Еурокод –жобалау әдістемесі
Бұл құрылыс нормалары мен ережелері салынатын ғимараттың жобасын жасаудан бастап, іргетасы, әрлеу материалдары, инженерлік жүйесі, тіпті, абаттандырылуын да ретке келтіреді. Бұл талаптарды еуропалық стандартқа ауыстырғанымен, ғимараттар үлкен өзгеріске ұшырамайды дейді отандық мамандар. Өйткені еуропалық сапа ең алдымен қауіпсіздікті көздейді. Яғни, еурокодтар тек ғимараттың негізгі салмақ түсетін қаңқасын реттейді. Бұл үйдің іргетасы бұрынғыдан мықты болады деген сөз. Ал ғимараттың іші-сыртын әрлеу құрылыс компанияларының еркіне беріледі. Жаңа нормаларды қабылдау инновациялық технологиялар мен материалдарды қолдануға, жергілікті мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ, құрылыс саласындағы шетелдік қызмет нарығына қазақстандық компаниялардың шығуына мүмкіндік бермек. Көпшілік «Қазақстанда құрылыс жүйесі еурокод стандартына көшеді» дегенді жиі естігенімен, еурокодтар жайлы көп ақпаратқа қанық емес. Еурокодтар – ғимараттар мен құрылыстардың негізгі тірек конструкцияларының механикалық беріктігі мен өртке төзімділігін қамтамасыз ету үшін Еуропалық одаққа мүше елдердің анықтамалық құжаттары ретінде қолдануға арналған жобалаудың жалпы әдістемесі. Жалпы, еурокодтар бойынша жобалау әдістемесі инженер-жобалаушыға қандай да бір ғимараттың конструкциясын негізді түрде және дұрыс есептеуге көмектеседі және оның механикалық, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл нормалар отандық құрылыс өнімдерін өндірушілердің еуропалық нарыққа шығуына, еуропалық стандарттарға жауап беретін өнім дайындауға, ЕО елдерінде құрылыс және инжиниринг қызметтерін көрсетуге, құрылыс материалдары мен бұйымдарын Еуропалық сертификаттауға кететін шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Бірақ еурокодтарды қазақстандық құрылыс нысандарында қолданудың өз ерекшелігі болатынын ескерген жөн. Өйткені еліміздегі табиғи-климаттық және геофизикалық шарттардың еуропалық елдердегі жағдайдан өзгешелігі көп. Еурокодтарды қолданатын әрбір елде олардың ұлттық қосымшалары әзірленеді, онда аталған елге тән параметрлер (сандық мәндер) көрсетіледі, сондай-ақ, дәлсіздіктер бойынша қосымша түсіндірмелер келтіріледі. Өйткені еурокодтар тікелей қолдануға арналмаған және бұл құжат жергілікті жағдайларға бейімделуі тиіс. Қазіргі таңда барлық Стандарттау жөніндегі Еуропалық комитеттен (СЕН) еурокодтарды Қазақстан территориясында қолдануға ресми рұқсат алынған. Еурокодтар 10 бөлімнен, 58 тармақтан және қазақстандық климат пен сейсмологиялық жағдайлар ескерілетін ұлттық қосымшалардан тұрады. Ел арасында бұрыннан қолданыста жүрген «Құрылыс нормалары және ережелері» мен еурокодтардың артық-кем тұсын салыстырып, қайсысы тиімді деген сауалға бас қатырушылар аз емес. Осы орайда, алғашқы құжаттың еурокодтармен қатар қолданыла беретіндігін айта кеткен жөн. Десе де, өткен жылы ондағы 100-ден астам ереженің күші жойылып, оларды жаңа қағидалар алмастырды. Көпшілікті мазалайтын тағы бір сауал – құрылыс жүйесіне еурокодтарды енгізу салынатын ғимарат құнын шарықтатып жібермей ме? Жаңа стандартқа көшу қымбатшылыққа алып келетінін министрлік мойындап отыр. Өйткені жаңа стандарт бойынша құрылыс материалдарына қойылар талап қатаң болғандықтан, оның құны арзан болмайтыны анық. Мәселен, көршілес Ресейде құрылыс саласы еуросапаға көшкенде құрылыс нысандарының шаршы метрі 30 пайызға дейін қымбаттаған көрінеді. Сондықтан еуростандарттар бойынша салынған жылжымайтын мүлік сатып алу қалтаға артық салмақ түсіретініне дайын болған абзал. Бірақ мамандардың сапа мен қауіпсіздік артады деген сөзіне сүйенсек, үстеме ақы өзін-өзі ақтайтынына сенім мол. Бүгінгі күні елімізде бой көтерген құрылыс нысандарының сапасы көңіл көншітпейтіні жасырын емес. Жаңа тұрғын үйлердің көпшілігі ұзаққа шыдамай, бірінің қабырғасы қақырап, екіншісі тұғырымен қоса құлап жатқаны бәрімізге белгілі. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Қарағандыда «Бесоба» тұрғын үй кешенінің опырылып түскенін, Алматы қаласының «Алғабас» ықшамауданында орналасқан жаңа тұрғын үйлердің орнынан жылжығанын жұрт ұмыта қойған жоқ. Құрылыс саласының маманы, ҚАЗҚСҒЗИ АҚ ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығын зерттеу және бағалау зертханасының меңгерушісі Тұрсымбай Төлеевтің айтуынша, Алматы қаласындағы үйлердің тек 41 пайызы ғана сейсмикалық тұрғыдан қауіпсіз саналады. Мыңнан аса тұрғын үйдің сейсмикалық қауіпке төзімділігін тексерген маманның сөзіне сүйенсек, бұрын жобалау кезінде ғимаратқа екі арматура қажет болса, еурокод оның төртеуін талап етеді. Алайда сапа артқан соң, жылжымайтын мүлік бағасы қымбаттайды деген қауесетпен сарапшы келіспейді. «Еурокодқа өту жылжымайтын мүлік бағасын қымбаттатады деп көбі айтып жүр. Баға 30 пайызға өседі дегенді алға тартушылар бар. Олай болмайды. Осыған байланысты салыстырмалы талдау жасадым. Каркасты 9 қабатты темірбетонды үйді алып, қазіргі құрылыс нормалары және еурокод бойынша есептеп шықтым. Сосын бетон мен арматураның шығындарын салыстырдым. Байқағаным, арматураның шығыны аздап артады. Бірақ бұл шығын ғимараттың жалпы құнының небары 0,5 пайызын құрайды», ‒ дейді Тұрсымбай Төлеев. Еурокодтарды енгізу үшін отандық сейсмологтар да белсенді жұмыс істеуде. Сейсмология институты бірнеше жылдан бері жалпы аудандастыру картасын жасап келеді. «Біз аудандастыру картасын жасаумен бір жарым жылдан бері айналыстық. Әрбір облыстық орталықтардағы елді мекендердің сейсмоқауіптілігін бағалау үшін қайтадан тексеру жүргіздік. Бұрындары біз мына нысан осынша баллға төтеп береді деген деректі ғана көрсететінбіз. Қазір басқа параметрлер бар. Яғни, мамандар жер қабатын толығымен зерттеп, ескеретін болады. Жалпы, жердің сейсмоқауіпсіз аймақ екеніне көз жеткізіп алмай тұрғын үй салуға рұқсат берілмеуі керек», ‒ дейді ҚР БҒМ «Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы» АҚ аймақтық сейсмикалық зертханасының меңгерушісі Алла Садықова.