12 Сәуір 2018, 13:58 1007 0 Өнер Анар ЛЕПЕСОВА

Әлі Шер Сүлеймен: Ой түбінде рух жатпаса, бәрі бос

Ол үнемі өзгелер қаузамаған тың тақырыптарды көтеруге, ешкімнің ізі түспеген соны соқпақтармен жүруге тырысады. Басқалар байқамайтынды көре білетін аңғарымпаздығы, ырыққа оңай көнбейтін істің өзін өңгермей тынбайтын табандылығы бұған дейінгі еңбектерінен менмұндалап тұратын. Жаңа туындысынан да қолтаңбасын жазбай танисың. Белгілі режиссер, сценарист, актер Әлі Шер Сүлейменнің «Шатырдағы бұлт» фильмі прокатқа шыққалы жатыр дегенді естіп, «Түркістанның» оқырмандарына арнап сұхбат беруін өтіндік. Елімізде бұрын-соңды түрен салынбаған жанрды батыл қолға алған режиссермен кино саласынан бөлек, қоғам өміріндегі өзге де өзекті тақырыптар төңірегінде ой қозғадық.

– 2015 жылы «Күн Айды сүйеді» атты фильміңіз жарыққа шыққан кезде сұхбаттасқан едік. Содан бері үш жыл өтіпті. Тағы да жаңа туындыңыздың тұсаукесері қарсаңында әңгімелесудің сәті түсіп отыр. Үш жылдық ізденістің жемісі – «Шатырдағы бұлт» фильмінің көрерменге ұсынар жаңалығы көп секілді...

– Ең басты ерекшелігі, бұл – урбан фэнтези, яғни қалалық фэнтези жанрында түсірілген алғашқы қазақстандық фильм. Екіншіден, кинотоптың 90 пайызы – дебьютанттар. Фильмнің негізгі аудиториясын 16 мен 45 жас аралығындағы көрермен құрайды деп болжап отырмыз. Бұл кино жас отбасыларға, әсіресе, қазақтың жас отауларына қызық болады деген ойдамын. Сондай-ақ, қалай күн көрем, қандай кәсіп таңдаймын, қоғамдық өмірге, ел тіршілігіне қалай араласам, өз жолымды қалай табам деп ізденісте жүрген жас буынның көкейіндегі көп сауалға жауап береді деп үміттенем.

– Бұл фильмді қолға алмас бұрын бүгінгі қазақ киносының аудиториясын зерттедіңіз бе? Көрерменге дәл осы тақырып, дәл осы бағыттағы дүние керек екеніне шынымен көз жеткізіп алдыңыз ба?

– Шығармашылықтың қандай да бір саласында еңбек етіп жүрген кез келген адам өзінің тыңдарманын, көрерменін, оқырманын өзгелерден бөліп-жармайды. Өнер адамы – ел тынысын тыңдап, қоғам тамырын ұстап жүретін пенде. Көрерменнің сұранысын дәл таптық па, мүлт кеттік пе – белгісіз. Бірақ бүгінгі күннің өзекті тақырыбын елімізде бұрын-соңды ешкім түрен салмаған жанрда жеткізуге тырыстық.

– Әлгі айтқан, 2015 жылы жарыққа шыққан фильміңізден «Үш тұғырлы тіл» саясатының жарқын мысалын көрген едік. «Шатырдағы бұлттың» кейіпкерлеріне қай тіл жақын?

– Бұл фильмнің тілі – өмірдің тілі. Кинодағы жас жұбайлардың кейбір диалогтары таза қазақша, ал кейбірі орысша. Өйткені бүгінгі жастар, әсіресе, қала жастары үш тілде еркін сөйлейді. Бұл – заман талабы. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «Шатырдағы бұлт» фильмінің кейіпкерлері өз тілінің қадірін біледі, алайда орыс және ағылшын тілін білмесе, өздері көздеген биікке жете алмайтынын түсінеді. Қазіргі таңда мемлекет қоғам өмірінің барлық саласында үштілділікті енгізуге айрықша ден қоюда. Әсіресе, білім беру жүйесінде бұл ұстанымнан ұтарымыз мол. Өз басым мектепті қазақ-ағылшын тілдерінде бітірдім, жоғарғы білімді орыс тілінде алдым. Ал ана тілім – қазақ тілі ананың сүті, әкенің өсиет-өнегесімен бойға дарыды.

