11 Сәуір 2018, 16:03 758 0 Қауіпсіздік Анар ЛЕПЕСОВА

Цукерберг Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға қалай киліккенін айтып берді

Facebook компаниясының басшысы Марк Цукерберг Ресей қолдайтын және әлеуметтік желіні сайлауда түрлі айла-шарғы жасап, қоғамдық пікірге ықпал етуге қолданғысы келетін топтарға батыл қарсы тұратынын мәлімдеді. 33 жастағы интернет-магнат бұл туралы 11 сәуірде АҚШ Сенатында өткен тыңдауда айтты, деп хабарлайды centralasian.org.

Сенаторлар Цукербергке әлеуметтік желінің АҚШ-тағы президент сайлауына сырттан ықпал етуге қолданылғаны, жеке хат-хабар алмасу құпиясы мен қолданушылардың жеке мәліметі туралы құпияның бұзылғаны туралы сұрақтар қойды.

Цукерберг Cambridge Analytica компаниясының АҚШ-тағы президент сайлауы нәтижесіне ықпал ету үшін 87 миллион қолданушының жеке мәліметтерін жинау әрекетіне тосқауыл қоя алмағанына жауапты екенін мәлімдеді.

Ол сонымен қатар жалған ақпаратқа, шетелдің килігуіне және желіде "жеккөрушілік сипатындағы сөздердің" пайда болуына қарсы жеткілікті іс-шаралар қолданбағанын мойындады.

Конгресте сөйлеген Цукерберг "Ресейде біздің жүйемізді және басқа да интернет жүйелерін пайдалануға тырысатын адамдар бар" деді. Цукерберг мұны "қарулану бәсекесі" деп атап, сайлау кампаниясына сырттан ықпал етуге қарсы тұру үшін Facebook-ті күшейтудің маңызды екенін айтты.

Facebook басшысы "2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауы уағында ресейлік ақпараттық операциялардың баяу әшкереленгені" ең үлкен өкініш болғанын айтты. "Біз әуел баста әшкереленген дәстүрлі кибершабуыл жағдайында жұмыс істеуге дайын болдық. Бірақ жаңа ақпараттық операцияларды жедел аңғара алмадық" деді Марк Цукерберг.

Ол сонымен қатар осы жылдың соңына дейін ақпараттық қауіпсіздік және контент-анализ қызметкерлерінің санын 20 мыңға дейін арттыру жоспары барын хабарлады. Цукербергтің айтуынша, Facebook ендігі жалған аккаунттарды тани алатын жаңа жасанды интеллект құралдарын қолдана бастаған.

Марк Цукербергтің сөзінше, Facebook Ресей мен АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың сайлау кампаниясы қызметкерлерінің арасындағы байланысты тексеріп жатқан арнайы прокурор Роберт Мюллермен ынтымақтастық орнатқан.

Соңғы жаңалықтар