Ұн тартып, тары түйген

Егін және мал шаруашылығын әлімсақтан өзіне серік еткен қазақ халқының астық өндіруде көш басында болуы қалыпты жағдай болуы тиіс еді. Бірақ сол көл-көсір астықтан өнім алуда қиналып отырғанымыз жасырын емес. Мәселен, елімізде бидайды өңдеп, ұн өндіру көлемі азайып барады. Өйткені ұн экспорты тоқырап тұр. Ал бұл өз кезегінде диірменшілердің жұмыссыздар қатарына қосылуына ықпал ететін түрі бар.

Дерек көздеріне сүйенсек, қазіргі уақытта республика бойынша ұн тартатын 250 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіп­орындардың жалпы қуаттылығы 9 млн тоннаны құрайды. Бірақ өнімді экспорттау көрсеткіші төмендеген сайын диірмендер де өз әлеуетін толық пайдаланудан қалды. Тіпті, кейбір диірмендердің жұмысын тоқтататыны да хабарланды. Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің дерегінше, 2017 жылы еліміздегі диірмендер арқылы 4 млн 135 мың тонна ұн тартылыпты. Оның 2,3 млн тоннасы шет мемлекеттерге жөнелтілген. Шетелге экспортталған ұнның жалпы сомасы 439,3 млн долларға бағаланды. Ал 2016 жылы ұн тарту кәсіпорындары 4 млн 33 мың тонна ұн шығарды. Бұл жылғы ұн тарту өнеркәсібінің өндірісі 466,6 млрд теңгені құраған.

Сәуір айының алғашқы күндерінен-ақ теріскейдегі ұн тартатын кәсіпорын иелері жұмыстарының тұралап, қызметкерлерді қысқартуы ықтимал екендігін айтып, дабыл қаға бастады. Мәселен, солтүстіктегі «Тимирязев» комбинаты тәулігіне 1200 тонна ұн шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі. Қазір мұнда 150 адам жұмыс істейді. Алайда көп ұзамай мұндағылардың жұмыссыз қалуы ғажап емес. Өйткені отандық комбинаттардың алдын орап кеткен өзбек елі бізге қарағанда өнімді әлдеқайда арзан пұлдауға көшті. «Өзбекстандық кәсіпкерлер үшін тасымал құны, салық, электр энергиясы төмен, сәйкесінше жұмысшыларының айлық жалақысы да төмен. Сондықтан да олардың ұны біздікіне қарағанда 30 долларға арзан болып отыр. Біздің басты тұтынушымыз Ауғанстанға да арзан жерден алған ыңғайлы. Біз бағаны түсірер болсақ, еңбегіміз ақталмайды, шығынға батамыз. Кәсіпорынды сақтау үшін, жұмысшыларды қысқартпау үшін жақында 15 вагон ұн жөнелттік. Қоймада 25 вагон ұн қалды, жағдай дұрысталмаса мамыр айына дейін комбинат жабылады, 150 адам жұмыссыз қалады», – дейді «Тимирязев» ұн үгу комбинаты» ЖШС директорының орынбасары Жас­ұлан Ахмадияров.

Кәсіпорын жұмысшылардың жалақысын төлеу үшін жақында 15 вагон ұнды көрші елдің бағасымен жөнелткен. Қоймада өтпей тұрған 25 вагон ұн тағы бар. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысы 5 млн 417 мың тонна астық жинап, рекорд орнатқан еді. Алайда күздігүні бидайдың нарықтағы бағасы төмендеп, диқандар біраз шығынға батты. Ал ендігі кезек ұн өндіретін компанияларда секілді. Былтыр жергілікті кәсіпкерлер 221 мың тонна ұнды экспорттаса, биыл қаңтар айында небәрі 30 мың тоннасы ғана шекара асқан.

