Еуроодақ Афинадан айрыла ма?

Еуроодақ Афинадан айрыла ма?

Еуроодақ Афинадан айрыла ма?
ашық дереккөзі

Грекиядағы референдум нәтижесі жағдайды одан әрі шиеленістіре түсті

Қазір әлем назарының Грекияға ауып отырғаны белгілі. Афина мен халықаралық несие берушілер арасындағы дауға әлі де нүкте қойылмады. 30 маусым – Грекияның Халықаралық валюта қорына 1,6 миллиард доллар қарызын қайтаратын соңғы күн болған. Бірақ Афина бұл күні қарызын өтей алған жоқ. Әуелдегі шарт бойынша, Афина үкіметі 30 маусымға дейін қарызын қайтара алмаса, мемлекет дефолт жариялауы қажет еді. Ал бұл шешімнен кейін Грекия еуроаймақтан шығуы тиіс болатын. Грекияның еуроаймақтан шығуы өзге елдерге де үлкен соққы болары анық. Осыны ескерген Еурокомиссия дефолтқа ұшырауға аз қалған Афинаға соңғы рет ұсыныс жасады.

Грекиядағы қаржы дағдарысын шешу жолдары 25 маусымда Брюссельде өткен еуроны қолданатын елдердің қаржы министрлері қатысқан кездесуде талқыланып, Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас халықаралық несие берушілермен бір келісімге келуге ұмтылған. Алайда бұл күні Алексис Ципрас елге несие бөлу туралы келісім жасай алмады. Осылайша, Еуропа комиссиясы, Еуропа Орталық банкі және Халықаралық валюта қоры Грекияға 30 маусымда мерзімі аяқталатын 7,2 миллиард еуро көлеміндегі соңғы траншты бөлуден түпкілікті бас тартты. Аталмыш кездесуден кейін Германия канцлері Ангела Меркель: «Біз қажетті прогресске қол жеткізе алмадық, тіпті, кейбір мәселелер бойынша біз кері кетіп барамыз. Келіссөзден ешнәрсе шығар емес», – деп мәлімдеме жасады. Бірақ бұл күні Грекия мәселесі еуротоптың 27 маусымдағы кезекті отырысында тағы да қаралатындығы айтылған. Брюссельде өткен еуротоптың отырысында еуроаймақ елдерінің қаржы министрлері көмек бағдарламасы уақытының созылмайтынын тағы да кесіп айтты. «Грекия халықаралық несие берушілердің ұсынысынан бас тартқандықтан, Афинамен қаржылық көмек туралы келісімге келу мүмкін емес. Еуроаймақтың 18 елі алғаш рет Грекияның келісімінсіз олардың шешімін сынға алды. Енді Грекиядағы экономикалық жағдай айтарлықтай қиындай түспек», – дейді еуротоптың төрағасы Йерун Дейссельбум. Бұл отырыста Еуропалық қаржы тұрақтылық қоры Грекияны төлемге толық қабілетсіз мемлекет деп жариялады.

Ал Грекияның қаржы министрі Янис Варуфакис өз кезегінде бұл жағдайдың еуротоптың имиджіне айтарлықтай нұқсан келтіретіндігін айтып қалды. Бұл – белгілі жайт. Мұны халықаралық несие берушілер де ескеріп отыр. Несие берушілердің Грекия үкіметіне бірнеше бөлімнен тұратын ұсыныс жасауы да сондықтан. Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкердің айтуынша, несие берушілердің бұл ұсынысы Грекиядағы жалақы мен әлеуметтік төлемдерді қысқартуға бағытталмаған. Олардың ұсынысы бойынша құн салығын стандартты деңгейден 23 пайызға дейін көтеру көзделген. Төмендетілген 13 пайыздық салық межесі негізгі азық-түлік түрлеріне, су, жарық және қонақ үйлерге қатысты болса, ең төменгі 6 пайыздық көрсеткіш дәрі-дәрмектерге, кітап, театрға қатысты қарастырылыпты. Ал телевизиялық жарнама мен қымбат бұйымдарға қосымша құн салығы мүлдем алынып тасталатын болады.

