12 Сәуір 2018, 13:44 678 0 Өнер Анар ЛЕПЕСОВА

Айбозым актерге арналған

Қазақ өнерінің қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтетін дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалі биыл Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнуар Молдабековтің 80 жылдығына арналмақ. Өнер додасының шымылдығы 25 сәуірде түріледі.

1995 жылдан бері театр ұжымы ұйымдастыратын фестивальде соңғы маусымда сахналанған премьералар өзара бәйгеге түсіп, шығармашылық топқа түрлі номинациялар бойынша марапаттар табыс етіледі. Фестиваль аясында театр мамандарының қатысуымен дөңгелек үстел мен баспасөз конференциясын өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, қоюшы-режиссерлер мен актерлер өзіндік жұмыстарын көрермен назарына ұсынады.

25 сәуір күні «Қыз Жібек» (авт. Ғ.Мүсірепов, реж. Е.Нұрсұлтан) музыкалық драмасымен фестивальдің шымылдығы ашылып, негізгі бағдарламада «Адасқақ» (авт. А.Сүлейменов, реж. Ә.Рахимов), «#Жүрегімнің Иесі» (авт. А.Аламан, реж. А.Оспанбаева) спектакльдері сахналанады.

Дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалі бұған дейін Әзірбайжан Мәмбетов, Камал Қармысов, Нұрмұхан Жантөрин, Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бөкеева және т.б. сахна саңлақтарына арналған еді. Бұл жолы қазақ өнерінің маңдайына біткен жарық жұлдызы, театр және кино актері Әнуар Молдабековтің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Әнуар Молдабеков 1960-1980 жылдары М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында саналуан спектакльдерде және бұрынғы КСРО республикаларындағы киноөнер ордалары – «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Мосфильм» т.б. киностудияларда түсірілген туындыларда басты рөлдерді ойнап, тума талант екенін дәлелдеді. Оның есімі халық арасында 1965 жылы «Ән қанатында» фильмінен кейін кең тарады. Мұсаның бейнесі ерекше сәтті шығып, бұл бейнесі үшін Қазақ ҚСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. «Ән қанатындағы» Мұса, «Қан мен Тердегі» Еламан, «Қыз Жібектегі» Шеге арқылы ел сүйіспеншілігіне бөленген актер небары 47 жасында бақилық болды.

Көрнекті театр және кино актері, қазақтың біртуар ұлының есімін театр ұжымы «Театр көктемі» фестивалі арқылы тағы бір мәрте жаңғыртпақ.

 

 

Соңғы жаңалықтар