– Фильмнің актерлері де бұрын-соңды кинода төбе көрсетпеген жандар секілді. Афишадағы есімдердің көпшілігі бейтаныс.

– Оныңыз рас, актерлердің басым бөлігі дебьютанттар. Басты рөлді сомдаған Диас Әзімжан – Аягөздің тумасы, «Болашақ» бағдарламасымен Нью-Йорк академиясын кеше ғана тәмамдап келген жігіт. Талантты жас. Өзіне жүктелген міндеттің бәрін жоғары дәрежеде орындап шықты. Оны таңдағанда қателескен жоқпын деп ойлаймын. Фильм прокатқа шыққанда бұған көрермендер де көз жеткізеді.

– Бұған дейінгі туындыңыз – «Ай Күнді сүйеді» фильмі Канн фестивалінде бақ сынағанын білеміз. «Шатырдағы бұлттың» халықаралық додаларға қатысуға үміті бар ма?

– Әуелі қазақстандық көрерменнің алдынан өтіп, бағасын алайық. Елімізде мойындалып жатса, фестивальдар қашпас. Негізі қазірдің өзінде фильмнің трейлерін көрген шетелдік әріптестеріміз қызығушылық танытуда.

– Фильм үлкен экранға жол тартқан соң, айтылар пікір де, баға берер сыншы да аз болмасы анық. Ең әуелі кімнің сынына, кімнің бағасына құлақ асасыз?

– Өнерде жүрген адамның ең бірінші сыншысы – өзі. Шығармашылық адамы әуелі өз сынынан сүрінбей өтпейінше, өзгенің оң бағасын ала алмайды. Одан кейін осы салада бірге еңбектеніп жүрген, бір терінің пұшпағын илеп жүрген әріптестердің пікірі маңызды. Алайда еңбектің ең әділ бағасын берер сыншы – қалың көрермен. Бізді өсіретін де, өшіретін де – халық. Әріптестерің «бәрекелді!» десіп, аяғыңды жерге тигізбей мақтап жатқанымен, түсірген киноңа көрермен бармаса, зал бос тұрса, жұмысыңа қалай көңілің толады? Сондықтан ең бастысы, қарапайым көрерменнің кәдесіне жарауды мақсат тұттық. Көрерменнің жүрегіне апарар жолдың қия-қалтарысы көп. Оның асуы мен белін бағындыру оңай шаруа емес. Әсіресе, біз тәуекелмен қолға алған фэнтези фильмін жұрт Голливудтың, шетелдің атақты киностудияларының осы жанрдағы фильмдерімен салыстырады. Алғашқы қадамымыз болғандықтан, кем-кетігімізге кешіріммен қарайды деп сенемін.

Қазақ киноөндірісі енді ғана еңсесін тіктеп келеді. Бұрын жауыр болған бір-екі жанрды айналшықтасақ, қазір режиссерлер жаңа жанр, жаңа бағыттарға түрен салуда. Бастысы, ізденіс бар. Ізденіс бар жерде даму болатыны сөзсіз.

Расында да, соңғы жылдары қазақ киносының аяқ алысы қуантады. Ай сайын, кейде тіпті апта сайын бір фильмнің тұсаукесері өтеді десек, артық айтқанымыз емес. Соңғы үш жылда түсірілген фильмдердің ішінен сіздің назарыңызды ерек жаулаған қай туынды?

