АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары отандық көлік нарығына қалай әсер етеді?
АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары отандық көлік нарығына қалай әсер етеді?
Ресейге қарсы АҚШ санкциялары әсерінен Қазақстандағы жаңа көліктер құны қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде автомобиль саласындағы кәсіпорындар одағының басшысы Олег Алферов айтты, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Оның сөзінше, санкция салдарының көлік нарығына әсері сала мамандарын толғандырып отыр. Теңге мен рубльдің долларға шаққандағы бағамы құлдырай түссе, импортталатын көліктердің қымбаттауына әкеледі. Ал, мемлекеттік қызметкерлер шет елдік қымбат көліктерді сатып алуды жалғастырып отыр.
"Мемлекеттік қызметкерлердің қызығушылығын тудыратын Toyota Camry және Hilux көліктері. Бағасы 10-13 миллион теңге аралығында. Қостанай облыстық ІІД 13,9 миллион теңгеге, Шымкенттегі мәслихат аппараты 12,9 миллион теңгеге шетелдік көлік алған. Жалпы, былтыр мемлекеттік қызметкерлер 4,7 миллиард теңгеге 461 дана қымбат көлік сатып алған", — дейді "Қазавтоөндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының" басқарма төрағасы Олег Алферов.
Десе де салада жақсы динамика байқалады. Осы жылдың алғашқы тоқсанында отандық көлік өндірісі екі есеге артқан. Қаңтар-наурыз айларында көлік өндірушілер құны 40 миллиард теңге тұратын 7 мың көлік шығарған. Оның ішінде арнайы техника, автобустар, жүк көліктері мен көлік тіркемелері бар. Темір тұлпарларды сату да қарқын алып, екі есеге артқан. Жеңіл көлік алушылар жаңа көлікке 26 миллиард теңгедей қаражат жұмсапты. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі жарым есеге көп. Қазір отандық көлік өндірісі импортталатын көлікпен бой түзеп, 50 де 50 қалпына жетті, — деді Алферов.
Оның пікірінше, мұндай нәтижеге жаңа модельдермен, жеңілдетілген несиелер арқасында қол жетіп отыр.