Өзіне арнайы камера жасатып алған Ермегияевтің түрмедегі өмірі қандай?

Өзіне арнайы камера жасатып алған Ермегияевтің түрмедегі өмірі қандай?

Өзіне арнайы камера жасатып алған Ермегияевтің түрмедегі өмірі қандай?
ашық дереккөзі
Еліміздегі түрмелерді тексерген Бас прокуратура талай былықтың бетін ашты. Түзеу мекемелеріне  есірткі, ұялы телефон, алып кіру оңай болып шықты, деп хабарлайды «КТК». Бас прокуроратура жариялаған мәліметтер жаға ұстатады. Бәрі жемқорлыққа белшеден батқан. Соңғы 3 жылдың ішінде Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Ақтөбе  облыстарындағы еңбекпен түзеу мекемелерінің бес бірдей басшысы сотталған. Ең қызығы, «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы , бүгінде түрмеде жатқан Талғат Ермегияевтің өзіне арнайы бөлме жасатып алған. Бюджеттің 5 миллиард теңгесін жымқырған экс-шенеунік 2016 жылдың маусым айында 14 жылға бас бостандығынан айрылған еді. Соншалық вип-камера болмаса да Ермегияев түрменің өндірістік аумағын өзіне арнап жанға жайлы орын тапқан. Ол түнде өз камерасында жатқанымен, күндіз жұмыс істеудің орнына әлгі жасатып алған ерекше бөлмесінің ішінде демалады екен. Еліміздегі бүкіл түрменің ішінде мұндай бақыт Ермегияевқа қана бұйырыпты. Ал сотталған адамға осынша жағдай жасағаны үшін Қылмыстық атқару комитетінің төрағасы мен орынбасарынан бастап 16 адам жазаланды. «Күндізгі уақытта біраз дандайсып кеткен. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінде үлкен тексеріс болды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Кінәлі деген екі қызметкер жұмыстан қуылып, Қылмыстық атқару комитетінің басшылары жазаға тартылатын болды»,-дейді ҚР Бас прокуратурасының күшіне енген үкімдердің заңдылығы мен орындалуын бақылау қызметінің бастығы Қайрат Жақыпбеков. Ал сотталғандарды жұмыспен қамтуы тиіс «Еңбек» мамандандырылған мемлекеттік мекемесі ақша жымқыруға шебер болып шықты. Мәселен, мемлекеттік сатып алулар кезінде 3 млрд теңгені жымқырған. Одан бөлек, бір күндік жалған фирмаларды пайдаланып, олар арқылы 3 млрд теңгеден астам ақшаны тағы жеген. Сондай-ақ, біздегі түрмелердің қарауыл-күзеті де біраз күмәнге толы. Өйткені, сотталғандар қамауда жатып алып, ұялы телефон, интернетке кіру үшін уай-фай модемдер, тіпті, тұрмыстық жиһаздар мен кілемге дейін алдырған. Айталық, өткен жылғы тексерулер қорытындысы бойынша 503 ұялы телефон мен бір келіден астам есірткі заттары тәркіленген. Оның бәрін түрме қызметкерлерінің өздері тасып жүр. «Тараздағы мекеменің режимдік бөлім бастығы орынбасарының есірткі жеткізу әрекетін әшкереледі. Орал мен Ақмола облысының Аршалы ауданында колония қызметкерлері 9 ұялы телефон өткізбек болған. Атырауда 2018 жылдың 19-наурызында және 3-сәуірінде «Еңбек» Атырау республикалық кәсіпорын қызметкерлерінің екі рет мекеме аумағына тыйым салынған заттарды алып өтпекші болған әрекетінің жолы кесілді»,- деді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана Лоскутова. Әлгі айтылған жемқорлық фактілері бойынша бүгінде 30-дан астам қызметкер тергеліп жатыр.Бас прокуратура сол олқылықтарды түзеу үшін Ішкі істер министрлігіне бірқатар тапсырмалар берген. Яғни абақтыларды тағы ауқымды тексерістер күтіп тұр деген сөз.