«ЭКСПО-2020»: ең үлкен павильон Қазақстанға тиесілі
«ЭКСПО-2020»: ең үлкен павильон Қазақстанға тиесілі
Таяу Шығыста бірінші рет ұйымдастырылатын ЭКСПО көрмесі Дубай қаласында 2020 жылдың 20 қазанынан 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында «Болашақ үшін сана-сезімді біріктіру» тақырыбында өтпекші, оның ішінде «Мүмкіндік», «Мобильділік» және «Тұрақтылық» деген тақырыптарға негізделген. Бүгінде ұйымдастырушылар көрмені 25 млн адам тамашалайды деп болжам жасап отыр.
Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) Дубайдағы ЭКСПО-2020 көрмесіне қатысу үшін қазақстандық павильонның құрылысына ең үлкен жер телімінің бірін ұсынды. Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф: «Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігі мен «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының келіссөздер тобының жемісті жұмыстарының нәтижесі ретінде Президент Н.Ә. Назарбаевтың сапары барысында Қазақстанның ЭКСПО-2020 дүниежүзілік көрмесіне қатысуы туралы келісімшартқа қол қойылды. Соның арқасында Әмірліктер тарабы қазақстандық павильонды құру үшін БАӘ, Монако, Швейцария және Люксембург павильондарының жанында орналасқан жалпы көлемі 3420 шаршы метр құрайтын ең ауқымды жер телімін берді», – деді.
Елшінің пайымынша, аталған көрме сәтті өткізілeді деп болжауға болады. Себебі көрменің басталуынан екі жыл бұрын-ақ 150 мемлекет ресми қатысуын растаған, сондай-ақ, 38 мемлекет қатысу туралы келісімшартқа қол қойған.
«Қазақстан аталған шараға қатысу мәселесіне зор мән береді және оның Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесінің негізгі тәсілдемесін сәтті біріктіретін «Болашақ үшін сана-сезімді біріктіру» атты тақырыбын қолдайды. БАӘ – қазақстандық саяхатшылар үшін демалатын танымал ел. Әрине, 2018 жылғы 10 наурыздан бастап қазақстандықтардың Әмірліктерге визасыз кіру тәртібі алдағы уақытта туризм айналымы мен іскерлік байланыстардың кеңеюіне жол ашады және ЭКСПО-2020 көрмесіне қатысуға серпін береді», – деді Қайрат Лама Шариф.
ЭКСПО кешенінің жалпы ауданы – 438 гектар, оның ішінде 150 гектар жер көрме аумағы болса, қалған бөлігінде жерүсті метро, «Dubai South Mall» сауда орталығы, тұрғын үй, логистикалық және қонақүй нысандары орналасады. Көрме кешені «үш жапырақ» пішінінде ұсынылған және БАӘ-нің павильоны, сондай-ақ, көрме ұғымдарына сай 3 тақырыптық кластердиаметрі 150 метрді құрайтын «Әл-Васл» плаза орталық нысанының қасында орналасады. БАӘ павильонының жобасын испандық сәулетші Сантьяго Калатрава, «Мүмкіндік» павильонын – BIG (Bjarke Ingels Group), «Мобильділік» – Foster and Partners, «Тұрақтылық» – Grimshaw Architects жасады. Қазіргі уақытта «ЭКСПО-2020 Дубай» көрмесіне 170 ел қатысатындығын растап, 55 ел келісімге қол қойған.
Жәнібек Әшім