– Әріптестерімнің жұмысына сын айтып, жақсы немесе жаман деп баға беруден принципті түрде бас тартқан адаммын. Салалық этика деген бар. Оның үстіне, фильмдердің кейбір элементтері, жекелеген эпизодтары ұнағанымен, тұтастай көңілімнен шықты деп бөліп-жарып айтатын туынды аузыма түспей отыр. Десе де, Рүстем Әбдіраш түсірген «Қазақ хандығы» фильміндегі көп эпизодтар көкейіме қонғанын айта кету артық болмас. Бұл көтерер жүгі ауыр, кең құлашты фильм, кез келген режиссердің тісі бата бермейді. Айтпақшы, сол фильмнен маған да бір рөл бұйырған. Самарқан қаласының әмірін ойнадым. Арада жарты ғасырға жуық уақыт өткенде үлкен экранда қайтадан атқа міндік.

– «Құлагер» фильмінде Ақан серінің мылқау баласын сомдағанда небары 7 жастасыз. Үзеңгіге аяғыңыз жетпесе де, ебін тауып, қыл арқаннан шеңбер жасап, әкеңіз сәйгүлікке мінгізген екен. Бұл рөлдің сізге бұйыруы фильм сценарийін Асқар Сүлейменов жазғанының арқасы ма?

– Кім біледі, бір себебі сол шығар. Алайда бұл рөлге мені режиссердің өзі таңдады. Атақты режиссер марқұм Болат Мансұров ағамыз бойымнан ерекше бірдеңе байқаған болар. Сол уақыттан бастап «Қазақфильмде» таң атырып, күн батырдым. Қазақ кино өнерінің майталмандары – аты аңызға айналған актерлер мен режиссерлердің көзін көріп, үлгi алдым. Ұлттық кинематографтың жауһарларына айналған фильмдердің түсірілімдерін көрдім. Шәкен Айманов, Нұрмұқан Жантөрин, Сәбира Майқанова сияқты кино марғасқаларының ақ тер, көк тер боп ойнағаны көз алдымда. Болашаққа деген бағыт-бағдар сол кезде-ақ белгіленіп қойды деуге болады.

– Арасында азды-көпті үзілістер болмаса, 1972 жылдан бері кино әлемінен ұзаған жоқсыз. Қазақ киноөндірісінің даму жолы көз алдыңызда көлбеңдеп жатыр. Ұлттық киноның кешегісі мен бүгінгісін қатар қойғанда, не көресіз?

– Дамып жатыр. Жаңа буынның тынысы бөлек, көзқарасы басқа. Бәрін көргісі, білгісі келеді, тәжірибеден қорықпайды. Бұл мені қуантады. Жалпы, қай жанрды таңдаса да, кез келген режиссер өз туындысы арқылы шер тарқатады, көкейіндегі көп ойды жайып салады. Кино – тәрбие құралы. Өзгені тәрбиелеу үшін әуелі өзіңді тәрбиелеуің керек. Өзің білмегенді өзгеге қалай айтасың? Өзің көрмегенді басқаға қалай көрсетесің? Сондықтан жас режиссерлер көп ізденуі, көп оқуы керек. Қай тақырыпта еркін сөйлей алатынын, қай бағытта тосылмай шабатынын анықтап алған режиссердің туындысы шала болмайды.

– «Асқар Сүлейменов – әлі толық ашылмаған тұлға» депсіз бір сұхбатыңызда. Әкеңіздің тұлғасын танысам, болмысын ашсам деген ізденушілерге не айтар едіңіз?

– Кітаптарын оқысын. Асқар Сүлейменов – қазақ әдебиетінде лингвистикалық прозаны қалыптастырған жазушы. Шығармаларынан ой байлығын көресің. Тіл байлығы ой байлығынан шығады. Сөздің ар жағында ой, ойдың түбінде рух жатпаса, бәрі бос. Сондықтан Асқар Сүлейменовті танығысы келетін адам шығармаларындағы қазыналы ойды ұғынуға тырыссын дегім келеді.

Биыл желтоқсан айында әкеміздің 80 жылдығы. Жан-жақтан хабарласып, қалай атап өтеміз, қандай шара ұйымдастырамыз деп ақылдасып жатқан азаматтар бар. Мерейтойға арналған шаралар жалған жылтырақсыз өтсе, жастарды рухтандырса деймін.

