«Ақ бұлаққа» әбден сенсе де талай тұрғын таза суға жете алмай жүр

«Ақ бұлаққа» әбден сенсе де талай тұрғын таза суға жете алмай жүр

«Ақ бұлаққа» әбден сенсе де талай тұрғын таза суға жете алмай жүр
ашық дереккөзі

Еліміздегі ауыз су мәселесінің күн тәртібінен түспей жүргеніне біраз жыл болды. Осы орайда ел Үкіметі шалғайда жатқан елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуді қолға алған. Бұл жаңалық ауылдағы ағайынға қуаныш сыйлағаны рас. Қарапайым халықтың көңілін күпті қылған жаңалықтың жалғасы «Ауыз су» бағдарламасы болған еді. Ал қазір елді мекендерді ауыз сумен қаматамасыз ету мақсатында «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы жұмысын әлі жалғастыруда. Алайда ел қазынасынан миллиондаған қаржы жұмсалған аталмыш бағдарламаның игілігінен шикілігі көп болып тұр.

«Ауыз судың» орнын басқан «Ақ бұлақ»

«Ақ бұлақ» бағдарламасы іске қо­сылғанға дейін еліміздегі елді ме­кендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мін­деті Қазақстан Үкіметі бекіткен «Ауыз су» салалық бағдарламасының үле­сінде болатын. «Ауыз су» бағ­дар­ла­масы өз жұмысын 2002 жылдың 23 қаңтарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бо­йын­ша бастады. Бағдарламаны жү­зеге асыру үшін республикалық бюд­жеттен 335 миллиард теңге бө­лінген. Оның 195 миллиарды алыс­тағы ауылдарды ауыз сумен қам­тамасыз ету мақсатында бөлінсе, 140 мил­лиарды қалалық жерлердегі ауыз су мәселесін шешуге арналған еді. Бұл бағдарлама аясында еліміздегі 12 935 шақырым су құбыры және ауыз сумен жабдықтау желілері қайта жаң­ғыр­тылып, 3 449 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілді. Соның нәти­же­сінде жалпы саны 3,5 миллионнан ас­там халық ауыз суға қол жеткізіп, жы­рақтағы жұртшылықтың жағдайы жақ­сара түскен. Суды алыс­тан тасып ішетін тұрғындар санын азайтқан бағдарламаның жұмысы 8 жылға жалғасып, 2010 жылы «Ауыз су» бағ­дарламасының игі істері тоқтап қалды. «Ауыз су» бағдарламасының ар­қасында біраз оң өзгерістерге қол жет­кенімен, ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі түп­­кілікті шешімін тапқан жоқ. Мә­се­лен, бағдарлама аяқталған кезде рес­­пуб­­ликадағы 7002 ауылдың 3849-ы,­­­­­­­­­­­­­­ яғни, ауыл халқының 40 пайызы ауыз суға зәру болған. Өйткені 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасын іске асырған уа­қытта бюджет қаражатын тиімсіз пай­далану, су құбырларын салу мен жаңар­тудың сапасыздығы, жөндеу-салу жұмыстары мерзімдерінің бұзылуы және ауыз судың сапасын қамтамасыз етпеудің көп жағдайлары орын алған. Бағдарламаға бөлінген қаражаттың «дөкейлердің өңешінен өтіп кетуі» үлкен шуға ұласты. Сөйтіп аяқталуына екі ай қалғанда «Ауыз су» бағдарламасы мәресіне жетпестен жұмысын тоқтатты. Ал ауыз суға қол жеткізуге аз қалды деп қуанып жүрген жұртшылықтың үміті сөнді де қалды.

