Бокс Олимпиада ойындарынан шығарыла ма?

Бокс Олимпиада ойындарынан шығарыла ма?

Бокс Олимпиада ойындарынан шығарыла ма?
ашық дереккөзі
Халықаралық бокс қауымдастығы (AIBA) өкілдері бокстың олимпиадалық спорт түрі мәртебесінен айырылуы мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  «Ондай жағдай болмайды деп үміттенеміз. Оны көз алдымызға да елестете алмаймыз, себебі, біз боксты жақсы көреміз және бұл спорт біздің өміріміздің ажырамас бөлігі. Боксты осы мәртебесінен айыруға қанша адамның құзыреті жететіндігіне қатысты ешқандай ақпаратымыз жоқ», - деді AIBA-ның жаңа атқарушы директоры Том Вирджетс ұйымның сайтында жарияланған сұхбатта. Сондай-ақ, ол ұйымның Халықаралық олимпиада комитеті қойған талаптардың барлығын орындайтынын айтты.  «Бұл жағдайға байыппен қараймыз. ХОК тарапынан қойылған талаптардың бәрін орындауға барлық күш-жігерімізді саламыз. Комитеттегілер біздің өзгеруге және үлгілі олимпиадалық федерация болуға деген талпынысымызды көреді деп сенеміз», - деді ол. Т. Вирджетсті AIBA-ның уақытша президенті Гафур Рахимов қолдады. «Мен AIBA-ның жаңа атқарушы директоры Том Вирджетспен бірге AIBA-да жасалған және қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан басқару мен жетекшілік салаларындағы реформаларға толықтай қосыламын», - деді ол. Сондай-ақ, ол AIBA-да ұйым қызметінің ашықтығын арттыру үшін барынша күш салынып жатқандығын жеткізді. «Ұйым Олимпиада отбасының лайықты мүшесі болып қала беруі үшін біз оның ашықтығын арттыру тұрғысында ілгері жылжып келеміз, AIBA-ны басқару, қаржы салаларында және де бокстағы әртүрлілік, төрелік ету секілді мәселелердің бәрі менің AIBA-ның Атқарушы комитеті, ХОК және AIBA-ны жаңарту бойынша ұлттық федерацияларға берген уәдеме сай іске асырылып жатыр», - деді Рахимов. Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах ағымдағы жылдың ақпан айында AIBA-ға қатысты тергеу жұмыстарының басталғанын мәлімдеген еді. ХОК-те Олимпиада ойындарындағы төрелік етуге қатысты алаңдаушылық білдірген болатын. ХОК-ке нәтижесі күдік келтірген жекпе-жектердің бірі Рио Олимпиадасының финалында қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко арасында өткен кездесу болды. Сол кезде көрермендердің жаппай наразылығына қарамастан, төрешілер жеңісті РФ өкіліне берген еді.