– Сөреде тізулі тұрған Асқар Сүлейменовтің кітаптарына жазушының өз немерелері үңіле ме?

– Оқығысы келеді, бірақ көбіне түсіне бермейді. Шамамыз жеткенше түсіндіруге тырысамыз. Асқар Сүлейменовтің шығармалары балалар үшін тым күрделі. Қаншама елдің әдебиетін, қаншама автордың кітабын мүдірмей оқыған тісқаққан оқырманның өзі әкемнің шығармаларына келгенде алаңдап қалатынын жасырмайды. Меніңше, әр жастың, әр кезеңнің өз рухани температурасы болады. Мәселен, бес жасар балаға Абайдың қара сөздерін оқытпайсыз ғой. Бәрі өз ретімен, уақытымен болғаны дұрыс.

– Әкеңіздің шығармаларын сіз қай уақытта түсініп оқитын деңгейге жеттіңіз?         

– Әлі күнге дейін толық түсіндім дей алмаймын. Оқыған сайын жаңадан ашылып жатқан қыры көп. Кейбір эстетикалық иірімдері, философиялық ойлары бірнеше қайтара оқығаннан кейін ғана ұғынықты болып жатады. Асқар Сүлейменовтің шығармашылығы – талмайтын оқырманға өмір бақи азық болар қазына.

– Танымал адамдардың баласы болудың жүгі ауыр деп жатады. Асқар Сүлейменовтей әкенің атына лайық болсам, Алтыншаш Жағановадай ананың абыройына кір келтірмесем деген жауапкершілікті сезінбегенде Әлішер Сүлейменовтің өмірі басқаша өрілуі мүмкін бе еді?

– Әрине, басқаша болар еді. Бірақ қалай болары Жаратушыға ғана аян. Бір білерім, көпке белгілі адамдардың перзенттері мойындарына ауыр қамыт іледі. Ол жеңіл өмір емес, жеңіл өмір деп ұғып жүргендер қатты қателеседі. Ата-анасының өткен жолымен жете таныс баланың жауапкершілігі екі есе артады. Әулетіңнің атына дақ түсіру – ата-ананың еңбегін еш етумен бірдей. Сондықтан әке-шешеміздей бола алмасақ та, ұқсап бағуға тырыстық. Олар жеткен биікке ұмтылдық. Артымыздан ерген балаларға да кімнің немересі екенін ұғындырып, ата-әжесінің атына лайық болуды құлақтарына құйып отырамыз. Дәстүр жалғастығы, ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар.

– Актер, режиссерлігіңіз бір төбе болса, композиторлығыңыз – бір төбе. Киноның әуресімен жүріп, музыкадан алыстап кеткен жоқсыз ба?

– Жоқ, алыстай қоймадық. «Шатырдағы бұлт» фильмінде композиторлық қолтаңбам да бар. Киноның негізгі композиторы – Асқар Шафи, екінші композиторы – Стас Ионов, үшінші – мен. Режиссерлық жұмыстан бөлек, фильмнің музыкалық бояуының қанық болуына да үлес қостым.

– Қазір ақпараттық сайттарды, әлеуметтік желілерді ашып қалсаң – тұнып тұрған негатив. «Анасы сәбиін қоқысқа тастады», «баласы анасын майып қылды», «әкесі қызына зорлық көрсетті» деген сарындағы жан түршіктірер жаңалықтардан көз сүрінеді. Қоғам неге қатыгезденіп барады?