Сондықтан ел Үкіметі аталмыш мә­селені қайта қолға алып, 2011 жылы «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасын жариялады. 2011-2020 жылдар аралығына арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы қала мен ауылдық елді мекендер тұрғындарын сапа­лы әрі таза ауыз сумен қамта­ма­сыз етуді көздейді. Аталмыш бағ­дар­­ламаны қаржыландыру 2011-2020 жылдар аралығында даму инсти­туттарының, су шаруашылығы ұйым­да­рының, отандық және шетелдік инвес­тициялардың және мемлекеттік бюджеттен 951 490 300 миллион теңге қаражат есебінен жүзеге асырылады. Оның ішінде республикалық бюджеттен 631 940 300 миллион теңге, ал жергілікті бюджеттер есе­бінен 319 550 миллион теңге көле­мінде қаражат қарастырылған. «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2020 жылға қарай қалаларда орталық­тандырылған сумен жабдық­тау деңгейін 100 пайызға жеткізу жос­парланып отыр. Ал ауылдарды, оның ішінде облыс орталықтарынан шалғай орналасқан елді мекендерді орталық­тан­дырылған сумен жабдықтау деңгейін 80 пайызға жеткізу көзделген. Халықты ауыз сумен қамтамасыз ететін «Ақ бұлақ» бағдарламасының әуелгі «Ауыз су» бағдарламасынан біршама артықшылықтары да бар екен. Бағдарламаны жүзеге асыру ауылдық елді мекендердегі нақты барланған жер асты су қорларының көлеміне, су құбырлары желісінің жағдайына, судың тазалығы мен сапасына негізделеді. 2011 жылдың мамыр айынан бастап іске қосылған «Ақ бұлақ» бағдарламасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – 2011-2015 жылдар аралығын қамтыса, екінші кезең – 2016-2020 жылдар аралығына белгіленген. Бірнеше айдан кейін аталмыш бағдарламаның алғашқы кезеңі аяқталады. Бес жыл бойы жұмыс істеген мемлекеттік бағдарлама өз міндетін толық орындай алды ма? Алғашқы кезеңнің нәтижесі қандай?

 Алғашқы кезеңнің ағаттықтары

«Ауыз су» бағдарламасының кемшіліктерін қатты сынға алған ҚР Премьер-министрінің бұрынғы орынбасары Өмірзақ Шөкеев: «Кейінгі жылдары ауызсу бағдарламасына қатысты біраз проблемалар байқалды. Соның салдарынан жүйесіздікке де жол берілді. Сондықтан да халықты ауыз сумен қамтамасыз етуді көздейтін жаңа бағдарлама әзірленді, онда ең бірінші кезекте бұрынғы жүйесіздік­тер­ді, кемшіліктерді жою мәселесі қарас­тырылған. Оның ішінде жобалау қызметі қалыпқа келтіріліп, барлық елді мекеннің табиғи су көздері зерттеледі. Сондықтан да жаңа бағдарламада бұрын жіберілген кемшіліктер толыққанды жойылады», – деп сендірген еді. Бір өкініштісі, «Ауыз су» бағдарламасы барысында орын алған заңсыз әрекеттер жаңа бағдарламаның алғашқы кезеңінде де бой көрсетті. Жалпы, бағдарламаның жоспары бойынша алғашқы кезеңде қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу дең­гейі 85 пайызға, ауылдық жер­де орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу деңгейі 54 пайызға жетуі тиіс.