Келіссөздердің сәтсіз аяқталуына байланысты Грекияның барлық банктері 29 маусымнан бастап бір аптаға өз жұмыстарын тоқтатты. Сондай-ақ, бір тәуліктің ішінде банкоматтардың қызметі де уақытша доғарылған, іске қосылғаннан кейін де банкоматтан 60 еуродан артық ақша алуға болмайды. Ал шетелге қаржы аударымдарын жасау мүлдем мүмкін емес. Грекиядағы банктердің уақытша жұмысын тоқтатуының салдарынан Еуропа мен Азия елдеріндегі қор нарығындағы бағамдар құлдырай бастаған. Ұлыбритания, Франция, Германияда биржа индекстері орта есеппен 4 пайызға төмендеді. Қазір еуроның долларға шаққандағы бағамы шамамен 2 пайызға арзандаған. Тығырықтан шығар жол іздеген Грекия үкіметі 5 шілде күні референдум өткізуге бел байлаған болатын.

Референдумда «Грекия елге қаржылық көмек көрсететін халықаралық несие берушілердің талабымен келісе ме?» деген сауалға жауап беру қажет. Ал Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас референдум уақыты белгіленгеннен бастап халықты «жоқ» деп жауап беруге шақырды. Өйткені премьер-министр несие берушілердің Грекияға қойған шарттары тым ауыр деп санайды. «Салықты көбейтіп, жалақы мен зейнетақыны қысқарту қажет» деген несие берушілердің талабын Алексис Ципрас «ұлтты кемсіту» деп бағалайтынын айтқан. Референдумда қоғамның талқысына түскен мәселе соңғы аптада гректерді екі топқа бөлінуге мәжбүрледі. Себебі халықтың бір бөлігі Еуропа елдеріндегідей өмір сүруді таңдаса, екіншісі елде тәуелсіз экономикалық саясат жүргізілгенін қалайды. Референдумда таңдау халықтың еншісінде болды. Егер олар несие берушілердің ұсынысын қабылдаса, онсыз да жағдайы нашар болып тұрған гректердің жағдайы тіптен нашарлайды. Ал қарсы дауыс берсе, Еуроодақтан шығып қалады. Яғни, дамыған мемлекеттер қатарынан шығып, дамушы елдердің тізіміне енеді. Ал Алексис Ципрастың Еуропадан кетуге ешқандай ниеті жоқ. Премьер-министрдің айтуынша, Грекия тұрғындары референдумда «жоқ» деп дауыс берсе, Еуроодақтан несие алу жөніндегі келіссөздерді әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, Алексис Ципрас халықаралық несие берушілерге Грекияны еуроаймақтан шығарып тастау оңай болмайтындығын айтты. «Менің ойымша, олардың мақсаты – Грекияны еуроаймақтан шығару емес. Бұл Еуропадағы саясаттың бір түрі болуы мүмкін», – деген ойын білдірген Грекия премьер-министрі.

Алексис Ципрас «халықаралық несие берушілер үштігінің» ұсынысына қатысты таңдау жасау үшін халыққа кезекті рет құқық берді. 5 шілде күні өткен референдум нәтижесі бойынша гректер халықаралық несие берушілердің шартынан бас тартты. Яғни, референдумда халықтың 61,31 пайызы несие берушілердің ұсынысына қарсы дауыс берді, ал қалған 38,69 пайыз халық олардың шарттарына келісетіндіктерін білдірді. Өз кезегінде Алексис Ципрас халықтың таңдауын «батыл шешім» деп бағалады. Әрі грек халқының осы арқылы демократияның үлгісін көрсеткендігін алға тартты. Грекияның қаржы министрі Янис Варуфакис референдумның мұндай нәтижесі несие берушілермен жүргізілетін келіссөздердегі Грекияның позициясын айқындағанына сенімді. Алексис Ципрас несие берушілермен келіссөзді қайта бастауға құлшынып отыр. Референдумнан кейін Швецияның бұрынғы сыртқы істер министрі Карл Бильдт гректердің таңдауын трагедияға балады. Өйткені Грекия халқы таңдау жасау арқылы еуроаймақтан шығу қаупін жоғарылатты. Ал Еуроодақтың көшбасшылары референдум нәтижесімен келісуге құлықсыз. Грекиядағы референдум нәтижесін телефон арқылы талқылаған Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Франсуа Олланд кезектен тыс саммит өткізуге келісті.

Егер референдумда грек халқының басым бөлігі еуропалық несие берушілерге қолдау білдіргенде, дүйсенбіден бастап барлық банктер өз жұмыстарын қайта бастайтын еді. Грекия қайтадан келіссөздер жүргізіп, несие берушілердің шартына қол қояр еді, алайда нәтиже басқаша болды. Сондықтан банктердің жұмысы әзірге тоқтап тұр. Ал ел экономикасына айтарлықтай қауіп төнуде.

Әсел ӘНУАРБЕК