– Меніңше, мұндай сұмдықтар бұрын да аз болмаған. Бірақ ақпарат арналары аз болғандықтан, көбісі құлағымызға жеткен жоқ. Көршілер төңірегіндегі, ауыл арасындағы әңгіме болып қалды. Қазір ақпараттық сайттар да, әлеуметтік желілер де көп. Болған оқиға бірер минуттан соң желіде жылт ете қалады. Біреуі жазғанды екіншісі көшіріп жариялайды, сөйтіп тарала береді. Бұрын интернет жоқта адамдар бір-біріне тіке айта алмаған былапыт сөздерді немесе іштегі сезімін дуал-шарбақтарға бор-бояумен жазып кетуші еді ғой. Қазір әлеуметтік желілер де сол шимайланған дуалдар тәрізді. Әркім ойындағысын, өресі жеткенін жазады. Оның бәрін оқып отыру шарт емес. Әркім өзіне керегін таңдап, іріктеп алуы қажет. Мәселен, базарға, жәрмеңкеге барсақ, азық-түліктің ең сапалысын, таза әрі пайдалысын таңдап алуға тырысамыз ғой. Интернетті де ақпараттық жәрмеңке деп ұғу керек. Онда «тауардың» түр-түрі бар. Талғамсыздар өзіне не керегін таппай, айналшықтап жүріп, пайдасыз дүниеге ұрынады. Әсіресе, жақсы мен жаманды айыра білмейтін, оң-солын танып үлгермеген жастар үшін алаңдайсың – тым еліктегіш, сенгіш.

– Мұндай алаңдаушылықтан арылу үшін ақпараттық кеңістікке қандай реформа жасау керек деп ойлайсыз? Лауазымды тұлға болсаңыз, қандай өзгеріс енгізер едіңіз?

– Қазіргі Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев еліміздің ақпараттық кеңістігін жүйелi жолға салуға жанталасып-ақ жүр. Жұмыстың жемісін көру үшін уақыт керек. Бәрі бірден бола қоймайды. Меніңше, мәдениетке, руханиятқа мемлекет тарапынан қолдау осы ырғақпен жалғаса берсе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы байыпты түрде жүзеге асырылса, еліміздің ең үлкен байлығы – ұлттар мен ұлыстардың татулығына, шекарамыздың тұтастығына, бейбітшілігімізге қатер төнбейді деп ойлаймын. Бала шағымыз да, болашағымыз да – елімізде, жерімізде, Қазақстан дейтін мемлекетіміздің алмастай беріктігінде. Өз отбасымызды, ата-анамыз, балаларымызды қалай жақсы көрсек, елімізді, оның жерін, тілі мен ділін, мәдениетін де солай жақсы көруіміз керек.

– «Рухани жаңғыру» дегеніміз не өзі? Бағдарламаның мәнін дұрыс түсіндіре алып жүрміз бе жұртқа?

– Рухани жаңғыру осы тіркесті естіген әрбір адамның жан-жүрегінен басталуы керек. Бағдарлама жемісін беруі үшін оған қазақтың әрбір шаңырағы үлес қосуы тиіс. Қалай дейсіз ғой? Балаңызды тәрбиелеуден бастаңыз. Баланы тәрбиелеу деген – ең әуелі өзіңді тәрбеиелеу. Өзің рухани үлгі бол. Билік безілдеп келіп сенің отбасыңды жаңғыртады деп күтіп отырудың қажеті жоқ. Сен еліңе не бере аласың, мемлекетіңді қалай жаңғырта аласың – соны ойлау керек. Өсетін елдің азаматтары бірігуге, бiр-бiрiн сыйлауға, бір-біріне құрмет жасап, бiр-бiрiн қолдауға, саналы болуға шақырады, ұлттық намыс деген – осы. Абай атамыздың өлеңін сәл бұрмалап: «Біріңді бауыр, бірің дос, демесең, қазақ, бәрі бос» дегім келеді. Қазақ жүзге бөлінбейді, жүзден құралады. Бірлік, көптің ықыласы керек, сонда «Рухани жаңғыру» жаңаруға айналады.

– Бала тәрбиесі туралы сөзіңізді ілгерілете түскім келіп отыр. Әлішер Сүлейменов қандай әке? Тәрбие берудегі ұстанымы қандай?

– Ювеналдық тұрғыдан алғанда үлгілі әкемін дей алмаймын. Өйткені бала ырыққа көнбей бара жатса, мықындағы белбеу қолға түсуі де ғажап емес. Қазіргі заманда әкенің тәрбиесі қаталдау болуы керек деп ойлаймын. Бірақ санасыз балаға он әкенің қаһары да қарсы тұра алмайды-ау. Қазақ «Бала берсең, сана бер» деп бекер айтпаса керек.

Бала әке-шешеден бөлек, ата-әженің тәрбиесінен де өтуі керек. Өзім әжемнің бауырында өскен баламын. Адам ретінде қалыптасуыма ол кісі берген тәрбиенің үлесі орасан. Бала біткенге мейірімді, дастарқанынан кісі үзілмейтін көпшіл кісі еді. Айтоты әжемнің есімі қазақ жазушылары арасында аңыз боп тарады десем, артық айтқандық емес. Әбіш Кекілбаев ол кісі туралы: «1960 жылдары әдебиет әлеміне келген барлық қаламгерлердің анасы, ел анасы еді» деп жазған. Сондай жанның тәрбиесін көргенімді мақтан тұтам. Әжемнің «Әй, олай етуге болмайды, ұят болады», «Бұлай жасама, обал болады» деген сөздерін ол уақытта жүре тыңдасақ та, қазір құлағымызда жаңғырып тұр. Әрбір сөзінің астарында үлкен тәлім, өнеге жатқанын өзім әке болғанда ұқтым.

Бабамның да көзін көрдім. Ол – әкемнің «Қара шал» деген әңгімесіндегі қарияның прототипі. Менің жасым 5-те болғанда, ол кісі 88-де еді. Ұзын ақ сақалы болатын. Бір күні екеуміз сыртқа шығып, таза ауа жұтып отырдық. Түн. Ай жарық. Әкемнің достары үйге келіп, әңгімелесіп отырғанда ауыздарынан «болмыс» деген сөзді естіп қалғанмын. Әлгі сөздің мағынасын түсінбедім. Бабамнан сұрадым:

– Баба, болмыс деген не?

– Астапыралла, оны қайтесің?

– Жай естіп едім, түсінбедім.

– Алдыңа қарашы, не көріп тұрсың?

– Жылқы жайылып жүр. Ши... өте ұзын, ай жарық...әдемі... – деймін.

– Міне, болмыс деген осы...

Біраздан соң:

– Ал осы көрініс туралы не ойлайсың – ол сенің болмысың. Осы екеуін ажырата біл! – деді. Міне – қазақтың философиясы.

Тағы бірде әңгімелесіп отырғанда қарияның сақалына қарап:

– Баба, сақалың қандай қызық... – дедім.

– Ертең өскенде саған да қара сақал шығады, уақыт өте келе ол ағарады.

– Ым-м... (иегімді ұстап)

– Сақалдың құпиясын айтайын ба?

– Иә...

– Сақалың шыққаннан кейін оны өткір қайшымен күнде түзетіп отыру керек.

– Жарайды... Неге?

– Сақалын өткір қайшымен түзетпейтін адамдар біраз уақыт өткен соңмидың орнына сақалмен ойлай бастайды, түзетіп жүр, – деді.

Ойланып қалдым... Кішкентай болсам да көп нәрсені көкейіме құя берген екен.

– Не оқып жүрсіз?

– Асқар Сүлейменовті оқып жүрмін.

– Қай шығармасын?

– Кеше «Төрт тақта – жайнамаз» пьесасын тауыстым.

– Жазушының пьесаларын сахналағысы келетін режиссерлер көп. Шама-шарқынша сахналап жүр де. Қойылымдарға көңіліңіз тола ма?

– Шынын айту керек, көбіне көңілім толмайды. Меніңше, Асқар Сүлейменовтің пьесаларын жаңа театр технологияларын меңгерген жас режиссерлер сахналауы керек сияқты. Өйткені көрермен ескі сүрлеуден жалыққан. Дәстүрлі түрде қойылған спектакльдерге жұрт бара бермейді. Құлаққа естілер, көзге көрінер жаңалығы бар дүние іздейді. Іздегенін бере білу керек.

– Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан  Анар  ЛЕПЕСОВА

Соңғы жаңалықтар