10 жылдық бағдарламаға бөлінген 900 миллиардтан астам қаржының жоспар бойынша жыл сайын 90 миллион теңгесі жұмсалуы қажет. Сол қаражаттан «өз сыбағасын» құр жібермейтін кейбір шенеуніктер алғашқы бес жылдықта-ақ қаржы толы қоржынға суық қолдарын салып үлгерген. «Халықты ауыз сумен толық қамтамасыз етеміз» деп аттандаған кейбір билік өкілдері алғашқы бағдарламаны соңына жеткізбей жолда қалдырса, екіншісін де жетістіріп жатқаны шамалы сияқты. «Ақ бұлақ» жұмысының екінші жылында-ақ, яғни 2012 жылы Сенаттың кезекті отырысында Үкімет өкілдерінің өздері бағдарламаның өте сауатсыз жасалғандығын, ауылдық өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз етудің орнына қазынадан бөлінген қаржыны рәсуа етіп, тендерді жеңіп алған мердігерлердің былық-шылықтарын жайып салған. Ал осы жиында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев: «Біздің көршіміз Өзбекстан Республикасы ауылдық жерлердегі елді мекендерін қазірдің өзінде 98 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Жалпы, ауыз су проблемасын айтып келе жатқанымызға он жылдай уақыт болды. Бірақ ең өкініштісі, бүгінгі таңда біз сол мәселені толығымен тындыра алмағанымыз өз алдына, алға қойған мақсатқа да жете алмадық. Оған осы отырған біздің бәріміз де кінәліміз. Біздің кемшіліктеріміз мынада: сапасыз жасалған жоба, сапасыз жүргізілген құрылыс, су жүйелерін сапасыз пайдалану. Біз 2020 жылға дейін қай ауылда қандай нысан салынатындығын алдын ала білуіміз керек. Ал біз болсақ, тек алдағы үш жылға арналған жоспарды ғана білеміз», – деген болатын. Өз істерінің кемшілігін қадап айтқан билік өкілдері содан кейінгі уақытта да бағдарламаның кері кеткен тұстарын қалпына келтіре алған жоқ. «Ақ бұлақ» бағдарламасының жүзеге асырыла бастағанына 5 жылға жуық уақыт өтсе де, орын алған заң бұзушылықтар азая қоймады.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша орын алған кемшіліктер құқық қорғау қызметкерлерінің тексе­руімен анықталып, әлі күнге дейін беті ашылуда. Мұндай олқылықтар Жамбыл облысы прокурорларының да назарына ілікті. Өткен жылы облыстық прокуратура өңірде бағдарламаның негізгі мақсаттарының орындалмауы, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, қомақты қаржыға салынған сумен жабдықтау нысандарының тиісінше жұмыс істемеуі, есептегіш құрал­дарымен жабдықтау бойын­ша ешқандай шаралардың атқарыл­ма­ғ­андығын әшкереледі. Облыстық про­­куратураның деректеріне сәй­кес, жергілікті билік өкілдері облыс­тағы 208 елді мекенді ауыз сумен жабдықтағандарын хабарлаған. Алайда іс жүзінде 168 елді мекен ғана орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген екен. Т.Рысқұлов ауданындағы Юбилейное ауы­лын­дағы, Меркі ауданындағы Жамбыл, Тәтті ауылдарындағы үш нысанның құрылысы жобалық-сметалық құжаттары дұрыс әзірленбегендіктен аяқтал­май отыр. Ал Жуалы ауданын­дағы үш жобаның тиісті мерзімі өтіп кеткендіктен, жүзеге асырылмаған. Сондай-ақ, облыста жер асты су қорларын барлау, бағалау жұмыстары жүргізілместен 14 жобалық-сметалық құжат жасалыпты. Талас ауданы, Ақкөл ауылындағы құны 283 миллион 339 мың теңге тұратын нысан 2012 жылы қабылданып алынған. Бірақ құрылыс жұмыстары сапасыз жүргізілгендіктен, ауыл тұрғындары әлі күнге дейін таза судың игілігін көре алмай отыр. Дәл осындай жағдайлар Жамбыл облысының Байзақ, Шу аудандарында да тіркелген. Облыстық прокуратура 2014 жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша орын алған заң бұзушылықтарды жою туралы 14 ұсыныс енгізіп, 15 лауазымды тұлғаны жауапкершілікке тартқан.

«Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарла­ма­сының өңірлерде орындалуын «Ангел» ұйымы бақылайды. Бұл ұйымның өткен жылғы деректері бойынша, Алматы облысы бойынша 85 елді мекенді ауыз сумен қам­та­масыз етіп, су жүйесін қайта қалыпқа келтіру үшін 14 миллиард 500 миллион теңге бөлінген екен. Ал ұйымның есебі бойынша міндетті 85 нысанның 43-і ғана толық аяқталған.

Елді мекендер мен қалаларды ауыз сумен толық қамтамасыз етуді мақсат ететін «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасының іске қосылып, жұмыс істеп жатқанымен, елімізде әлі де қара суға қолы жетпей жүрген тұрғындардың қатары азаяр емес. Тіпті, бағдарламаның екінші кезеңінде де елдегі ауыз су мәселесінің толық шешілетініне күмән бар.

Жоғарыда аталған қоғамдық ұйым су тапшылығы мәселесінің еліміздің барлық өңірлерінде де толық шешілмей жатқанын айтады. Тағы да өткен жылдың деректеріне жүгініп көрелік. Мәселен, Ақтөбе облысындағы 411 елді мекеннің 109-ында ғана су құбыры орналастырылған екен. Ал «Ақ бұлақ» бағдарламасы алғаш жұмысын бастаған жылы 3 миллиард 500 миллион теңгеге 31 ауылдың су құбыры желілері салынып, қайта жаңғыртылды. Одан кейін де облыстағы сумен жабдықтау нысандарын жүзеге асыру үшін бюджеттен миллиардтаған қаражат бөлінген-ді. Нәтижесі қандай? Егер елді мекендердің басым көпшілігі ауыз суға зар болып отырса, қазынадан қомақты қаражат бөліп керегі не? Және ол қаржыны кім, қайда жұмсап жатыр? Бұл туралы неге ешкім есеп бермейді? Ел қазынасындағы қаржыны оңды-солды жұмсауға неге тосқауыл қойылмайды? Міне, бір сауалдың артынан бірнеше сұрақ туындайды. Алайда оған ешкім нақты жауап бере алмайды. Шенеуніктер мәселенің шешімі табылатынын айтады, ал қарапайым халық құрғақ уәдеге әлдеқашан сенуден қалған.