Ауған нарығы үшін күрес

Қазір ұн өндірісіндегі ең күрделі мәселе – экспорт. Өйткені мамандар ұн экспортының әлі де төмендейтіндігін болжап отыр. Қазақстаннан ұн сатып алып отырған мемлекеттер қатары жыл санап азайып келеді. Әзірге қазақстандық ұн Ауғанстан нарығына ғана көптеп жөнелтілуде. Былтырғы жылы да өнімнің басты бөлігі осы елге экспортталған еді. Яғни, Ауғанстан елімізден өткен жылы 1,5 млн тонна ұн сатып алған. Өзбекстан 600 мың тонна ұн алса, Тәжікстан мен Қырғызстанның сұранысы 50 мың тонна көлемінде ғана болды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан диірмендері Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан мен Ауғанстан елдерін ұнмен қамтамасыз ететін. Ал қазір тек ауған елі ғана отандық диірмендердің жұмысын жүргізіп тұр. Бірақ қазақстандық ұн өндірушілер ауған нарығынан да ажырап қалуымыз мүмкін деп дабыл қағуда. Мамандар биылғы жылы Ауғанстанға жөнелтетін өнім көлемі 2 млн тоннаға дейін азаюы мүмкін деп болжауда. Өйткені Өзбекстан ауған нарығын жаулап алуға ниетті. Бір айта кетерлігі, Өзбекстан ұнды Қазақстаннан алған бидайдан өңдеп отыр. Бұл қазақстандық мамандардың ызасына тиіп отырғанға ұқсайды. Осылайша, көрші өзбек елінде бидай өңдеу ісі қарқынды түрде дамып келеді.

Оның үстіне, біздің елде алыпсатарлар бидайдың құнын 41 мың теңгеге дейін көтеріп жіберді. Ресейдегі бидай бағасы небары 28 мың теңге. Сәйкесінше, бізде шикізат қымбат болғандықтан, дайын өнімнің де бағасы қымбаттау болатыны бесенеден белгілі. Көрші Өзбекстан компаниялары қазір ұнның бағасын 170 долларға дейін түсірді, ал қазақстандық тауар өндірушілер соңғы тұтынушысынан айырылып қалмас үшін шығынға батып жұмыс істеуге көшті. Бұлай жалғаса беретін болса, Өзбекстан қазақстандық бидай ұн өндірушілерді нарықтан ығыстырып шығаратыны сөзсіз.

Мамандар ұнды шетел асыру үшін көлік шығынының тым көп екенін айтады. Егер үкімет көлік шығынының жартысын өз мойнына алса, ұн өндірушілер Өзбекстан мен Тәжікстанға бәсекелес болып, Ауғанстан нарығы үшін күресуге мүмкіндік туар еді. Өйткені елімізде бидай өңдеу саласына мемлекеттен анау айтқандай қолдау көрсетілмейді. Отандық тауар өндірушілер басқа амалдары болмағандықтан, бәсекеге қабілетті болу үшін үкіметтен жол шығынын субсидиялауды сұрауда. Дегенмен Қазақстан астық өндірушілері мен нан пісірушілері одағының президенті Евгений Ганның айтуынша, Орта Азия елдеріне қарап қалмай, өзге нарықтарды да бағындырар күн келіп жетті.

 Өзбекстанмен  бақталастық  күшейді

Негізінен, Өзбекстан Республикасы бидай ұны бойынша еліміздің ең басты импорттаушысы болған. 2012 жылы ұн тиелген экспорттық әр вагонның үшіншісі Өзбекстанға арналған болатын. Сол кезеңде экспорт бойынша Өзбекстанның үлесі 75 пайызды құраған. Кейін Өзбекстанға ұн экспорты азая берді. 2016 жылдың алғашқы тоқсанының деректеріне сәйкес, экспорттың жалпы көлемінде Өзбекстанның үлесі 42 пайызға төмендеген. Экспорттың төмендеуіне басты себеп – акциздік салықтың жоғары болуы.

Өзбек үкіметі кірме ұнға 15 пайыз көлемінде салық салған. 2014 жылы Өзбекстан үкіметаралық комиссия отырысында, қазақстандық тараптың қолқа салуымен бұл норманы 15-тен 11 пайызға түсірді. Қазақстаннан тасымалданатын ұнға акциздік салық енгізу арқылы Өзбекстан бидайды тиімді бағада сатып алуға жол ашты. Бұл мүмкіндік Өзбекстанда диірмен өндірісін дамытты, демек Қазақстанның бидайынан алынған ұн өндірісі де ұлғайды. Айта кетелік, Орта Азия мен Өзбекстан нарығына бағытталған ұн тартатын компаниялардың 95 пайызы Оңтүстік Қазақстанда орналасқан. Жоғары акциздер салдарынан Өзбекстанда біздің ұн жергілікті ұннан тоннасы үшін 70 АҚШ долларына қымбатырақ болды. Сондықтан экспорт көлемі күрт төмендеген.

Осының салдарынан, ұн тартатын кәсіпорындар мен компаниялардың экономикалық тұрақтылығы әлсіреді, өндірістер жоспары тиімсіз, бүтін сала инвестициялық тартымсыз салаға айналды. Экспорт көлемінің қысқаруы автоматты түрде диірмендер жұмысын азайтты, бұл кері процесс ұн тартатын бірқатар компаниялардың жабылуына әкелді.

