Немкеттіліктің сірескен мұзы

Немкеттіліктің сірескен мұзы

Немкеттіліктің сірескен мұзы
ашық дереккөзі
«Халық жауы» деген жаладан әруағы 1987 жылы ресми арылған ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының «Шығармалар» жинағы 1988 жылы «Жазушы» баспасынан, «Жолсыз жаза» жинағы «Жалын» баспасынан бір мезгілде жарыққа шықты. Алғашқыда қатты қуандық, кейін қатты ренжідік. Қуанғанымыз: «Өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды»! Ренжігеніміз – ақынның екі жинағына таңдап енгізілген туындыларының түпнұсқасындағы: Алла, Құдай, иман, жазмыш, о дүние, бісмілла, мұсылман... деген діни сөздер алып тасталып, олардың орындарын баспагерлер өздерінше басқа сөзбен алмастырып, марқұм қажы атамызды құдайсызға – атеистке айналдырыпты. Бұл қалай айтқанда да ойға келуі мүмкін емес сұмдық. Әсіресе, Шәкәрімнің ақталуы үшін Кремльге дейін хат жазып, ерекше күш-жігер жұмсаған, шәкәрімтанудың негізін қалаған көрнекті әдебиетші-ғалым, қаламгер Қайым Мұхамедхановтың жүрегін сыздатып, жүйкесін жұқартқаны сөзсіз. Қакең ақын әруағын ардақтату күресін «Қазақ әдебиеті» газетіне «Құдай» деген сөзден құдай сақтасын...» деген мақаласын шығарудан бастады. (1989 жылғы наурыздың 17-сі күнгі санында). Айтпақшы, одан бір жыл бұрын, 1988 жылы маусым айының 24-і күні сол газетте жарияланған «Біздің міндет» мақаласында Шәкәрімнің көкек айының 15-і күні әдеби апталығымызда жарық көрген 9 өлеңінің өңі айналдырылғанына наразылық білдіре отырып: «...ақынның жалпы шығармалар жинағын шығару мәселесі көңілімді қатты алаңдатады»,– деп еді. Содан кейін жеті айдан соң, екі баспадан шыққан екі жинақ, өкінішке қарай, Қакеңнің күмәнін растады. Қакеңнің 1989 жылғы мақаласында қажыны атеист ету аздай, оның кейбір өлеңдерінің жартысы беріліп, кейбір өлеңдерінің басқа өлеңдеріне тіркеле салғаны, кейбір жырлары 2-3 өлеңге бөлшектелгені, «түзетуге көнбеген» шумақтардың тіпті алынып тасталғаны, ал әйгілі «Еңлік-Кебек» дастанындағы тарихи тұлға Мамай батырдың аты бастан-аяқ «Матай» деп өзгертілгеніне қатты ашынған. (Газетте ықшамдалған ол мақаласының толық нұсқасы Қакеңнің көптомдығының 6-кітабында. 2008 ж.). Шәкәрімнің «Қазақ айнасы» атты кітабы ақынның көзі тірісінде, 1912 жылы Семейдің «Жәрдем» атты баспасынан шыққан екен. Сол кітапты Қайым аға 1988 жылғы «Жазушы» баспасынан қайта жарық көргенімен салыстырып қатты ренжіген. Кітапта жіберілген қателіктерді «соқырға таяқ ұстатқандай» етіп көрсетіп, бір емес бірнеше рет мерзімдік басылымда мақалалар жариялады. Мұхтар Мағауин, Өтеген Күмісбаев және басқа да әдебиетші ақын-жазушы Қакеңді қостаған мақалаларымен үн қосты. Айтпақшы, Жидебайдағы «Халықаралық Абай клубы» (президенті жазушы Роллан Сейсенбаев) Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалар жинағын 2006 жылы бір том, содан соң оны үшке бөліп, 2008 жылы үш том етіп сәндеп шығарды. Сәнінде мін жоқ. Түрлі түспен полиграфиялық безендірілуі көз тартады. Ал іші – 1988 жылғы сорақы жинақ. Сонда қаламдас інім Роллан қажы ақын атамыздың әдеби мұрасына қиянат жасалғаны жайында жазылған оннан астам мақаланың бір де бірін оқымағаны ма? Олар Шәкәрімді қалай атеистке айналдырған десеңізші. Түпнұсқада: «Алла жазған ақ өлім», «Ақ ісіңе Алла жар», «Күрмеуін Алла шешеді» деп жазылса, ондағы «Алла» сөзі «тағдыр» деп өзгертілген. «Оңдасын Құдай ақырын» дегенді «Оңдасын істің ақырын» деп, «Кетпес дәулет осы ғой Құдайға хақ» дегенді «Кетпес дәулет осы ғой әмбеге хақ» деп, «Құдай таза жаратты, сен таза бол» дегенді «Баста таза жаратты, сен таза бол» деп, «Мақтан, атақ іздесең Құдайдан без» дегенді «Мақтан, атақ іздесең адамнан без» деп, «А Құдай» онда деп отыр» дегенді «А тоба» онда деп отыр» деп, «Бір Құдай неше түрлі жан жаратты» дегенді «Табиғат неше түрлі жан жаратты» деп, «Аққа Құдай жақ» дегенді «Аққа халық жақ» деп, «Ащы сөзім – достығым, дінге нансаң» дегенді «Ащы сөзім – достығым, маған нансаң» деп жинақты құрастырғандар өздерінше өзгерткен. Ал пікір жазғандар, шығарушылар алқасына мүше болғандар ай қарап отыра берген. Атеизмге негізделген кеңестік идеологияның сананы улаған кесірі осы ма дерсің?! Мен осы мысалдарды Шәкеңнің жоғарыда айтылған 9 өлеңін «Жазушы» баспасы шығарған жарымжан жинақпен салыстыра отырып келтірдім. Тізе берсең, әрине, табыла береді. Кезінде бұл жөнінде бес рет мақала жазғанмын. Жинақтардағы көпе-көрінеу өрескелдікті сынға алдым. Бәлкім кейінгі шәкәрімтанушыларға қажеті болып қалар деп, қай материалым қай ақпарат құралында жарияланғанын ашып көрсетуді жөн көрдім. Біріншісі – «Шәкәрім «атеист» күйінде қала берсін бе? Семей. Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығының назарына». 2008 жылы наурыз айында «Қазақ әдебиеті» апталығында жарияланды. Екіншісі – «Ақын атамыз Шәкәрімнің әруағына хат». 2008 жылы қараша айында «Жас алаш» газетіне шықты. Үшіншісі – «Марқұмның маңдайына «атеист» болу жазылған екен. Сенатор-жазушы Әбіш Кекілбайға хат». «Ана тілі» газетіне 2008 жылы желтоқсан айында жарияланды. Төртіншісі – «Әруақты ардақтаған қазақ едік. Мәдениет және бұқаралық ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке, Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалинге ашық хат». 2009 жылы ақпанда «Жас қазақ» газетіне шықты. Бесіншісі – «Как Шакарима сделали атеистом». 2010 жылы ақпан айында «Централ Азия Монитор» газетінде жарияланды. Ақынның туғанына 150 жыл толуына арналып Алматыдағы Жасөспірімдер театрында, студент-жастар Шәкәрімнің ондаған өлеңін жатқа оқығанын көріп қатты толқыдым. Ренішім де аз болған жоқ. Біраз мектепте сондай дәстүр бар екен. Ниет түзік. Бірақ додаға түсіп, сөздері өзгертілген өлеңдерді насихаттаудан не пайда? Бүгінгі де, ертеңгі де ұрпақтары қажы кім және қандай ақын болғанын осы бұрмалауға түскен шығармаларына қарап, бағалап жатса не деуге болады? Мектептердегі ұстаздардың да әдеби газет-журналдардан анау жарымжан жинақты сынаған мақалаларды оқымағаны да анық. Ол ол ма, Шәкәрімнің Астанада, Семейде, Алматыда болған тойларында, өкінішке қарай, суырылып сөйлеген, тойдың алды-артында баспасөзге құлаш-құлаш мақала жазған ғылым докторы, академик ағайындардың ешқайсысы сөздері бұрмаланған ақын мұрасы туралы ләм-мим деген жоқ. «Осылай айтсам, осылай жазсам, әй, қателесе қоймаспын» деген оймен баяғыдан жаттанды сөйлемдерді тізіп шықты. Қолдау тауып, олқылықтардың орны қайта тола ма деген үмітпен тиісті орындарға хаттар да жаздым. Үшбу хаттарымды сол кездегі Мәдениет және бұқаралық ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке, Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалинге (2009 және 2010 жылдары ақпан-қазан айында), парламент Мәжілісінің төрағасы О. Мұхамеджановқа (2011 жылы қыркүйек айында), Семей мемлекеттік университеті құзырындағы «Шәкәрімтану» орталығына, Астанадағы «Ынсап» қорына, Лев Гумилев атындағы Еуразия университетіне хат жібердім. Шәкәрім Құдайбердіұлын атеист еткен 1988 жылғы шала жинақтың жолын жауып, ақынның «Қазақ айнасы» кітабын қалам тигізбестен қайтадан шығаруды өтіндім. Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бір мақаласында Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының өмірі, шығармашылығы жайында ғылыми еңбек жазып, шет тілдерге аудару жоспарлары барын айтқан-ды. Соған орай жазған хатымда аударатындары Шәкәрімнің «Қазақ айнасы» ма, әлде 1988 жылғы жинақ па деген сауал болды. Жауап келмеді. Жақында баспасөзде Шәкәрімнің өлеңдер жинағы түрік, қытай тілдерінде шығарылғаны паш етілді. Егер сол аударма 1988 жылғы жинақтан болса, қытайларға, әсіресе, түркі әлеміне «Құдайды мойындамай кеткен» Құдайбердіұлы Шәкәрім хақында масқара мағлұмат берген болдық. Университет тағы да қай тілдерге аудартып жатқанын бір Құдай білсін... Осы орайда тағы бір айта кететін жайт жазушы Ілияс Есенберлин шығармаларының аудармалары жайында болмақ. «Көшпенділер» трилогиясын орыс тіліне, әсіресе, ағылшын тіліне аударуда түпнұсқаға кереғар бұрмалау кеткендігін неге айтпасқа. Бірде, 2002 жылы болар, «Жас алаш» газетінен «Көшпенділердің» орыс және ағылшын тіліндегі аудармаларында түпнұсқаны бұрмалау бар екені жайындағы жазылған жанайқай мақаланы оқыдым. Авторы қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне жетік педагог Нұрсәуле Рысалдина екен. Оның намысқа толы ащы сын мақалаларының көлемді нұсқалары «Жалын», «Сын» журналдарында, ықшамдалған нұсқалары «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде жарияланды. Оның тіптен «Жалын» журналының 2006 жылғы 1-санында жарық көрген, «Қазақ ұлтына жасалған қастандық» деп аталған мақаласын оқығанымда «ауырмай есімнен тана» жаздадым. Қысқасы: «Көшпенділердің» орыс тіліндегісінде ауажайылушылық бар. Түпнұсқаның кейбір тұстары қысқартылған, кейбір тұстарына қосымша жапсырылған. Ал ағылшын тіліндегісінде: Абылай – бірде олай, бірде бұлай ұшқалақ, дойыр біреу; Бұқар жырау – ұрысқақ-тырысқақ шал; Кенесары – бұзық, қарақшы... Жалпы ол аударманың жауапсыздыққа жем болғаны соншалық, тіпті бас кейіпкерлерінің есімдері ала-құла жазыла салған. Мәселен, Абылай – 4, Бұқар жырау – 7, Қожа Ахмет Йассауи – 8, Шыңғысхан – 10 түрлі аталған. Нұрсәулені кездестіріп, әңгімелесіп, оны қолдап мақала жазуды ұйғардым. Ол мақалам «Бетімен кеткенде береке болған ба?!» деген тақырыппен «Қазақ әдебиеті» газетінде шықты (2006 жылы маусым айында). Рысалдинаның және өзімнің мақалаларымды шет тілдерге аударумен айналысатын «Көшпенділер» баспасына алып барып, шет тілдеріне жетік Нұрсәуле Рысалдинадай мамандарды қатыстырып алқа құруды, сөйтіп аудармаларды қайта қарауды жазбаша түрде өтіндім. Ескерілмесе амал бар ма? Әдеби апталығымыздағы мақаламның ізін суытпай, Жазушылар одағының басшысы Нұрлан Оразалинге, одан кейін араға біраз уақыт салып, министр М.Құл-Мұхаммед пен төраға Н.Оразалинге хат жазып, «Көшпенділер» аудармасын өзекке ала отырып, жалпы әдеби аударма мәселелері хақында арнаулы пленум өткізу дұрыс болар еді дедім. Не ауызша, не жазуша жауап келмеді. Көрнекті жазушы-тарихшы болған Әнуар Әлімжанов Пәкістанға шығармашылық сапармен барып келгеніндегі бір әңгімесінде ғұлама бабамыз әл-Фарабидің: «Сен досыңнан күдіктенбе, сертінен тайса – сатып кетер; жауыңнан сескенбе – қапыңды тапса – өлтірер; сен немкеттіліктен қорық, түбіңе сол жетер» деп жазғанын айтып еді. Иә, немкеттілік – ем қонуы екіталай рухани дерт. Әлбетте, мақаланы да, хатты да жеке басымның мүддесі үшін, атымды бір шығару үшін жазбадым. Шәкәрім атамыздың, Ілияс ағамыздың әдеби мұрасын оңай олжаға, арзан қалжаға айналдыруға келіспеушілігімді білдірдім. Мұны бүгін мен айтпасам, ертең кім айтады? Оның үстіне бақилық болып кеткен Қайым атамыздың орынды ренішін неге аяқсыз қалдырамыз? Ал Ілияс ағамды көзім көріп, шығармаларын сүйіп оқыдым. Аудармалары олақ болып, бұрмаланып жатса мен неге үнсіз қаламын? Сонымен, ары ойланып, бері ойланып, ендігі жүгінерім Республика Президенті ғана деп түйіп, өткен наурыз айының 19-ы күні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мырзаға хат жолдадым. Біздегі немкеттіліктің сірескен сеңі осы жолы бұзылмаса, арғы жағы мұзды мұхит болып тынар.

                                                                                            Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы