Жаңалықтар

Өткен күнсіз бүгін жоқ

ашық дереккөзі

Өткен күнсіз бүгін жоқ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының қалың жұртшылыққа ұсынылғанына  бір жыл болды. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ұйымдастырылған көрме осыған орайластырылды. Айта кету керек, аз уақыт ішінде республиканың барлық облыстарында ауқымды жұмыстар жүзеге асқан. Әсіресе «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім», тағы да басқа жобалар бойынша атқарылған іс-шаралар аз емес. «Туған жер» бағдарламасының негізгі мақсаты – білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізу, қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендерді абаттандыру, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру. Осы бағытта республиканың барлық аймақтарында жоспарлы жұмыстардың жүзеге асқанына көрме барысында айқын көз жетті. Осы игілікті іс одан әрі жалғасып, таза қалалар мен ауылдардың қатары алдағы уақытта да арта бермек. Ал жасыл желекке бөленген әсем де көрікті Алматы қаласының тұрғындары «Біз таза қала үшін» ұранын ту етіп келеді. Олардың осындай жақсы бастамасын Қазақстанның басқа да қалаларының тұрғындары іліп алып кетті. «Туған жер» жобасына орай еліміздің тарихи орындары мен киелі ескерткіштері де ерекше қамқорлыққа алынды. Өйткені кешегісіз бүгін жоқ. Жас ұрпақ өз елі мен жерінің тарихын жан-жақты білуі ләзім. Ол үшін Қазақстанның тарихи ескерткіштері жайлы кітаптар мен аудиобейне дүниелер көбірек дайындалып, қалың жұртшылыққа, әсіресе жастарға жетуі тиіс. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал» деп атап өткен болатын. Осыған байланысты Оңтүстік Қазақстан облысында атқарылған жұмыстар жайында әріптестеріміз мынадай ақпарат айтты: «Күш атасы – Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» сынды мультфильмдер мен 10 сериялы «Көне Жетігеннің сыры» атты фильмді «Оңтүстікфильм» мекемесі мен «САҚ» киностудиясы дайындаған. Бұл туындыларға қазақстандықтар ғана емес, шетелдік телеарналар да қызығушылық танытып отырған көрінеді. Үстіміздегі жылдың 20 мамырына дейін республиканың барлық облыс орталықтарында «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдері, «Көне жетігеннің сыры» телесериалы көрсетілмек. Мұның өзі өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық, туған жерге деген адалдық сынды қасиеттерді дарытып, төл тарихты бойларына сіңдіруге сеп болмақ. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің тікелей бастамасымен Төле би бабаның толық өмірбаянына негізделген 10 сериялы кино түсірілмек. Ал үш жүздің басын қосқан киелі мекенге арналып «Ордабасы – бірліктің туы» атты анимациялық фильм дайындалмақ. Сондай-ақ, алдағы уақытта қасиетті «Түркістан» мен Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи қалалардың бірі, әлемдегі екінші ұстаз атанған Әл Фарабидің туған жерінің тарихы мен ұлы ғалым жайлы анимациялық фильмдер қалың көпшілік назарына ұсынылатын болады. Бар-жоғы бір жылдың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында ғана емес, республиканың барлық аймағында осы бағытта көп жұмыс істелген екен. Соның біразын көрме кезінде көріп, тамашалауға мүмкіндік алдық. Бір сөзбен айтқанда, осындай жұмыстардың нәтижесінде «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналып отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Павлодар облысында 131 жоба әзірленген. Олар жақсы жұмыстары үшін облыс әкімінің марапатына да ие болған. Бағдарламаның бір жылдығына орай Астанадағы көрмеге іріктеп, сұрыптап әкелген жұмыстары көптің көңілінен шықты. Оның ішінде Павлодардың жоғары оқу орындарында жүргізілген зерттеу жұмыстары мен монографиялардың жөні бөлек. Олар өздерінің әмбебап жұмыстарын жарқыратып көрсетумен бірге республиканың басқа өңірлерінен келген жоба авторлары және жетекшілерімен бірге «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты өзара кең тәжірибе алмасты. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген делегация мүшелеріне көрменің берері көп болды. