Отыз жылдан кейінгі қайта қауышу

Осы жылдың басында ғана «академиялық» дәрежесін алған Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры араға 30 жыл салып, Алматыға гастрольдік сапармен келіп отыр. Еліміздің ең ірі мәдени орталығы тұрғындарына өз өнерлерін көрсетуді мақсат тұтқан театр ұжымы бүгінде қазақтың ең мықты өнер ордаларының бірі. Құрылғанына 80 жыл толып отырған Атырау театры бүгінде қатарын дарынды актерлармен толықтырып, көрнекті драматургтердің пьесаларын қойып, мықты режиссерлердің сәтті ізденістерін паш етіп отыр.

Аз ғана уақытта Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры өз атына сай шығармашылық биіктерден көріне біліп, шетелдерде де өнер көрсетіп, назарға ілінген. Мәселен өткен жылы аталған өнер ұжымы Ресей астанасына барып, белгілі орыс жазушысы Борис Пастернакқа арналған Георгий Пряхиннің «Тергеу» атты спектаклін қойып (сахналаған Жанат Телтаев), мәскеуліктердің көңілінен шыққан. Сол сияқты  Түркияның Анкара, Малатия қаласында, Қахраманмараш провинциясының Афшин муниципалитетінде өнер көрсетіп, белгілі дипломат қаламгер – жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаевтың «Баянды бақ» пьесасымен Түркия халқына өнер құдіретін мойындатқан.

Осы аптаның сейсенбісінде Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында өнер көрсетуді бастаған Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры Иранғайыптың «Сүйінбай» атты пьесасымен (қоюшы режиссер Мұрат Ахманов) театр шымылдығын ашты. Қазақтың әйгілі ақыны Сүйінбай Аронұлы өмірін өзек еткен пьесада дарынды театр актерлары Сүйінбай (Нұрбек Сьездхан), Қатаған (Асхат Мұсағалиев), Тезек төре (Бақытжан Өтеғалиев) образдарын шебер сомдап, өз өнерлерімен көрермендердің көңілінен шықты.

Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры 18-21 сәуірде  Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында  Р.Киплингтің «Маугли» ертегісін, 18 сәуірде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» драмасын, 19 сәуірде Е.Домбаевтың «Келін» комедиясын, 20 сәуірде Ш.Айтматовтың «Бетпе бет», 21 сәуірде Р.Отарбаевтың «Бас» драмасын көрсетеді.

 

 

Back to top button