Жаңалықтар

Әлі Шер Сүлеймен: Ой түбінде рух жатпаса, бәрі бос

ашық дереккөзі

Әлі Шер Сүлеймен: Ой түбінде рух жатпаса, бәрі бос

Ол үнемі өзгелер қаузамаған тың тақырыптарды көтеруге, ешкімнің ізі түспеген соны соқпақтармен жүруге тырысады. Басқалар байқамайтынды көре білетін аңғарымпаздығы, ырыққа оңай көнбейтін істің өзін өңгермей тынбайтын табандылығы бұған дейінгі еңбектерінен менмұндалап тұратын. Жаңа туындысынан да қолтаңбасын жазбай танисың. Белгілі режиссер, сценарист, актер Әлі Шер Сүлейменнің «Шатырдағы бұлт» фильмі прокатқа шыққалы жатыр дегенді естіп, «Түркістанның» оқырмандарына арнап сұхбат беруін өтіндік. Елімізде бұрын-соңды түрен салынбаған жанрды батыл қолға алған режиссермен кино саласынан бөлек, қоғам өміріндегі өзге де өзекті тақырыптар төңірегінде ой қозғадық. – 2015 жылы «Күн Айды сүйеді» атты фильміңіз жарыққа шыққан кезде сұхбаттасқан едік. Содан бері үш жыл өтіпті. Тағы да жаңа туындыңыздың тұсаукесері қарсаңында әңгімелесудің сәті түсіп отыр. Үш жылдық ізденістің жемісі – «Шатырдағы бұлт» фильмінің көрерменге ұсынар жаңалығы көп секілді... – Ең басты ерекшелігі, бұл – урбан фэнтези, яғни қалалық фэнтези жанрында түсірілген алғашқы қазақстандық фильм. Екіншіден, кинотоптың 90 пайызы – дебьютанттар. Фильмнің негізгі аудиториясын 16 мен 45 жас аралығындағы көрермен құрайды деп болжап отырмыз. Бұл кино жас отбасыларға, әсіресе, қазақтың жас отауларына қызық болады деген ойдамын. Сондай-ақ, қалай күн көрем, қандай кәсіп таңдаймын, қоғамдық өмірге, ел тіршілігіне қалай араласам, өз жолымды қалай табам деп ізденісте жүрген жас буынның көкейіндегі көп сауалға жауап береді деп үміттенем. – Бұл фильмді қолға алмас бұрын бүгінгі қазақ киносының аудиториясын зерттедіңіз бе? Көрерменге дәл осы тақырып, дәл осы бағыттағы дүние керек екеніне шынымен көз жеткізіп алдыңыз ба? – Шығармашылықтың қандай да бір саласында еңбек етіп жүрген кез келген адам өзінің тыңдарманын, көрерменін, оқырманын өзгелерден бөліп-жармайды. Өнер адамы – ел тынысын тыңдап, қоғам тамырын ұстап жүретін пенде. Көрерменнің сұранысын дәл таптық па, мүлт кеттік пе – белгісіз. Бірақ бүгінгі күннің өзекті тақырыбын елімізде бұрын-соңды ешкім түрен салмаған жанрда жеткізуге тырыстық. – Әлгі айтқан, 2015 жылы жарыққа шыққан фильміңізден «Үш тұғырлы тіл» саясатының жарқын мысалын көрген едік. «Шатырдағы бұлттың» кейіпкерлеріне қай тіл жақын? – Бұл фильмнің тілі – өмірдің тілі. Кинодағы жас жұбайлардың кейбір диалогтары таза қазақша, ал кейбірі орысша. Өйткені бүгінгі жастар, әсіресе, қала жастары үш тілде еркін сөйлейді. Бұл – заман талабы. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «Шатырдағы бұлт» фильмінің кейіпкерлері өз тілінің қадірін біледі, алайда орыс және ағылшын тілін білмесе, өздері көздеген биікке жете алмайтынын түсінеді. Қазіргі таңда мемлекет қоғам өмірінің барлық саласында үштілділікті енгізуге айрықша ден қоюда. Әсіресе, білім беру жүйесінде бұл ұстанымнан ұтарымыз мол. Өз басым мектепті қазақ-ағылшын тілдерінде бітірдім, жоғарғы білімді орыс тілінде алдым. Ал ана тілім – қазақ тілі ананың сүті, әкенің өсиет-өнегесімен бойға дарыды. – Фильмнің актерлері де бұрын-соңды кинода төбе көрсетпеген жандар секілді. Афишадағы есімдердің көпшілігі бейтаныс. – Оныңыз рас, актерлердің басым бөлігі дебьютанттар. Басты рөлді сомдаған Диас Әзімжан – Аягөздің тумасы, «Болашақ» бағдарламасымен Нью-Йорк академиясын кеше ғана тәмамдап келген жігіт. Талантты жас. Өзіне жүктелген міндеттің бәрін жоғары дәрежеде орындап шықты. Оны таңдағанда қателескен жоқпын деп ойлаймын. Фильм прокатқа шыққанда бұған көрермендер де көз жеткізеді.