Қарағанды облысында әуелде «Ауыз су» бағдарламасы аясында 250 жоба қолға алыныпты. Оның 30-ы өз уақытында жүзеге асырылмады. 2002-2010 жылдар аралығында іске қосылмай қалған 15 жоба «Ақ бұлақ» бағдарламасына ауыстырылды. Бірақ жаңа бағдарламаның негізінде сол 15 жобаның тек үшеуі ғана толық аяқталған. Оның өзінде бұл жобаларды іске асыру кемшіліксіз болмады. Су құбырлары сапасыз тартылып, көп жерлерде қайта істен шыққан. Тіпті, Бұқар жырау ауданындағы Дубовка ауылының тұрғындары әлі күнге дейін ауыз су тапшылығын сезініп отыр. Айта кетейік, бұл елді мекенге су құбырын орнату үшін қазынадан қомақты қаржы жұмсалған. Бірақ оның игілігін көрген халық жоқ. Өйткені мемлекеттік санитарлық қызмет бұл құбырдан шыққан судың ішуге жарамсыз екендігін дәлелдеді. Сондай-ақ, Теміртау қаласындағы АБВ кварталы мен Соцгородок су құбырының жұмысы да тоқтап тұр. Мұның да себебі сол жауапты мамандардың іске немқұрайлы қарауында. Әлгі мамандар жобаны жасау кезінде су құбырын тұрғын үйлерге қосуды мүлдем ұмыт қалдырыпты. Осының кесірінен 3250 тұрғын талай теңге жұмсалған су құбырын пайдалана алмай отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы дерек көздеріне сенсек, «Ақ бұлақ» бағдарламасына қатысты жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу, техникалық-экономикалық негіздемелер жасау кезінде де олқы­лық­тар орын алған. Тіпті, халықты сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасын орындау бары­сын­да артық жазылған фактілер де жоқ емес. Құрылыс жұмыстарының сметалық нормалары және бағаларын бұзу нәтижесінде 297 897 теңге тұратын жұмыс құны артық жазылған. Жалпы, Үкімет қаулысына сәйкес «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша облыста 38 жобаны жүзеге асыру үшін 33 миллион 694 мың 297 теңге қарастырылған. Қыруар қаржы жұмсалды, бірақ жұртшылық үшін қара су әлі де арман болып отыр.

Еліміздің батысында да дәл осын­дай жағдай. Миллиондаған қаржы жұмсалса да, «Ақ бұлақ» бағдар­ла­масы әлі де толығымен іске аспады. Мәселен, биылғы жылдың басында Жымпиты мен Үленті ауылдарына «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша су тартылып, ауыл тұрғындары бөркін аспанға атып қуанған. Осыдан кейін көршілес екі бірдей елді мекен тұрғындары үлкен бір түйткіл шешімін тапты деп сеніп еді. Алайда жаз маусымы басталысымен тұрғын үйлерге тартылған су жетпей, халықты қайта әбігерге түсірді. Қазір ауыл тұрғындары суды алыстан тасып ішіп жүр.

