«Болашақ»: 25 жылда қанша маман дайындалды?

«Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылған 25 жылдың ішінде 12831 стипендия тағайындалған. Бұл туралы  «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қыметіне хабарлады.

Бағдарлама алғаш қолға алынған 1994-2004 жылдар аралығында – 785, ал 2005-2007 жылдары – 12046 стипендия берілген. Стипендия тағайындалған уақыттан бері 10 мыңнан астам маман дайындалды. Әлемнің 356 елінің 200-ден астам жетекші жоғары оқу орны бағдарламаның стратегиялық серіктесіне айналды. Қазіргі уақытта шетелде 1209 адам білім алып жатыр, олардың 14-і бакалавриат бағдарламасы, 1021-і магистратура, 118-і доктарантура, 2-еуі аспирантура бойынша. Сондай-ақ 54 адам тағылымдамадан өтуде.

Стипендианттардың 46,2% Ұлыбританияның, 35,8% АҚШ пен Канаданың, 5,2 % Еуропа елдерінің, 4,9% Азия мен Мұхит жағалауы елдерінің және 5% Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында білім алуда. «Бүгінде «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері Times Higher Education, QS және Academic Ranking of World Universities халықаралық академиялық рейтингтердің нұсқасы бойынша әлемнің ең алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында оқып жатыр», – делінген хабарламада.

Бағдарлама арқылы әлемнің жоғары оқу орнын бітіріп келген 10 мың түлектің 5 мыңы магистр, шамамен 3 мыңы бакалавр, 300-ден астамы PhD докторы дәрежесін алған. Сонымен қатар 1800-ге жуық маман тағылымдамадан өтіп келген. Түлектердің 40% астамы экономиканың шынайы секторында, 20% білім және ғылым, 7% медицина және денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. «Болашақтықтардың еншісінде қолданбалы сипатқа ие жүздеген ғылыми әзірлемелер, білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен инжинирингті дамыту салаларындағы 100-ден астам ірі әлеуметтік жоба бар. Жүрекке 26 мыңнан астам операция жасалды және 1700-ден астам емдеудің халықаралық стандарттары мен алгоритмдері енгізілді», – деп атап өтеді орталықтың баспасөз қызметі.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған.

 

Back to top button