Сингапур салатын зауыт

Сингапур салатын зауыт

Сингапур  салатын зауыт
ашық дереккөзі
Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында аз тонналы мұнай өңдеу зауытын салу жоспарлануда. Сондай-ақ, аудандағы Атасу елді мекенінде автожанармай құю станциясы салынбақ. Жобаның жалпы құны – 300 миллиард теңге. 2018-2021 жылдар аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылатын мұнай өңдеу зауытын салуға сингапурлық «R Way Solution PTE Ltd» компаниясы ниетті. Бүгінде «Абылайхан» компаниясы мен сингапурлық инвесторлар арасында өзара серіктестік жайлы келісімшартқа қол қойылған. «Біз Қазақстанға тікелей мұнай кластерін әкелеміз. Шикізат Қостанай облысындағы «Новонежинскте» өндіріледі. Ал Қарағанды облысының аумағында аз тонналы мұнай өңдеу зауыты салынады. Атасу елді мекені өте ыңғайлы жерде орналасқан. Тасжол, теміржол да өтеді. «Тоғыз жолдың торабы» десе де болады. Сондықтан да осы жер таңдалып алынды. Мұнай өңдеу зауыты отандық нарықтағы мұнай өңдеудің 10 пайыз көлеміндегі жұмысын жабады деп күтілуде. Зауыттың жалпы қуаты жылына 1 миллион тоннаны құрайды. Сондай-ақ өндіріс орны АИ-92, 95,98 жанармайы мен «Jet-A1» авиациялық жермайын және арктикалық отын өндіретін болады», ‒ дейді «Абылайхан» компаниясы тобының басқарма төрағасы Әмір Исмағұлов. «R Way Solution PTE Ltd» компаниясының өкілі Рагунандан Баласубраманианның айтуынша, зауыт салу үшін Орталық Азиядағы дамушы әрі экономикасы тұрақты ел Қазақстанға басымдық берілген. «Атасу елді мекенінде зауыт қана емес жұмыскерлер ауылы салынады, сондай-ақ, компания қызметкерлері үшін тұрғын үй, балалар бақшасы, емхана мен спорт кешенін салу жоспарлануда. 1 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны елді мекенде зауыт пен басқа нысандарды салу үшін инвестициялау көзделіп отыр», ‒ дейді Рагунандан Баласубраманиан. Жалпы жоба аясында құрылыс жұмыстары үшін 3 000-ға тарта құрылыс маманын тарту көзделіп отыр. Ал зауыт іске қосылғанда шамамен 1 мың  адам жұмыспен қамтылады. Әмір Исмағұловтың айтуынша, Атасуда салынатын зауытта жұмыс істейтін қызметкерлерді оқытатын арнайы мамандандырылған колледж ашу жоспарлануда. «Зауыт заманауи технологиямен жұмыс істейтіндіктен біз шетелдік серіктестерді тартуды ойластырып жатырмыз. Олар біздің қызметкерлерді оқытатын болады. Шетелдіктер зауытта бір жыл жұмыс істегеннен кейін әрі қарай өзіміздің мамандар еңбек ететін болады», ‒ дейді ол.