Экспорт әлеуетін арттыру қолдан келе ме?

Жалпы, дүниежүзінде ұн экспорты 2015-2016 жылы 15,3 млн тонна болса, 2016-2017 жылы 16 млн тоннаны құрады. Әлемде ұн экспортының өсуі тұрақты құбылыс. Өйткені қазір әлем елдеріндегі халық саны қарқынды өсіп келеді. Одан кейін астық мүлдем өсірілмейтін елдер бар. Олар үшін дайын ұнды сатып алғаннан өзге амал жоқ. Сонымен қатар, бірқатар елдердегі саяси тұрақсыздықтан инвесторлар бұл салаға қаржы құйғаннан гөрі, дайын өнімді сатып алғанды артық көреді. Бұл ретте астықты өлке саналатын Қазақстан ұн өндірудегі түйткілдерді шешіп, экспортқа баса көңіл бөлуі қажет-ақ. Ал ұн тарту өнеркәсібінің өкілдері Қазақстанның шикізат емес, дайын өнім шығаратын елге айналуы үшін мемлекет тарапынан пайыздық мөлшерлемесі аз несие беру, субсидиялау бойынша қолдау көрсетілуі керектігін алға тартады.

Қазақстан 2007-2010 жылдар аралығында ұн экспорты бойынша Түркия мен Еуропа елдерін артта қалдырып, әлемде алғашқы орынға шыққан. Ал 2016 жылы елімізде алғаш рет ұн экспорты 2,4 млн тоннаға жетіп, 500 млн доллардан аса соманы құрады.

Десек те, соңғы жылдары сыртқы нарық көлемінің төмендегені байқалуда. Бұған не себеп? Ең алдымен, бұрын Қазақстан ұнын импорттаушы негізгі мемлекеттер болып саналып келген Орталық Азия елдері сауда-саттықты тарифтік емес шектеу шараларын қолдана бастағанымен байланысты. Мысалы, көршілес өзбек елі өнімнің келісімшарттық құнының 5 пайызы мөлшерінде акциздік салық енгізіп, оны 2017 жылы алып тастады. Бірақ 2012 жылы бұл мемлекет ұн енгізуге 10 пайыздық баж салығын енгізген болатын. Ал Тәжікстанда импорттық тауарларға түрлі қосымша құн салығы бекітілген. Ұнға енгізілген қосымша құн салығы 18 пайызды құраса, бидайға 10 пайыз. Ұн өндірушілер соңғы бірнеше жыл қатарынан Қазақстан үкіметіне көршілердің осындай әрекетіне жауап қатуын, ұқсас шара қолдануын сұрап келеді.

Сонымен қатар, өткен жылдың күзінде Қырғызстан Қазақстаннан әкелінетін, бірақ йодпен және басқа да пайдалы ферменттермен қосымша байытылмаған таза ұнды тасуға және пайдалануға тыйым салды. Бұл заңды бұзған кәсіпорындар 50 мың сом (шамамен 250 мың теңге) айыппұлмен жазаланады.

Қазақстандық ұнды былтыр астық алудан әлемдік рекорд жасаған көрші Ресей де сатып алады. Өйткені дәмі тіл үйірер кондитерлік тағамдарды, нан өнімдерін, жоғары сұрыпты макарон түрлерін жасау үшін ресейліктер өз ұндарына қазақстандық қатты бидайдан алынған ұнды араластырады. Отандық осы өнім Еуропада да аса танымал. Бірақ тасымалы мен логистикасы қымбатқа түсетіндіктен, баға бойынша ол нарықтарда көп бәсекелесе алмайды.

Осындай кедергілердің салдарынан Қазақстанның көршілес мемлекеттерге ұн экспорттау көлемі азайды. Сөйтіп Ауғанстан нарығына көбірек көңіл бөлініп, экспорт көлемі күрт артқан. Бірақ ендігі ахуал мүлдем басқа арнаға ауысатын түрі бар. Осы уақытқа дейін ауған нарығы Қазақстан ұнымен толықты да, пәкістандықтарды бұл нарықтан ығыстырып шығардық. Егер әлемдік нарықта ұн бағасы қымбаттаса, Пәкістанның экспорттаушылары қайтадан нарыққа кіреді де, сәйкесінше, Қазақстан ұлғайтқан астық мөлшерін жоғалтады. Оның үстіне, экспорттаушы елдің бір ғана нарыққа тәуелді болуы жағдайды қиындата түсетіні анық.

 

Back to top button