бұл мәселенің шешімі табылмайтыны түсінікті. Сондықтан, нақты іске көшу қажет. Біріншіден, кез келген жұмыс орындарында оқу бітірген жас мамандардың тәжірибесін шыңдауға мүмкіндік беріліп, кедергілермен күрес жүргізілуі тиіс. Екіншіден, еңбек өтілін жинақтау үшін жастарға өңірлердегі жұмыс орындарында қызмет етуге жол ашу қажет. Үшіншіден, оқу орындарын мемлекеттік білім гранты негізінде тәмамдаған мамандардың жұмысқа орналасуын оқу орындарына міндеттеу керек.

Әсел ӘНУАРБЕК