Қайта құрылған жаңа аудан

Қайта құрылған жаңа аудан

Қайта құрылған жаңа аудан
ашық дереккөзі
Бұған дейін Нарынқол ауданын құру туралы ұсыныс аракідік айтылып келді. Былтыр жыл соңында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жағымды жаңалықтың шетін шығарып, халықтан сүйінші сұрағанда, жұрт игі істің алысқа ұзамайтынын болжаған. 2017 жылдың 10 тамызында Алматы облысының мәслиxат отырысында ҚР Үкіметіне Алматы облысы Райымбек ауданынан жер бөлу арқылы жалпы ауданы 711 937 гектар болатын жаңа аудан құру туралы, сондай-ақ, республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жаңадан құрылған ауданға «Нарынқол» атауын беру туралы ұсыныс жіберілген еді. Ал былтыр жыл соңында Алматы облысының әкімі «Жаңа аудан құрылатынын қуанып айтамыз. Іс жүзінде қабылданды. Үкіметтің қаулысы мен Елбасының шешімі шыққаннан кейін xалыққа жеткіземіз. Нарынқол әкімшілік ауданына барғанда жастардың бәрі ауылдан кетіп жатқанын, Алматының жан-жағында жұмыссыз, не базарда жүргенін көрдік. Қазір ол жерде бұрынғы Нарынқол ауданын құру туралы ұсыныс жасадық. Шекарасын бөліп, бәрін көрсетеміз», – деп мәлімдеген-ді. Сәуір айының басында Елбасы Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы Жарлыққа қол қойып: «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес, Алматы облысының Райымбек ауданын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Кеген ауылында орналасқан Кеген ауданы, әкімшілік орталығы Нарынқол ауылында орналасқан Райымбек ауданы әкімшілік-аумақтық бірліктері құрылсын» делінген аталмыш жарлықта. Елбасының бұл Жарлығы тек нарынқолдықтардың ғана емес, бүкіл Қазақстанның шекаралы аудандарының қуанышы. Өйткені 1997 жылдың көктемінде бірнеше облыстар жабылып, көптеген аудандар тарқатылған тұста Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облысының Қытай Халық Республикасымен екі арадағы мемлекеттік шекарасы бойына орналасқан аудандардың біразы ықшамдауға ілігіп, көршілес жатқан аудандарға қосылып кеткен еді. Осылайша, шығыста – Тарбағатай, Катонқарағай, Марқакөл, Мақаншы, Таскескен аудандары, Алматы облысында – Қапал, Үйгентас, Бөрілітөбе, Нарынқол сынды аудандар қиын жағдайда қалды. Ел үдере көшіп, шекара бойы жадағай болып қалды. Статистикаға сенсек, 1997-2011 жылдар аралығында шекаралық аудандардағы 45 елді мекен еліміздің картасынан жойылып, 20-дан астам мектеп жұмысын тоқтатыпты. Сол тұста Алматы облысында Қапал, Үйгентас, Бөрілітөбе, Нарынқол сынды аудандар атауын өзгертті. 1997 жылы Нарынқол ауылында 12 мыңдай адам болса, бүгінгі күні соның 7 мыңдайы қалған. Шекараға жақын орналасқан Сүмбе, Сарыбастау, Текес және шекараның тура тұсындағы Ұзақ ауылында кезінде 5 мыңға жуық адам болса, қазір 3 мыңға жетер-жетпес халық тұрады. Сондықтан Нарынқол мен Кегенді бөлу жеке аудан болуды армандайтын шекара бойындағы талай елді мекеннің өшуге айналған үміт шоғын қайта тұтатты. Демек, алдағы уақытта елімізде тіршілігі тоқырап, қараусыз қалған Нарынқол секілді елді мекендердің бойына қан жүгірері анық. Жаңа өзгерістерге сәйкес, Райымбек ауданына 11 ауылдық округ және 20 елді мекен кіріп, аумағы 711,9 мың гектарды құраса, жаңадан құрылған Кеген ауданы 710,3 мың гектар аумаққа және 12 ауылдық округ, 34 елді мекенге ие болды. Ауданды екіге бөлу шараларына бюджеттен 2 млрд теңге қарастырылды. Мұның сыртында тұрғын үйлер құрылысына, инфрақұрылымдар жүргізуге, техникалық жабдықтауға қосымша қаржы көзделмек. Нәтижесінде Нарынқол – агроөнеркәсіптік кешенді, Кеген – туризмді дамытпақ. Бұрынғы Нарынқол ауданының жетістіктерін облыс жұртшылығы жақсы біледі. Ауданда қой-ешкі малының саны 500 мыңнан асып, мемлекеттік жоспарлар үнемі артығымен орындалып отырған. Сондай-ақ, 40 мың гектар жердің 29 мыңы суармалы егістік болатын. Жыл сайын 3 мың гектардан астам жерге картоп отырғызып, одан да лайықты өнім алынып келген. Ал Кеген ауданы туризм саласын дамыту арқылы аудан бюджетін нығайта түспек. Жалаңаш ауылынан Көлсай көліне дейінгі 8 шақырым жолды былтыр басталған жөндеу жұмысы биыл аяқталады. Бұдан бөлек Қайыңды көліне дейінгі 12 шақырым жолдың жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Сонымен қатар, Көлсай көлінің бас жоспары жасалып, туристік нысандар салынбақ. Өткен жылы аталған жерлерге 40 мыңға жуық турист келіп, демалып қайтты. Енді осы жерлердің инфрақұрылымы жақсарса, келіп-кетушілердің саны арта түсетіні анық.