Армениядағы журналистерге жасалған шабуылды айыптады

Азаттық президенті Армениядағы журналистерге жасалған шабуылды айыптайды. Азат Еуропа/Азаттық радиосының үш журналисі өткен жексенбіде Армениядағы толқудан (премьер-министр Серж Саргсянның отставкасын талап еткен халық наразылығы) хабар тарату кезінде шабуылға ұшыраған. Дүйсенбі күні премьер отставкаға кетті.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Томас Кент журналистердің шабуылға ұшырауына қатысты мәлімдеме жасады:

«Полиция өкілдерінің шабуыл жасағандардың ішінде болуы немесе астыртын көмектесуі аса қауіп туғызады. Біз тез арада кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеміз».

22 сәуірде Азаттықтың армян қызметінің тілшісі (Радио Азатутюн) Наир Булгадарян орталық алаңда тікелей репортаж жүргізіп жатқан кезде, полиция өкілі шабуылдап, камерасына нұқсан келтірген. Соның салдарынан тікелей эфир тоқтап қалған.

Сол күні продюсер Анатолий Егизарян да полиция қысымына тап болған. Ол құлап қалған кезде, полиция өкілі оны ұруын жалғастыра берген. Азаттық тілшісі Арус Хакобянға да полиция формасындағы адам шабуыл жасаған. Бұл оқиға түгелімен видеоға түсірілген. Армения бас прокурорының кеңсесі бұл оқиғаларға қатысты тергеу жүргізуді тапсырған.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясы коммерциялық емес ұйым, АҚШ Конгрессі гранты арқылы қаржыландырылады. Азаттық радиосы демократиялық құндылықтарды дамытуға арналған институт. Ол 25 тілде 23 елге бейтарап, шынайы ақпарат таратады. 2017 жылы Азаттық жасаған видео материалдар Facebook және YouTube желісі арқылы бір жарым млрд рет көрілген.

Back to top button