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес қолға алынған игілікті істердің бірі – «Киелі Қазақстан» жобасы. Еліміздің қай өңірінде болсын киелі нысандар жеткілікті. Соның бәрін 3D форматындағы виртуалды картаға енгізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстың Қазақстанда туризмді дамытуға да үлкен септігі тиетін түрі бар. Тиісті министрлік пен жергілікті атқарушы органдар осы бағытта бірлесе жұмыс жүргізе бастаған. Алғашқы нәтижелері де айтуға тұрарлық. Көрмеде осы жайында да мол ақпарат алуға мүмкіндік болды. Республиканың облыстарында және жергілікті жоғары оқу орындарында құрылған «Рухани жаңғыру» орталықтары бұл мақсатта әлі де көптеген іс-шараларды жоспарлап отырған көрінеді. Осы жайында облыстардан келген делегациялардың мүшелері ой-пікір бөлісті. Қазақстан Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің басшысы Аида Балаеваның айтуынша, Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша бір жыл ішінде атқарылған жұмыстармен танысып, әр бағытқа өзінің оң бағасын берген. – «Рухани жаңғыру» жобасына байланысты әр өңірде атқарылған жақсы жұмыстар бар. Оның басы-қасында өздеріңіз жүрсіздер. Сондықтан барлықтарыңызға алғыс білдіремін. Дегенмен елдің қолдауына ие болған бұл бағдарламаның барлық бағыттары бойынша атқарылатын жұмыс әлі де көп. Неғұрлым xалық белсенді араласса, соғұрлым жоғары нәтиже болады, Сондықтан осыны басты назарда ұстап, жұмыстарыңызды табысты жалғастыра беруге тілектеспін, – деді Аида Балаева. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Əбдіғалиұлы арнайы үш мемлекеттік қорық ашылатынын жеткізді. Біріншісі – Астананың маңындағы Бозоқ. Екіншісі – адам баласы тұңғыш рет жылқыны қолға үйреткен қасиетті орын – Ботай. Үшіншісі – Сарайшық. Міне, осындай тарихи мән-маңызы өте жоғары саналатын қасиетті орындарды жаңғырту, насихаттау барысында табанды да жүйелі жұмыстар жүргізілуі тиіс. Жергілікті билік орындары мен мәдениет мекемелері, «Рухани жаңғыру» орталықтары бұл іске қазір жеткілікті мән беріп отыр. Мәселен, былтырдан бастап Атырау облысының әкімдігі Сарайшық қаласының орнында ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізе бастады. Алдағы уақытта Сарайшық туристер ең көп келетін орынға айналатыны сөзсіз. Тек Сарайшық қана емес, бағдарламаға арнайы енгізілген басқа да қасиетті орындарды насихаттау бағытында көпшіліктің белсенді атсалысуы қажет екендігі айтылды осы басқосуда. «Жаһандық əлемдегі заманауи қазақстандық мəдениет» жобасы бойынша да атқарылған жұмыстар аз емес. Өткен жылы Париж қаласында UNESCO штаб-пəтерінде «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының таныстырылымы өткен. Бұл қазақ өнері мен мәдениетінің халықаралық деңгейде жан-жақты насихатталуына мүмкіндік берді. Шетелдіктер де «Рухани жаңғыру» бағдарламасына зор қызығушылық білдірген. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша барлық музейлер «Рухани жаңғыруға» белсенді атсалысып отыр. Соның бір айқын айғағы – Ұлттық музейде ұйымдастырылған осы шара. Бір айта кетерлігі, Елбасының тапсырмасына байланысты музейлерде де цифрландыру қолға алына бастаған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығына арналған көрмені тамашалау барысында осы мақсаттағы жұмыстардың ойдағыдай жүріп жатқанына көз жетті. Бәрі заманауи үлгіде. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» де ерекше жоба. Тәуелсіз Қазақстанның қарқынды дамуы жолында белсенді де қажырлы еңбек етіп жүрген жерлестерімізді осы жоба арқылы кең тани бастадық. Олар туралы осы көрмеде тағы да кеңірек білуге мүмкіндік туды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бес бағыт бойынша жүзеге асып келеді. Оның ішінде ең маңыздыларының бірі – әлемдік деңгейде мойындалған 100 оқулықты қазақ тіліне аудару. Бұл зор қажеттілік. Осы үшін арнайы Ұлттық аударма бюросы құрылғаны белгілі. Олар қазірдің өзінде 18 кітапты аударып үлгерген. Онымен Мемлекет басшысы танысып, жоғары баға берген. Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлының айтуына қарағанда, таңдалған оқулықтар әлемнің 42 елінде 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 миллионнан асқан. Ең баса айтатын нәрсе – мұндай оқулықтарды мемлекеттік бағдарлама аясында аударып, тегін тарату тәжірибесі әлемнің еш мемлекетінде жоқ. Қазақстан соны қолға алған. Бұған жұмсалатын қаржы да аз емес. Бір оқулықты аударып, баспаға дайындауға 500 мыңнан 3 миллион долларға дейін қаражат кетеді екен. Бірақ қазақ ғылымы мен студенттер үшін баға жетпес құнды оқулықтардың пайдасы зор болмақ.  

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Астана