Даниал Ахметов: Тасқыннан зардап шеккен үйлер 1 айдың ішінде жөнделуі керек!
Даниал Ахметов: Тасқыннан зардап шеккен үйлер 1 айдың ішінде жөнделуі керек!
Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданында су астында қалған үйлер 1 айдың ішінде жөнделуі тиіс. Аймақ басшысы Ахметов құрылыс компанияларының өкілдеріне осындай талап қойды.
Аймақтағы су кірген үйлерді жөндеуге 16 құрылыс компаниясы тартылмақ. Оның 9-ы жергілікті мердігерлер. Аудан əкімі Нұржан Тоқсейітовтің айтуынша, жөндеуді қажет ететін үйлердің саны 232-ге жеткен. «Апат шығынын есептейтін комиссия өз жұмысын осы аптаның соңында аяқтайтынын ескерсек, бұл сан əлі өсуі мүмкін» - деді Нұржан Тоқсейітов.
Облыс əкімі Даниал Ахметов осы үйлерді жөндеуге тартылған мердігерлерге 1 айдың ішінде барлық үйлерді жөндеп шығуды тапсырды. «Халықты баспанасыз сабылтып қоюға болмайды. 18 мамырда жөндеу тағайындалған үйлердің бəрі қолданысқа берілуі тиіс. Жұмыс барысы мен жөндеу сапасын өзім апта сайын келіп тексеріп тұрамын. Келесі аптада 16 компанияның əрқайсына кесте беріледі. Əр үйді сол кесте бойынша өткізулеріңіз қажет» - деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, ол компания өкілдеріне жөндеу жұмыстарына үй иелерін қатыстырмауды қатаң тапсырды. «Глубокое жəне Аягөз аудандарында байқалған тəжірибені ескеріп, жөндеу жұмыстарына үй иелерін қатыстырмау керек деп шештік. Өтініш айтса да, араластырмаңыздар. Ертең жұмыстың сапасы Сіздерден сұралады. Өйткені, келісімшартты Сіздермен жасадық. Аягөзде жөндеу жұмыстарын шегере тұруды өтініп, кейін үйіне кіре алмай жүргенін айтып шағымданған тұрғындар болды. Біреу үйіне емен есік орнатып, еденіне паркет төсегісі келуі мүмкін. Сіздерден мейлінше үнемді əрі сапалы жұмыс талап етіледі. Сондықтан жөнделетін үйлердің бəріне смета дайындалып жатыр. Жөндеуге қажет қаржының 150 млн теңгесі бүгін аударылады» - деді Даниал Ахметов.