12 Сәуір 2018, 11:01 493 0 Нұр Отан Анар ЛЕПЕСОВА

Қариялар қамқорлықтан қағылмайды

Алматыда «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында №2 қалалық емханасында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және қарттарға медициналық көмек көрсетуге арналған «Ашық есік күні» акциясы өткізілді.

Іс-шараға «Нұр Отан» партиясының Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Меруерт Мұқанова, «Үміт» ардагерлер клубының мүшелері, №2 қалалық аурухана қызметкерлері және қалалық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты. №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері Тоғжан Есбергенова бастаған емхана қызметкерлері қарияларды жан-жақты медициналық тексеруден өткізді.

‒ Біз ардагерлерге кез келген уақытта медициналық көмек көрсетуге дайынбыз, олар үшін әрдайым емхана есіктері ашық. «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен бірлесе отырып, «Ашық есік күндері» жиі өткізіліп тұрады және қажетті жағдайлар жасауға қарттарға ерекше көңіл бөлінеді, ‒ деді бас дәрігер Т.Есбергенова.

Акция барысында ардагерлер ақысыз түрде кеңес алып, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде түрлі саладағы дәрігерлерге қаралуға мүмкіндік алды. Медициналық тексеріс кезінде ардагерлердің көңіл-күйлері көтеріңкі болып, акция қатысушыларына ризашылықтарын білдірді. «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Меруерт Мұқанованың айтуынша, медициналық мекемелермен бірлесе өткізілетін қарттарға арналған осындай әлеуметтік бағдарламалар аясында іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылып тұрады.

‒ Қарияларға ең үздік сапалы медициналық көмек көрсету үшін партия барлық қажетті шараларды қолданады. Бүгін дәрігерлер осы науқан барысында 20-ға жуық ардагерді қабылдады. Медициналық мекемелердің тарапынан осындай жобаларға тиісті қолдау көрсетуі тұрақты түрде жүзеге асырылады, ‒ дейді М.Мұқанова.

Соңғы жаңалықтар