Оңтүстікте де іс оңбады

«Ақ бұлақ» бағдарламасының жұмыстарына ең жиі сын айтатын  – оңтүстік ­қазақстандық тұрғындар. Бағдар­ламаға қыруар қаржы бө­лін­генімен Оңтүстік Қазақстан облы­сын­да ауыз суға мұқтаж болып отырған елді мекен тұрғындары көп. Мемлекеттік бағдарламаның бірінші кезеңінің алғашқы төрт жылында Оңтүстік Қазақстан облысындағы 217 елді мекенге су құбырлары тартылыпты. Бұл дегеніміз – 835 мың адам ауыз суға қол жеткізді деген сөз. Дегенмен бағдарлама барысындағы жұмыстардың жүргізіліп жатқанына 5 жыл болса да көптеген тұрғындар әлі де тіршілік көзіне жарымай отыр. Бұған бөлінген қаржыны қалтасына басатын мердігерлер кінәлі дейді тұрғындар. Облыс құрамындағы Ақпан, Мамыр секілді ауылдар әлі де ауыз суға зәру. Бұл елді мекендерде балалар да, ересектер де су тасып әлек. Ал прокуратура қазынадан бөлінген қаржыны талан-таражға салған фактілерді анықтау үстінде. Оңтүстікқазақстандық 15 ауылда жаңадан су құбырлары іске қосылған. Олардың барлығы мемлекеттің қаржысына жасалды. Оның себебі – жер асты су көзінің жоқтығы. Сондай-ақ, жаңа су жүйесін салуда геологиялық зерттеу жұмыстары дұрыс жүргізілмей, ұңғымалардан шыққан су санитарлық талапқа сай келмеді деген шешім қабылданған. Мұның барлығының зардабын тартатын – қарапайым халық. Ал құрылысқа жауапты мамандар мен мекеме басшылары мем­лекеттік бағдарламаның орын­да­луына жауапкершілікпен қарамаған. Мысалы, Сарыағаш ауданы Қазақстан елді мекеніне таза су кіргізу үшін жұмсалуы тиіс 10 миллион теңге ысырап болыпты. Сөйтіп, олқылықтың орнын толтыру мақсатында мемлекет қазынасынан тағы да 100 миллион теңге бөлініпті.

Өткен жылдың соңындағы дерек­тер­ге сенсек, облыста «Ақ бұлақ» бағдар­ла­масы аясында 12,5 миллиард теңгенің жобасы өз уақытында орындалмапты. 2014 жылдың жаз маусымында жасалған тексеру нәтижесінде аймақтағы 16 елді мекендегі 181 су жеткізу жүйелерінің істен шыққандығы анықталды. Кейін прокурорлардың араласуымен 7 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, Сарыағаш ауданындағы магистральдық су құбырының құрылысы үшін республикалық бюджеттен 168 миллион теңге бөлуге мүмкіндік алған.

«Ақ бұлақ» бағдарламасының 2011-2015 жылдары бірінші кезеңін жүзеге асыру шеңберінде 350 нысанда жұмыс жүргізу жоспарланған. Ал бұл жобаны жүзеге асыру үшін 55,5 миллиард теңге қажет. Қажетті қаражаттың табылатыны анық, бірақ жұмысты тыңғылықты атқаратын мамандардың табылуы қиындау тәрізді. Айта кетейік, «Ақ бұлақ» бағдарламасының орындалу барысына жүргізілген тексерулер шеңберінде былтырғы жылы 3 қылмыстық іс қозғалды. Мысалы, Алматы облысына қарасты Ақсу ауданының Арасан ауылындағы сумен қамту жүйесін жаңғырту жұмыстары кезінде құны 4 015 216 теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары толық орындалмаған. Бұл іс бойынша Қылмыстық кодекстің 307-бабы, 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, кінәлі тұлғалар заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылды. Панфилов ауданы, Қорғас ауылындағы сумен қамту жүйесі құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес құрылыс құны 192 440 000 теңгені құрап, тексеру кезінде 11 829 211 теңге көлемінде құрылыс жұмыстарының орындалмағаны және бұл қаражаттың мақсатсыз жұмсалғандығы белгілі болды. Сонымен қатар, Панфилов ауданы, Көктал ауылындағы сумен қамту нысанына қатысты 15 656 477 теңге, Сарқан ауданы, М.Төлебаев ауылында 10 442 000 теңгеге, Ақсу ауданы, Қопа ауылында 9 044 598 теңгеге құрылыс жұмыстарының орындалмағаны анықталған. Оған сай бірнеше тексеру құжаттары шешім қабылдау үшін Алматы облысының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жолданды. Бұл заң бұзушылықтар қазір про­ку­ратураның бақылауында.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы алғаш жұмысын бастағанда жұртшылық жағымды жаңалық естіп, қуанған еді. Ол кезде көпшілік «Ақ бұлақ» адал жұмыс істейді деп күткен еді. Бірақ бағдарламаның алғашқы кезеңі көптің сеніміне селкеу түсіргендей. Бес айдан кейін «Ақ бұлақ» бағдарламасының екінші кезеңі жұмысын бастайды. Бәлкім, осы кезеңде жауапты тұлғалар өз жауапкершілігін сезінер.

Әсел ӘНУАРБЕК