Жаңалықтар

Елбасы Қазақ елін Айт мерекесімен құттықтады

ашық дереккөзі

Елбасы Қазақ елін Айт мерекесімен құттықтады

Бүгін – Ораза айт мерекесінің алғашқы күні. Мұсылман қауымның осынау қастерлі мейрамына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға өзінің құттықтауын арнады. "Барша қазақстандықтарды қасиетті Ораза айт мерекесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам мұсылман қауымы үшін маңызды Рамазан айының аяқталуын білдіреді. Татулыққа, тыныштыққа, қайырымдылық пен жанашырлыққа үндейтін ислам дінінің рухани қасиеті осы Рамазан айында кеңінен көрініс табады. Осынау мейрамның құрметі үшін барша әлем мұсылмандары нәсіліне, ұлтына қарамастан жақындарына қамқорлық танытып, мүмкіндігінше мұқтаж жандарға материалдық және рухани қолдау көрсетеді", - делінген Президент құттықтауында. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанда түрлі этностар мен діндер өкілдерінің достық пен келісімнің, жасампаздық пен бірліктің үлгісін көрсетіп жүргенін атап өтті. Президент бұл құндылықтарды дамыта отырып, қоғамдағы ұлттық мәдени және рухани алуандылықты сақтауға, азаматтар арасындағы өзара құрмет пен сенімнің нығаюына одан әрі ықпал етудің қажеттілігін айтты."Осынау қасиетті күнде мен баршаңызға рухани келісім, табыс, зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Қасиетті Ораза айт мерекесі қоғамымыздағы өзара түсіністік пен достықты одан әрі нығайта берсін!", –деді Нұрсұлтан Назарбаев. «Түркістан» газетінің ұжымы да барша қазақстандықтарды қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келген мұсылмандардың ұлық мерекесі – Ораза айт мейрамымен құттықтап, отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілейді! Рамазан айында тілеген барлық дұға-тілектеріңіз қабыл болғай!