Уолтер Швиммер: Қазақ елі Еуропа кеңесіне мүше болса...

Уолтер Швиммер: Қазақ елі Еуропа кеңесіне мүше болса...

Уолтер Швиммер: Қазақ елі Еуропа кеңесіне мүше болса...
ашық дереккөзі
Уолтер Швиммер мырзамен осыдан екі жыл бұрын Астанада парламент сайлауының тұсында кездескеніміз бар. Биыл Венаға сапар кезінде оған арнайы жолығып, «Түркістан» газетіне арнап эксклюзивті сұхбат алудың сәті түсті. Уолтер Швиммер кім десеңіз, ол 1971-1999 жылдар аралығында Австрия парламентінің мүшесі болған. Ал 1996 жылы Еуропалық кеңес Парламент ассамблеясының вице-президенті қызметін атқарған. 1999-2004 жылдары Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы қызметіне сайланғаны тағы бар. Еуропадағы демократия, адам құқығы мәселелері бойынша жетекші мамандардың бірі. Қазір «Өркениеттер диалогы» атты зерттеу институтының тең төрағасы. Жарты ғасыр бойы еуропалық және ғаламдық деңгейде ой айтып, қарекет етіп жүрген кәнігі саясаткердің Қазақстанның қазіргі және келешек саясаты туралы өз айтары бар. Тұрағы Вена болғанымен, Қазақстанға кемі алты-жеті рет іскерлік мақсатта сапар шеккен Швиммер мырзаның біздің ел туралы мәліметі мол екені аңғарылады. – Швиммер мырза, Қазақстанға сайлау байқаушысы ретінде, одан кейін іскерлік байланыстарды нығайту мақсатында талай рет келіп-кеткеніңізді білеміз. Қазақстанға деген ықыласыңыз ерекше сияқты. Оның себебі неде? – Өз қызметім барысында мен өркениеттер арасындағы диалогқа,  мәдениетаралық байланыстарды күшейтуге мүдделімін. Оның үстіне, постсоветтік кезеңдегі Қазақстанның даму барысын бақылауға ынталы болдым. Әсіресе, біз үшін оның демократиялық мемлекет болуға талпынысын бағалау маңызды. – Неге? – Себебі Қазақстан – Еуропа мен Азияның ортасында орналасқан үлкен мемлекет. Оның саяси бағыты қандай болмағы осы аймақтың дамуына ықпал етеді. Мен болашақта бұл ел Еуропа Кеңесінің мүшесі болуы мүмкін деп санаймын. Себебі Қазақстанның кішкене бөлігі Еуропа құрлығына жатады емес пе?! Орал өзенінің батыс жағына шықсаңыз, Еуропаға аяқ басасыз. – Өте кішкене бөлігі ғана. – Дәлірек айтқанда, Қазақстанның Еуропаға жататын бөлігінің аумағы – 140 мың шаршы шақырым. Бұл дегеніңіз Австрияның аумағынан да үлкен. – Солай ма? – Иә. Екі құрлықта орналасқан, бірақ өздерін еуропалық санайтын басқа елдер де бар ғой. Мысалы, Түркия Еуропалық Кеңестің мүшесі, бірақ Стамбұл ғана Еуропаға жатады, ал Анатолия аймағы – Азия құрлығында. Ресей де – Еуропалық Кеңестің мүшесі, бірақ жағрапиялық тұрғыдан алғанда, Ресейдің көп бөлігі Азия құрлығына тиесілі. Ендеше, Қазақстанның да бұл ұйымға мүше болуға әбден мүмкіндігі бар. Оның үстіне, Еуропалық Кеңестің Парламент Ассамблеясы мен Қазақстан Парламенті арасында кәсіби байланыс жақсы жолға қойылған. – Сонда Қазақстанның Еуропалық кеңеске мүше болуының қандай шарттары бар? – Бұл Қазақстандағы демократия дамуының деңгейіне байланысты. Әрине, бұл ұйымға кіру үшін Еуропаның бір бөлшегі болу міндетті, бірақ Еуропалық кеңес екі континентте жатқанына қарамастан Әзірбайжан мен Грузия сияқты мемлекеттерді осы ұйымға мүше ретінде қабылдады ғой. Сондықтан бұл бағыттағы әріптестікті жалғастыра беру керек деп ойлаймын. Есіңізде болса, Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткенде, оның бағдарламасы «Еуропаға апарар жол» деп аталды. – Иә, есімде. Сіз осы саммитке қатысып па едіңіз? – Жоқ, бұл саммитке келе алмадым. Бірақ басқа мәдениетаралық конференцияларға қатыстым. Жалпы, тәуелсіздік тарихы жиырма жылдан жаңа асқан мемлекет үшін ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету үлкен абырой еді. Сондықтан Қазақстанның аймақтық саясатта ықпалы зор. – Қазақстан мен Австрия арасындағы екіжақты байланыстар қай деңгейде? Қазақ кәсіпкерлерінің Австрия экономикасына инвестиция құйғанын білеміз. Қазақтардың инвестициясы қай салаларда қомақты? – Негізінен, туризм саласында. Мысалы, Венадағы бес жұлдызды еңселі қонақүйлердің бірі қазақтарға тиесілі. Бұдан бөлек, Земморинг тау шаңғысы курортындағы қысқы спорт түрлеріне арналған кешендерде қазақтардың үлесі бар. – Ал Австрияның Қазақстандағы мүддесі не? – Жалпы, Австрия үшін Қазақстанмен саяси және экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдету өте маңызды. Австриялықтар бизнес, туризм салалары бойынша әріптестікті одан әрі жақсарта беруге ықыласты. Оның ішінде шаңғы тебуге арналған құрал-жабдық, киім-кешек қазір Австриядан тасымалданады. Бір жағынан, Австрияның бұл елде экономикалық, инвестициялық мүддесі бар десек, екінші жағынан, екі ел арасындағы парламентаралық байланыс жақсы дамыған. Сондықтан екі елдің қарым-қатынасы бұдан әрі дами береді деп үміттенемін. – Ал қарапайым австриялықтардың Қазақстанға қатысты пікірі қандай? – Әрине, барлық австриялықтар Қазақстан туралы жеткілікті деңгейде хабардар деп айта алмаймын. Бірақ өткен кезеңмен салыстырғанда Қазақстан туралы мағлұматы көбірек. Мысалы, Совет дәуірі кезінде бұл ел туралы ешкім естіп-білген жоқ. – Ал Қытай мен Ресей сияқты екі алпауыт елдің ортасында отырған Қазақстанның сыртқы саясатына қалай баға берер едіңіз? – Меніңше, Қазақстанның екі көршісімен де жақсы, тату қарым-қатынас ұстауға ұмтылуы орынды. Оның үстіне, Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі ретінде Еуропалық одақпен қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізе алады деп ойлаймын. Себебі Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болғанымен, Ресей саясатының бөлшегі емес, одан тысқары ғой. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлбиғаш Омар