Алматы мектептерінде оқушылардың ас мәзірі өзгереді
Алматы мектептерінде оқушылардың ас мәзірі өзгереді
Алматыдағы мектептердің бірінде оқушылардың ас мәзірін өзгерту бойынша эксперимент өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құқық қорғаушылар, қоғам белсенділері, Қазақ тағамтану академиясының өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында осындай шешім қабылданды.
«Орталық мектептердің бірінде осындай тәжірибе өткізуге келістік. Оған бірінші сыныптардың біреуі алынады. Сол оқушылар келер жылы екінші сыныпқа өтеді. Біз балаларды арнайы әзірленген мәзірге сәйкес тамақтандырамыз. Тамақтың сапасын мектептің қамқоршылық кеңесі қадағалайды. Ал тағамтану академиясының қызметкерлері балалардың сабақ үлгерімін, денсаулық жағдайын, басқа сынып оқушыларымен салыстыра отырып бақылайды. Балаларға сапалы түскі ас, жеміс-жидек, салаттар беріледі. Есесіне балалар шоколадтарға, газдалған тәтті сусындарға жүгірмейді», - дейді «Ұлағатты жанұя» қорының басшысы Марианна Гурина.
Бастамашылдар экспериментке №23 мектептің асханасын таңдап алды. «Біз мектеппен келістік. Қамқоршылық кеңесі қолдап отыр. Қыркүйекке дейін демеуші табамыз деп үміттенемін. Сыныптың бір жылдық тамағына небәрі 3 млн теңге кетеді», - дейді ол. Тағамтану академиясының қызметкерлері Астана, Алматы қалаларындағы, сондай-ақ Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар облыстарындағы бірқатар мектептерде зерттеу жүргізген. Зерттеу барысында оқушыларға сапасыз тамақ беріліп жатқан мектептер анықталған.