«Сайран» Алматының көліктік хабына айналмақ

Газетіміздің өткен санында Алматыдағы «Сайран» және «Саяхат» автобекеттерінің жағдайы туралы жазған едік. «Қаланың бетіндегі қорасан дағындай» («Түркістан» газеті, 12 наурыз, 2017 жыл, №15) деген тақырыппен жарық көрген мақалада аталмыш нысандардың қауіпсіздік ережелеріне, санитарлық талаптарға сай келмейтіндігі айтылып, автобекеттерді ретке келтіру мәселесіне қоғам назарын аудару көзделген еді. Нәтиже көп күттірген жоқ. Сейсенбі күні қаланы аралау кезінде шаһар басшысы Бауыржан Байбек халықаралық «Сайран» автовокзалы мен оған тиісті аумақты және «Саяхат» автобекетінің жағдайын көзбен көріп қайтты.

Автобекеттердің ахуалы мүшкіл екеніне көз жеткізген қала әкімінің айтуынша, «Сайран» ғимараты күрделі жөндеуді және менеджмент моделін қайта қарауды талап етеді. Ғимараттың бірінші қабатының қаптамасы мен қасбеті кеңестік модернизм түрінде жасалған. Ішкі туризмді дамытуды есепке ала отырып, Бауыржан Байбек вокзалдың жанындағы аумақты тәртіпке келтіріп, күн сайынғы жолаушылар ағыны 1200 адамға жететін автобекеттің ғимаратына жөндеу жүргізуді тапсырды.

Заңнамаға сәйкес аталған нысанды жергілікті маңыздағы ескерткіштер тізіміне енгізу көзделуде. «Қаладағы күрделі жөндеу бойынша өткен жылы басталған жұмыстар аясында біз Алматыға тарихи келбетін қайтаруды жоспарлап отырмыз. Ең бірінші кезекте, ғимаратты әу бастағы түр-сипатына қайта келтіріп, жолаушылар ағыны логистикасын сарапшыларды шақыра отырып қайта қарау керек. Демек, тың амалдар арқылы біз тарихи ғимаратты қалпына келтіріп жатырмыз. Вокзал  қаланың көліктік хабына айналуы тиіс», ‒ деді Бауыржан Байбек.

Қазіргі уақытта «Сайранның» аумағындағы заңсыз құрылыстарды демонтаждау жұмыстары басталып кеткен. Бұл жерде сауда көркін қыздырған кәсіпкерлерге жеңілдетілген шарт бойынша сауда орталықтары мен аудан базарларында орын ұсынылатын болады.

Жұмыс барысында Алматы әкімі қала шетіндегі маршруттарға қызмет көрсету бойынша «Саяхат» автобекеті мен оған жататын аумақты да тексеріп шықты. Жер телімдерінің иелері қысқа мерзімнің ішінде аумақты абаттандыру бойынша жұмыс бастап, оны дамытудың нақты жобасын тапсыруға міндеттелді.

 

 

Back to top button