Головкиннің кезекті қарсыласының бабы қандай?

Головкиннің кезекті қарсыласының бабы қандай?

Головкиннің кезекті қарсыласының бабы қандай?
ашық дереккөзі
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) өзінің кезекті жекпе-жегін 5 мамырда Ванес Мартиросянмен (36-3-1, 21 КО) өткізеді. Ванес Мартиросян Арменияда туғанымен төрт жасында Америкаға ата-анасымен қоныс аударған. Бокстағы алғашқы қадамын да Америка жерінде бастаған. Бокс Ванестің қанында бар көрінеді. Оның әкесі де кезінде таңдаулы боксшылар қатарында болған екен. Әуесқой бокста жүріп бірнеше белесті бағындырған. АҚШ құрамасы қатарында белді турнирлерде бағы жанып, 2004 жылғы Афина Олимпиадасына жолы түскен. Осылайша Ванес Мартиросян АҚШ құрамасы атынан Олимпиада ойындарына барған алғашқы армениялық атанды. Афина Олимпиадасында Мартиросян алғашқы кездесуінде алжирлік боксшыны жеңгенімен екінші жекпе-жекте кубалық спортшыға есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Жиырма жасында Ванес Мартиросян кәсіпқой боксқа ауысуды жөн санайды. Армения елінің тумасының кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамы сәтті болды. Бастапқы кездесулерінің бәрінде жеңіске жетіп жүрді. Жалпы кәсіпқой бокста қырық кездесу өткізіп, оның отыз алтысында жеңіске жеткен. Үшеуінде ұтылып, бір жекпе-жек тең есеппен аяқталған.
Өзінің соңғы кездесуінде кубалық Элисланди Лараға есе жіберген. Ларадан өзге өзінің отандастары Деметриус Андраде мен Джермелл Чарлодан жеңілген. Ванес Мартиросян соңғы жекпе-жегін осыдан екі жыл бұрын өткізіпті. Қазір боксшының бабын дөп басып айту қиын. Қалай болған күннің өзінде 5 мамыр күні Ванес Мартиросян Головкинге айтарлықтай қарсылық көрсете алмай, кезекті "құрбанына" айналуы мүмкін.