Шөкеев: Ірі қара малды 2 есе көбейту үшін сырттан сатып әкелеміз

Шөкеев: Ірі қара малды 2 есе көбейту үшін сырттан сатып әкелеміз

Шөкеев: Ірі қара малды 2 есе көбейту үшін сырттан сатып әкелеміз
ашық дереккөзі
Еліміздегі ірі қара мал басын 2 есе көбейту үшін шетелден мал сатып алынбақ. Бұл туралы бүгін Америка сауда палатасы ұйымдастырған форум аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.  «5 мың доллар тұратын асыл тұқымды емес стандартты тауарлық мал әкелетін боламыз. Мүмкін Ресейден басым бөлігін, шамамен 1000-1500 басты әкелетін шығармыз. Сырттан әкелмесек қысқа ғана уақыттың ішінде мал басын 2 есе көбейте алмаймыз. Жергілікті мал басының жылдық 4 пайыз өсімімен 100 жыл қажет болады. Өйткені, ішкі халықтың да тұтыну көлемі артып келеді», - деді ол. Оның атап өтуінше, сырттан мал басын әкелу әлемдік тәжірибе десек те болады. Өйткені, өзінің мал шаруашылығын дамытқан әлемнің барлық елдері сырттан ірі қара сатып алып отырған. «Америка да, Канада да сөйтті. Ресей 3-4 жылдың ішінде 500 мың бас мал әкелді. Сондықтан бұл дұрыс. Жалпы мал бюджет қаражатына сатып алынбайды. Жеке компаниялар түрлі қаражат көздерінің кредиттік ресурстары есебінен әкеледі. Олар: екінші деңгейлі банктер, халықаралық қаржы ұйымдары, мал әкелінетін елдердің экспорттық агенттіктері», - деді Өмірзақ Шөкеев. Еске сала кетейік, кеше Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев «2018-2027 жалдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасының тұжырымдамасын таныстырған болатын. Аталған құжатта ірі қара мал санын 7 миллионнан 15 миллион басқа дейін көбейту, сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін арттыру, экспорттан түсетін пайда көлемін 2,4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту, 1 жұмысшыға еңбек өнімділігін 1000 АҚШ долларынан 8000 АҚШ долларына дейін өсіру көзделген.