Ирак: ИМ-ге мүше болған екі ресейлік әйел өмір бойы сотталды

 Бағдад соты екі ресейлік әйелді «Ислам мемлекеті» (ИМ) террористік тобына мүше болды деген айыппен өмір бойы бас бостандығынан айырған. Шешенстанның ресми өкілінің мәліметінше, сотталғандар дағыстандық. Тыңдау кезінде екі әйелдің қолында балалары болған, деп жазады centralasian.org

Былтыр желтоқсан айында Ирак жерінің үштен бірін бақылап келген ИМ тобын толық жеңдік деп жариялаған. Ирактың антитеррорлық заңы ИМ-ге көмектескендердің бәрін жазалайды.

Мәліметке қарағанда, Ирак билігі мыңға жуық шетелдік әйелді ұстап отыр. Олардың дені Түркия және постсоветтік елдердің азаматтары. Бірқатар әйелдерді өлім жазасына кесіп жатыр.

Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Иракта өлім жазасына кесілгендердің арасында қырғыз азаматтары бар-жоғын анықтап жатыр.

17 сәуірде РИА «Новости» ирактың Al-Sumaria телеканалына сілтеме жасап, Бағдадта бірнеше шетелдіктің өлім жазасына кесілгенін, оның ішінде бір қырғыз әйелі болғанын хабарлаған.

Наурыз айының басында РИА «Новости» Иракта Қырғызстанның үш әйелі балаларымен түрмеде отыр деп хабарлаған. Олардың бәрі терроризммен айыпталып жатқанын, өлім жазасына кесілуі мүмкіндігі айтылған. Олардың аты-жөндері – Әсел Асылжанқызы, Зухра Кадирова және Фатима Маруфжанова. Олармен бірге балалары бар. Осыған байланысты Қырғызстан СІМ Қызыл Крест комитетіне арызданған. Бірақ әзірге хабар жоқ.

Back to top button