Астанада заңсыз миграцияға қарсы күрес күшейді
Астанада заңсыз миграцияға қарсы күрес күшейді
Астана заңсыз миграцияға қарсы шараларды күшейтеді. Қазақстан билігі көші-қон ағымы күшейген уақытта, заңсыз миграцияға қарсы тұру шараларын арттырғысы келеді.
Парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко бүгін парламенттегі үкімет сағатында көші-қон заңдарын бұзғандарды елден шығарудың қиындығы туралы мәлімдеме жасады. Ол заңсыз миграцияны ұйымдастыратын адамдар мен жекелеген фирмаларды анықтауға шақырды.
Қазақстанда тіркелген 85 компания Қытайдан Қазақстанға заңсыз адам кіргізу жолын ұйымдастырған деп мәлімдеді парламент мәжілісі спикерінің орынбасары Владимир Божко.
Оның сөзінше, сонымен қатар Бангладеш пен Ауғанстан азаматтары Қазақстан аумағы арқылы Еуропаға өтіп кетуге тырысады.
"Ауғанстанның 49 азаматы этникалық қазақ болмаса да, оралман мәртебесін алмақ болған. Кейбір фирмалар мен азаматтардың заңсыз миграция ұйымдастыру әрекетін және миграциялық режимді бұзушылардың өзін Қазақстан аумағында және оған жеткізбей анықтау керек. Ал олардың көбі қазір іздеуде жүр" деді Божко.
Вице-спикер Қазақстанның ереже бұзғандарды мәжбүрлеп елден шығару тәртібін реттейтін заңдарында кемшіліктер барын айтты. "Бұл миграциялық полиция қызметкерлерін тығырыққа тірейді, ал заң бұзушы шетелдіктің еліміз аумағында заң бұзғанына қарамастан айлап жүре беруіне мүмкіндік береді" деді ол.
Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың мәжілістегі үкімет сағатында айтуынша, соңғы үш жылда ресми есеп бойынша елге 5,6 миллион шетел азаматы келген. Оның 90 пайыздан астамы - ТМД азаматтары. Қазақстанға келген шетелдіктердің дені - Өзбекстан, Ресей және Қырғызстан азаматтары. Сонымен қатар алыс шетелден келетіндер саны да артып, 620 мың адамға жеткен.