Жаңалықтар

Туристік әлеуетіміз таныстырылды

ашық дереккөзі

Туристік әлеуетіміз таныстырылды

Қытайда шетелдік туризм мен саяхаттауға арналған халықаралық көрме басталды. Биыл бұл көрмеге алғаш рет біздің еліміз де қатысуда. Қазақстан делегациясы көрме қонақтарына халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстырды. Соңғы жылдары қытайлық туристер Қазақстанға ерекше қызығушылық танытып жүр. Қытайлықтар қазақ даласындағы тарихи-мәдени орындарды айрықша бағалайтын көрінеді. Байқоңыр ғарыш айлағын көруге ниетті қытайлықтардың да саны көп. Одан бөлек елімізде сауда жасап, казиноға бару үшін келетіндер де жоқ емес. Ал еліміздің іргелі шаһарлары – Астана мен Алматы қалаларына қытайлық азаматтар көбіне іскерлік мақсатта келеді. Міне, елімізге саяхаттап келетін туристердің қызығушылығын арттыру мақсатында 12 туроператор, Алматы қаласының әкімдігі мен «Kazakh tourism» ұлттық компаниясының өкілдері біріккен делегация Бейжіңдегі халықаралық көрмеде еліміздің туристік әлеуетін жан-жақты көрсетуі тиіс. Көрменің алғашқы күнінде Қазақстан павильоны «шашу шашып», «Қара жорға» биін билеп ерекшеленді. Үш күнге жоспарланған халықаралық көрме барысында Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік туристік операторлары бірқатар келісімге қол қойды. «Қытай азаматтарына 72 сағаттық визасыз тәртіп алғаш рет «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезінде берілген. Сол кезде біздің елге туристер ағылған болатын. Қазір   Қытай азаматтары үшін осы тәртіп қайтадан енгізілді. Қорытынды жасауға әлі ертерек. Дегенмен біздің компаниялар мүмкіндікті пайдаланып, көршілес  елден келетін қонақтар үшін 72 сағаттық турлар әзірлеп қойды», – дейді «Kazakh tourism» ҰК басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов.