12 Сәуір 2018, 13:25 558 0 Қауіпсіздік Әсел ӘНУАРБЕК

Ескірген жеделсаты – елге үрей

Бүгінде жеделсатының да адам өміріне қауіп төндіретін басты орындардың біріне айналғанын талайлар байқап жүр. Бірақ одан нәтиже шығарған жан бар ма? Тозығы жеткен лифтілер еліміздің кез келген шаһарынан табылады. Ал сол ескірген жеделсатылар қанша адамның өміріне қауіп төндіріп жатқаны айтпасақ та түсінікті болар.

Әбден көнерген лифтілердің бірінде қаза тапқан ақтөбелік Айзат Әбдісаматтың оқиғасы бүкіл республика жұртшылығын алаңдатқаны анық. Осы қайғылы жағдайдан кейін жер-жерде жеделсатыларды жөндеуге кірісті басшылар. Көпқабатты тұрғын үйлердегі ескі лифтілерді жаңарту, ауыстыру мәселесі талай жылдардан бері көтеріліп келе жатқанымен, оған бас ауыртқан ешкім табылмаған еді.

27 жастағы Айзат Әбдісаматтың қазасынан кейін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы сараптама комиссиясын құру туралы тапсырма берді. Комиссия көп қабатты ғимараттарда қызмет көрсететін лифт жабдықтарының қауіпсіздігі мен сапасына жауап беретін, сонымен бірге, оларға қызмет көрсетумен айналысатын компанияларды кешенді тексермек. «Бізді осы қайғылы жағдай қатты қобалжытты. Бұл жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауға тиіспіз. Қала әкімдігі прокуратура мен тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, барлық лифтілердің жұмысқа қабілеттілігін, оларды жөндеу және күтудің сапасын мүмкіндігінше тез тексеруі керек. Сондай-ақ, басқарушы компаниялардың жұмысын мамандардың қол жетімділігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді орындауын тексеру қажет», – деп атап өтті облыс әкімі.

Ал қайғылы оқиғаға байланысты Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті «Адам өміріне және денсаулығына ауыр зиянын тигізген сапасыз құрылыс жүргізу» бабы бойынша сот алды тергеу амалдарын бастады. Оқиға орын алған үйдің тұрғындары лифтінің әбден тозығы жеткенін айтады. 1998 жылы бой көтерген тұрғын үйге бұрын қолданылған лифтілерді орналастырған көрінеді. 20 жылдан бері осы лифтілерді жөндеп жүрген азамат былтырғы жылы қайтыс болыпты. Содан бері кейінгі қайғылы оқиға орын алғанға дейін жеделсаты жағдайына назар салған жан болмапты. Тұрғындар ғимаратқа қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативі «Жаңабек-Сервис» ЖШС-не тозығы жеткен жеделсатының ақауы туралы талай рет ескерткен. Бірақ серіктестік өкілдері бұған бас ауыртпаған сыңайлы. Ақпарат құралдарында жарияланғандай, Айзаттың ажалына себепкер болған жеделсатының техникалық жағдайы туралы құжаты болмаған. Тіпті, лифтіге арнайы мамандары бар мекеме техникалық қызмет көрсетпеген.

Осы оқиғадан кейін Ақтөбе өңірінде ғана емес, еліміздің барлық шаһарларында жеделсатылардың жағдайы бақылауға алына бастады. Соның нәтижесінде, Көкшетауда да көп қабатты үйлердегі жеделсатылардың көпшілігінің әбден тозығы жеткендігі анықталды. Мамандар құрылғылардың жыл сайын техникалық тексерістен өткізілетінін айтқанымен, 20 жылдан бері қолданылып келе жатқан лифтілерге сенім арту қиын. Жалпы,  Көкшетаудағы 89 үйде 220 лифт болса, оларға 3 компания қызмет көрсетеді. Техникалық талаптар бойынша бір лифттің орташа қызмет көрсету мерзімі – 25 жыл. Мерзімі аяқталған жеделсатыны жаңарту керек. Егер жеделсатының профилактикалық және жөндеу жұмыстарына жіті көңіл бөлініп отырса, бұл қондырғы ширек ғасырдан да артық жүріп-тұруы мүмкін екен. Алайда қазіргі уақытта мүлдем жөндеу көрмеген жеделсатылар да тұрғындарға қызмет көрсетуде. Осының салдарынан кейде жоғарыдағыдай апатты жағдайлар орын алып, адам шығынына ұрындырып жатса да, әзірге оларды жаңалау мүмкін болмай тұр. Себебі көпқабатты тұрғын үйлер жекешелендірілген. Соған орай жеделсатылар да тұрғындардың ортақ пайдалануындағы мүлік болып саналады. Яғни, жеке мүлікті иелері өздері жаңалауы тиіс. Заң бойынша тозығы жеткен жеделсатыны жаңарту немесе ауыстыру үшін тұрғындар өз қалталарынан қаржы шығарулары керек.

Ал лифтілерде болып жатқан түрлі оқыс оқиғалар көбінесе осы лифтке жауапты мамандардың салғырттығынан туындайды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін лифт шаруашылығының қызметіне тексерістер жүргізіліп тұрады екен. Яғни, жеделсатылардың техникалық жағдайы жіті бақылауда. Мамандардың сөзіне сенсек, жаңадан орнатылып жатқан жеделсатылардың қауіпсіздік деңгейі жоғары. Ұсақ ақаудан бастап әртүрлі сыртқы әсерлерге, тіпті адамның оқыс қимылына да автоматты түрде белгі береді екен. Ал лифт қауіпсіз болу үшін қарапайым қолдану ережелерін қатаң сақтаған абзал.

Жалпы, бүгінгі күні қалалы жерлердегі жеделсатылар қауіпті бола бастады. Сонда да, көпқабатты тұрғын үйлердегі лифтілерді қалпына келтірер жауаптылар табылар емес. Мұның бір себебі – жеделсатының сапасына кепілдік беретін «Лифт қызметін лицензиялау» туралы заң жобасының күшін жоюы. Қазақстанда лифт орнату және пайдалану қызметін көрсету үшін лицензия беру тәртібі 2012 жылдан бастап жойылған. Осыдан кейін лифтіге құрылыс компаниясы мен жеделсатыны жөндейтін компания уақытша кепілдік береді. Ол бар болғаны бір немесе екі жыл ғана. Жеделсатының одан кейінгі мәселесі ПИК-ке қатысты. Демек, жеделсатыларды кооператив уақытында тексеріп, бақылауда ұстауы тиіс. Оған қор керек. Қаржы мәселесі қайта айналып тұрғындардың мойнына түседі.

Ескі үйлерді айтпағанда, жаңадан салынған кейбір тұрғын үйлердің лифтілері бірде жұмыс істеп, бірде жұмыс істемей тұрады. Сондықтан жаңадан орналастырылған жеделсатылар да  100 пайыз қауіпсіз деп нық сеніммен айта алмаймыз.

 

 

Соңғы жаңалықтар