Қазақстанның  «киберқалқаны» қандай?

Қазақстанның  «киберқалқаны» қандай?

Қазақстанның  «киберқалқаны» қандай?
ашық дереккөзі
Технология қарыштап дамыған бүгінгі күні киберқауіпсіздік бүкіл әлем үшін басты мәселе болып отыр. Өйткені хакерлер жеке адамдардың деректерін қойып, ірі компаниялар мен ресми органдардың сайттарына шабуыл жасауға көшті. Соңғы жылдары мемлекеттік органдар кибершабуылдардың кесірінен айтарлықтай шығынға батып отырғаны да жасырын емес. Соған қарамастан, ресми органдарда киберқауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандар жоқтың қасы. Ресми деректерге жүгінсек, елімізде мемлекеттік органдардың сайттарына жасалатын кибершабуыл бір жылда 20 миллиардқа дейін артыпты. Бұл туралы Астана қаласында өткен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы форумда айтылды. Мемлекеттік ақпараттық құрылымдарға 2016 жылы 1 миллиардқа жуық шабуыл жасалғанын ескерсек, хакерлердің белсенділігін еш қиындықсыз болжауға болады. Мемлекеттік органдар мен банк секторының электронды ресурстары қылмыскерлердің басты назарында тұр. Әсіресе, хакерлер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жиі шабуылдайды. Онда адамдар туралы жеке мәліметтер бар. Хакерлерге ең қажеттісі де осы деректер болса керек. 2017 жылғы деректерге жүгінсек, Қазақстан киберқауіпсіздік жөніндегі жаһандық индексте тек 83-орында тұр. Елімізде заң бұзушылықтың арта түсуіне ғаламтор тұтынушылары санының ұлғаюы түрткі болып отыр. Мәселен, соңғы 6-7 жыл ішінде желі пайдаланушылары 75 пайызға артқан. Хакерлік шабуылдар да елімізде жыл сайын 3-4 мыңға көбейіп отырады. Мәселен, Қазақстанда 2015 жылы 17,7 мың, ал 2016 жылы 21 мың, 2017 жылы 24,7 мың кибершабуыл оқиғасы тіркелген. Ең көп шабуыл бонеттерге қатысты жасалған – 56,5 мың. Ал осылардың 22,1 мыңы 2017 жылы жасалды. Керісінше интернет ресурстарға шабуыл үш есе азайды. 2016 жылы – 1,9 мың, ал 2017 жылы 658 шабуыл тіркелді. Өткен жылы мемлекеттегі банк секторларына 4 рет кибершабуыл жасалған болатын. Осы кибершабуыл салдарынан «Сбербанк», «Альфа Банк» және «Халық банк» сынды онлайн-банкингтер қолданушылары зардап шекті. Өткен жылы кибершабуыл қазақстандықтарға 1 миллион доллардан астым шығын келтірген. Бірақ бұл Касперский зертханасы ұсынған болжамды көрсеткіш қана. Өйткені біздің елде компаниялар кибералаяқтыққа байланысты ақпарат беруге міндетті емес. Ал Еуропа мен АҚШ-та заң кибершабуыл туралы ақпаратты жариялауға міндеттейді екен. Сонда да, Қазақстанда кибершабуылдарға қатысты ресми статистика жоқ. Көрсеткіштер тек мамандардың сараптама жүргізуімен болжалды түрде ғана жасалады. Сол көрсеткіштердің өзімен Қазақстан қолданушылары кибералаяқтықтың әсерінен қаржысынан айырылып, қиналған елдердің алғашқы бестігіне кіреді. «ЦАРКА» кибершабуылдарды талдау және сараптау орталығы мамандарының хабарлауынша, еліміздегі мемлекеттік органдар киберқылмысты тергеп-тексеруге құлықты емес. Мысалы, орталықтың ІТ мамандары мемлекеттік орган сайттарын бұзбақ болған хакерді анықтап, ол туралы деректі Ішкі істер министрлігіне жолдаған. Алайда 3-4 жылдан бері бұл іспен ешкім де айналыспапты. Себебі бұл заң бұзушылықтарды тергеуге біздің мамандардың біліктілігі жете бермейді. Олар ІТ технологияларды жетік меңгермеген. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі киберқауіпсіздік бағытындағы мамандардың санын арттыруға бар күшін салмақ. «Біз студенттерді «Киберқауіпсіздік» бағыты бойынша оқыта бастадық. Бұл – жаңа бағыт. Жыл сайын гранттарды көбейтетін боламыз. Жалпы бүгін біздің алдымызда кадр дайындау бойынша екі міндет тұр. Оның біріншісі – IT-мамандығы бойынша кадр дайындау болса, екіншісі, біздің ойымызша, басқа мамандықтарда оқитын студенттердің IT сауаттылығын көтеру», – деген болатын Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев. Киберқауіпсіздік бағыты бойынша өткен жылдан бастап республиканың бүкіл университеттерінде барлық мамандықтардың студенттері 3 кредит көлемінде «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнін оқи бастады. Сонымен қатар «Болашақ» арқылы IT бағыты бойынша мамандар дайындалады. Шамамен, 1000 студент оқуды аяқтады, бұл «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің 10 пайызын құрайды. Олардың барлығы Ұлыбритания, АҚШ, Малайзия, Канада, Сингапур және тағы басқа елдердің үздік университеттерінде оқып, солардың көбі мемлекеттік органдарда, IT-компанияларда, университеттерде жұмыс істейді. Сондай-ақ, енді ел үкіметі де хакерлермен күресті жіті бақылап отырады. Тіпті, Үкімет биыл мемлекеттік мекемелердің киберқауіпсіздігін сақтау үшін қазынадан 71 миллиард теңге бөліп отыр. «Бұл қаржы мемлекеттік мекемелерді қорғауға, «Киберқалқан» жүйесін құруға жұмсалады. Жаңадан мамандар шақырдық. Енді технологияны ретке келтіріп, мемлекеттік органдармен қарым-қатынас орнату керек. Қаржы осындай жұмыстар үшін қажет», – дейді Қорғаныс және аэроғарыш министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әбдіқалықов. Айта кетейік, Руслан Әбдіқалықов атап өткен «Киберқалқан» жүйесін Ұлттық қауіпсіздік комитеті әзірлеген. Аталмыш жоба тек мемлекеттік жүйені бақылауға алу үшін жасалып отыр. Ал кәсіпкерлер, банктер мен ұлттық компаниялар хакерлерден өздері қорғануы тиіс. Егер азаматтардың компьютерлері қорғалмаған болса, мұндай шабуылдар тыйылмайтын түрі бар. Жалпы, кибершабуылды ақпараттық технология саласында қызмет ететін мамандар «ядролық қарумен» теңестіреді. Өйткені одан келген зиян кейбір алпауыт мемлекеттердің өзін тұралатып тастауы әбден ықтимал. Жеке меншік, облыстық, аудандық органдарға қарайтын сайттарды былай қойғанда, кейбір мемлекеттік деңгейдегі мекемелердің де сайттары қорғалмаған. Елімізде кибершабуылдан келген шығынның арту себебі де содан.