«Көсемсіген» журналист кімге керек?

«Көсемсіген» журналист кімге керек?

«Көсемсіген» журналист кімге керек?
ашық дереккөзі
Журналист – қоғамның үні, қоғамның ұяты. Бірақ кейбір елдерде белгілі журналистер биліктің жандайшабы болуды мәртебе санайды. Бұл – Ресейдің белгілі журналисі Ирина Петровскаяның көзқарасы, ұстанымы. Ойы ұшқыр, тілі өткір Ирина Петровская «Телегерой безгеройного времени» циклды мақалаларында азаматтық ұстанымнан ада журналистерді, әсіресе, Ресей ресми телеарналарының жүргізушілерін талай түйреп өткен. Владимир Соловьевтің де «сыбағасын» талай берген. Бірақ Ресей билігінің сөзін сөйлеуден танбайтын, кеудесін өктемдік пен өзімбілермендік буған Соловьевтің аузына әзірге қақпақ болмай тұр. Былтыр ол «Россия 1» арнасынан тікелей эфирге шығатын «Вечер с Владимиром Соловьевым» деген бағдарламада ресейлік әлеуметтік желілер мен телеарналарды Украина территориясында жауып тастаған Украина президенті Порошенконы жерден алып, жерге салған еді. Онымен қоймай, сөз арасында Қазақстанды да тілге тиек етіп, Солтүстік Қазақстанды «орыс әлемі» деп атап, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу бастамасына наразылық білдірген. Тіпті, орыс ұлтынан басқаның бәрін өзіне жау санайтын Соловьев елімізде жер мәселесі көтерілген тұста «Қазақстан әлі-ақ Украинаның кебін киеді» деп, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықсын. Сол Соловьев бәлені тағы да тілінен тапты. Телеэфирдің прайм-таймында Қазақстан жайлы көсемсіген ол: «Біздің Қазақстанмен қарым-қатынасымыз қай деңгейде? Бәлкім, келесі майдан Қазақстанға бағытталатын шығар?» деп жар астынан жау іздеп және өз пікірін жанындағылардың аузына салып, көсілсін кеп. Мұны аз көріп, Қазақстанның латын жазуына көшуін келемеждей сөйлеп, «Қазақта өзі жазу болған ба?» дегенді мысқылдап жеткізді. Шыдамның да шегі болмай ма? Бұл жолы БҰҰ-да Ресейдің позициясын қолдамағаны үшін Қазақстанға кек сақтап, ішіне қан қатқан Соловьев пен оның пікірін қолдаушыларға Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жауап берді. «Өкінішке қарай, біздің көршілес, бауырлас елде оқтын-оқтын осындай сипаттағы пікірлер айтылып қалады. Ең әуелі, біз РФ мемлекеттік органдарының ресми пікірлеріне құлақ асамыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президенті Путинмен жүргізген келіссөздерінің қорытындысы барлығына белгілі. Бізде үкімет, мемлекеттік органдар деңгейінде сенімге құрылған сындарлы диалог жолға қойылған, сыртқы істер министрліктері арасында тұрақты түрде консультациялар жүргізіледі, сондықтан біз ресми позицияны басшылықа аламыз. Белгілі бір сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің пікірі екі елдің стратегиялық одақтастығына, достық қарым-қатынасына сызат түсірмес үшін біз тиісті шаралар қабылдаймыз», – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев. Өткен жексенбіде Сирияға қарсы соққы жасаған АҚШ-тың әрекетін Франция және Ұлыбритания қолдаған еді. Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін шұғыл шақырып, АҚШ пен оның одақтастарын айыптаған қарарды ұсынғанда, АҚШ, Франция және Ұлыбритания бастаған 8 ел қарсы дауыс берді. Қазақстан қалыс қалған болатын. Сөйтіп, Ресейдің қарары қабылданған жоқ. «Қазақстан бізді қолдай қойған жоқ» деп шала бүлінген Соловьев осылайша кезекті рет мемлекетіміздің территориялық тұтастығына шүйлікті. Тілімізді келемеждеді. Айтпақшы, «Мы русские! С нами Бог!» деген кітап жазып, шеберлік сыныбын өткізіп, табысқа кенелген Соловьев Қазақ­станды бір емес, бірнеше рет тілдесе де, біздің елге емін-еркін келіп жүр. Оның былтыр Алматы мен Астана қаласында өткізген семинарының бағасы 54 мың теңгеден басталған. Тіпті, қалтасы қалың азаматтар 324 мың теңгеге билет сатып алған көрінеді. Солардың қатарынан еліміздің медиа саласын тізгіндеген кейбір азаматтарды көргенде ішіміз қылп ете қалған. Ол ол ма, Соловьев мырзамен түскен суретін әлеуметтік желіге жүктеген жандарды қоғам қатаң айыптады. Ал еліне жетіп, есіре сөйлеген Соловьев Қазақстан Республикасының азаматтарын ашықтан ашық «Делқұлы, психологиялық дертке шалдыққан, ақылынан ауысқан жындыға» теңеп, «Менің ашықтан-ашық неоимпериялық позициямды біле отырып, өзін тәуелсізбін деп жүрген бұл ел маған ешнәрсе істей алмады! Айтарымды айттым, ақшамды да қапшықтап таптым!», – деп көлгірсігенін дәл сол семинарға қатысқан азаматтар естігенде қандай күйде болды екен? Қала берді, Қазақстанның құзырлы органдары мұны бейжай қалдырмауы тиіс еді. Бірақ тағы да немкетті қарап, елемегендей болдық. Алайда шектен шыққан Соловьевтің ісімен бұдан былай тікелей ҚР Сыртқы істер министрлігі айналысып, қандай да бір шара қолданатын кез жеткен сияқты.  P.S. Соловьев тұрмақ, бүгінде Ресей елі əлемге қай жағынан да үлгі болудан қалды. Қазақ үшін қымбат дүние – ел тəуелсіздігі мен бейбіт өмір. Ендеше оған қауіп төндіретіндерді төрге оздыру – парықсыздық. Сондықтан В.Соловьев «персона нон грата» деп жарияланып, оның Қазақстанға келуіне тыйым салынуын қолдайтындар күн санап көбейіп келеді.