Жаңашылдыққа бет бұрған шаһар

Жаңашылдыққа бет бұрған шаһар

Жаңашылдыққа бет бұрған шаһар
ашық дереккөзі
Бүкіл әлем цифрлық технологияға көшкен тұста Қазақстанның да артта қалмасы анық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барлық саланы цифрландыру туралы тапсырма бергені белгілі. Бұл тапсырма «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы арқылы жүзеге аспақ. Бүгінде аталмыш бағдарлама еліміздің барлық өңірлерінде қолға алынған. Батыс Қазақстан облысы да көштен қалып жатқан жоқ. Оралда цифрландыру бағдарламасы шеңберінде негізгі 4 бағытты қамтитын 15 жоба қолға алынды. Мәселен, пәтер иелері кооперативтерінің қызметін қадағалауға мүмкіндік беретін «еКСК» инновациялық порталы жұмысын бастады. Бұл жоба тұрғындарға да, пәтер иелері кооперативтеріне де ыңғайлы. Жаңа портал арқылы кооператив қызметкерлері қағазбастылықтан құтылып, жасаған жұмыстарын жұртқа ашық түрде көрсетуге мүмкіндік алды. Ал тұрғындар әлгі сайт арқылы өздерінің қанша ақша төлегенін, ол ақшаның қайда кеткенін біліп отырады. Сонымен қатар, Оралда билік пен халық арасындағы байланыстың қолжетімділігін арттыратын «Ашық әкімдік» жобасы да қолға алынуда. Қазіргі уақытта оралдықтарға барлық қызмет түрлері бір терезе қағидаты бойынша ұсынылады. Мысалы, қалалық білім бөлімінің электронды порталы арқылы балабақшалардағы бос орындарды алдын ала білуге болады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының арқасында жолаушы тасымалдау саласында да электрондық қосымшалар енгізіле бастады. Яғни, жолаушылар қоғамдық көліктердің кейбірінде жол ақысын онлайн төлей алады. Ал «Bus Report» қосымшасы желідегі автобустардың жүрісін бақылап, кестеден қиыс кетуіне жол бермейді. Мемлекеттік бағдарлама аясында қолға алынған бастамалардың бірі – «Халықтық бақылау» жобасы. Аталмыш жоба билік пен халық арасында кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді.  «Халықтық бақылау» жобасы бойынша тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарды әлеуметтік желі арқылы жолдай алады. Соңғы үш ай ішінде жаңа жоба арқылы Орал қаласының тұрғандарынан 700-ге жуық ұсыныс-тілектер келіп түсіпті.