Еңбегі еленбейтін бейнеткештер

Еңбегі еленбейтін бейнеткештер

Еңбегі еленбейтін бейнеткештер
ашық дереккөзі
Өмірде қырық мыңға жуық түрлі сферадағы мамандық түрі кездеседі. Сол мамандықтардың бір-біріне ұқсамайтын өзіндік қыры мен сыры да бар. Қалың қоғамға тигізіп жатқан пайдасы зор, бірақ ерен еңбектері еленбей жататын кәсіп иелерінің бірі – қала тазалықшылары. Өкініш орай, жұмыстың осы бір түрін көп адамның бағаламайтыны көңіл қынжылтады. Таң сәріде елден ерте тұратын тазалықшылар шаһар мен оның тұрғындарының лас жерлерде жүрмеуі үшін тырбанып барын салады. Қала жанашырларының еңбегін неге елемейміз? Көше сыпырушы деген мамандық бар ма өзі? Кім не десе де, елімізде сан мыңдаған адам осылай нәпақасын тауып, отбасын асырап жүр. Алып қала Алматы – көпшіліктің шоғыры екені белгілі. Кейде осы көпшіліктің ортасында өзіміздің де бар екенімізді естен шығарып аламыз. Қоқысты кез келген жерге тастай салуымыз да соның салдарынан болар. Меніңше, қоғамдық ортада адам өзін қалай ұстау керектігін ес білгеннен білуі керек. Беталды түкірмеу, қоқысты көрінген жерге тастамау жазылмаған заң іспетті болуы тиіс. Әйтпесе, құзырлы орындар аз жұмыс істеп жатқан жоқ. Мәселенің барлығы сізбенен бізде. Бүгінде көше, аула, дала мен қала тазалығы – бас қатырарлық проблемаға айналып отыр. Құзырлы мекемелердің жазбаша дереккөздеріне сенсек, бұл мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар сан алуан. Көктем шыға салысымен апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылады. Бірақ бұған қарап кейде қарнын ашады. Себебі, қаланың орталық көшелерімен жүрсеңіз жылан жалағандай, ал шет аймақтар көбіне назардан тыс қалып жатады. Тіпті кей жерлерде жәшіктерде жиналған қоқыстар сыртқа төгіліп, оның рахатын ит пен мысық, шыбын-шіркейлер көріп, мал тартқыштап кетеді. Керісінше зардабын мықшыңдап қоқыс жинап, бала-шағасының нан-суына, тартқыштап жүрген қоқыс жинаушылар көретіні анық. Кейде осыны көзбен көре тұра баруға ерініп, бір метр жерден жәшікке қолындағы қоқысын лақтыратындар да бар. Осыған қарап-ақ елімізде мәдениеттің әлі де қалыптаспағандығын аңғаруға болады. Ал шетелдіктер болса бізге керексіз, әр жерде ұшып, шашылып жатқан бұл тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, кәдеге асыруда. Мәселен, Германияда қоқыстарды бөліп, сұрыптап жинау жүйесі қалыптасқан екен. Олар тіпті арнайы полигонда оны өңдеп, газ алады. Сонымен қатар биоқалдықтарды өңдеу арқылы топырақтарды байыту жұмыстарын жүйелі жүзеге асырып отырған көрінеді. Былтыр құзырлы орындар ортақ пайдалану орындарымен саябақтарды ластап, белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастағандарға айыппұл көлемін арттырды. Яғни, енді көшеде келе жатып, темекі тұқылын тастасаңыз сот алдына барып, 21 210 теңге көлемінде айыппұл арқалауыңыз мүмкін немесе 10 тәулікке қамалуыңыз да ғажап емес. Ал қайталап тәртіп бұзсаңыз, қолданылатын жаза да арта түспек. Облыс­тық соттың баспасөз қызметінің мәліме­тінше, жасөспірімдер мұндай қателікке бой алдырса, баласы үшін ата-анасы жауап беруге міндетті. Біздің елдегі салынатын айыппұлды шет аймақтармен салыстыруға да келмейді. Шетелдерде мұндай жағдайда салына­тын айыппұлдың көлемі едәуір салмақты. Мәселен, Сингапурда көшені ластау өрес­кел қылмыс болып саналады. Егер тамақ қалдықтарын лақтырсаңыз, тіпті абай­сызда түкіріп қалсаңыз 100-ден 1000 долларға дейінгі көлемде айыппұл төлей­сіз. Осыдан кейін көшеге түкіріп көр! Сіріңкенің шырпысы жатпайтын тазалық болады, әрине. Ал француздарда ол тіпті аспандап тұр. Олар аталмыш мәселені 1500 еуро айып салумен реттеп отыр. Біздің елде абайсызда түкіру былай тұрсын, қолдағы қоқысты арнайы қоқыс жәшігіне апарып тастаудың өзі қиын жұмыс. Таңмен таласа оянып, сары түсті күртешелерін киіп, сыпырғы құралдарын қолына алып жұмысына кірісетін тазалықшылардың көл-көсір еңбегі өзге жан баласына байқалмайды. Аула сыпырушылардың еңбегін елемей, мұрнын тыршита қарап кететіндер де аз емес. Елімізде осы көше, аула тазалаушылардың беделі өте төмен болса, керісінше шетелдерде олардың беделі айтарлықтай жоғары. Тарихқа үңілсек, аула сыпырушыларына қатысты қызықты фактілерді білуге болады. Мысалы, Лондонда өткен Олимпиада ойындарында аула сыпырушылардың көмегі зор болды. Олар туристермен дұрыс сөйлесуді, қаланың ерекшелігі жөнінде алдын ала дайындық курстарынан өткен көрінеді. Сөйтіп әлемнің түпкір-түпкірінен келген туристерге Лондонды аула сыпырушылар таныстырған. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, тіпті президенттер де аула сыпырушы болған. Мәселен, Ресей Федерациясының экс-президенті Д.Медведов те еңбек жолын аула сыпырудан бастаған. «Еңбек кiтапшамдағы алғашқы жазу – «аула сыпырушысы» деп жазылған. Соңғы жазуда – «Ресей Федерациясының президентi деп тұр», – деген болатын президент Ресейдi басқарып тұрған кезiнде журналистерге берген сұхбатында. АҚШ-тың экс-президенті Б.Клинтон да көше сыпырған. Сондықтан көше тазалықшыларының қоғамда да өзіндік орны бар. Оған дәлел ретінде Ресейдің 10 қаласындағы аула сыпырушыларға арналған ескерткішін айтуға болады. Және де Ресейде аула сыпырушылардың мәртебесі тіпті жоғары. 1917 жылғы төңкеріске дейін аула сыпырушылары полициямен тең дәрежелі жұмыс істеген, өз ауласында тек тазалыққа ғана емес, қоғамдық тәртіпке жауапты болған. Олар құқық қорғау органдарына әрбiр жаңа тұрғын туралы хабарлап, қылмыскерлердi ұстауда көмек көрсетiп отырған. Туған топырағымызды таза ұстап, абаттандырып, жасыл желекке малындырып отыру – тек аула сыпырушының ғана емес, баршамыздың басты борышымыз. Тазалық – біздің денсаулығымыз бен өміріміздің кепілі. Олай болса, айлық еңбекақысы 40 000 теңгеден аспайтын қарапайым жандардың еңбегі еш кетпесін десеңіз, қоршаған ортаны ластамаңыз.

Сұлушаш Мадиярова,

ҚазҰУ студенті