«1000 орын – көше саудасы»

«1000 орын – көше саудасы»

«1000 орын – көше саудасы»
ашық дереккөзі
Астанада өткен кәсіпкерлердің дәстүрлі конференциясында шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін салықтың бір бөлігін өңірлерде қалдыру керектігіне басымдық берілді. Оған ел бойынша жүзеге асатын «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы септігін тигізбек.   «Астанада Алматыдағыдай қала бюджетін шағын және орта бизнес қалыптастырып отыр. Егер салық түсімдерінің бір бөлігі өңірлерде қалса, әкімдіктердің бизнесті дамытуға деген қызығушылығы артады. Ал бұл жайт салық салу базасын қалыптастырады. Өз кезегінде өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге, облыстарды дамытуға кеңінен жол ашпақ», – деді Тимур Құлыбаев өз сөзінде. «Атамекен» КҰП төралқа төрағасының пікірінше, бас қала бизнес бастамалардың бастауында тұр. Елордада жүзеге асырылған жобалар тұтас елді қамтуда. «Мәселен, «1000 сауда орны» жобасы шағын бизнесті дамытуда тиімділігін көрсетті. Бүгінде шағын бизнес өкілдері 650 сауда орнында жеке бизнесін жүргізуде. Сауда орындары 7 жылға жалға беріледі. Демек инвестиция құюға мүмкіндік бар. Ең бастысы, сауда орындары қаланың сәулетіне сай жасалған. Бұл бағдарламаны тұтас ел бойынша жүзеге асыруды ұсынамыз», – деді ол. Кезекті «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасын жүзеге асыру блокчейн жүйесі бойынша мамыр айында өтеді. Бұл өз кезегінде адами факторды барынша қысқартып, орындарды ашық түрде бөлуге септігін тигізеді. Астана қаласы бойынша «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы бойынша 640 орын кәсіпкерге берілді. Осы жылы қосымша тағы 150 ірі сауда алаңы дайындалмақ. Мамыр айында бәссауда өтеді. «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы Астанада 2016 жылы жүзеге асырылды. Мамандар бұл бірден екі мәселені: шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, сонымен қатар көше саудасын жаңа заманға сай көріністе дамытуға сеп екенін айтады.