11 Сәуір 2018, 15:25 806 0 Экономика Анар ЛЕПЕСОВА

Ақышев: Теңге рубльге байланып қалған жоқ

Теңге бағамының күрт құлдырауына еліміздің сауда серіктесі - Ресейге қарсы санкциялар әсер еткен. Бұл туралы  Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.

"Теңге бағамы сыртқы және ішкі нарықтарға тәуелді.  Соңғы бірнеше күнге дейін барлық макроэкономикалық параметр тұрақты болды. Ең алдымен ол – мұнайдың жоғары бағасы және сауда серіктестері валютасының тұрақтылығы. Өкінішке қарай, АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары Ресейдің қор нарығы мен валюта нарығын құбылтты.  Ресей біздің сауда серіктесіміз, ЕАЭО-ға мүше елдерміз. Әрине, біз бір-бірімізге ықпал етеміз. Сондықтан осы жағдайда Ресейде болып жатқан оқиғалар Қазақстанға әсерін тигізеді", — деді Ақышев.

Ұлттық банк төрағасы теңге рубльге байланып қалмағанын атап өтті.

"Біз бір-бірімізге тәуелді болғанымызбен, теңге рубльге байланып қалған жоқ. Неге рубль қатты өзгеріп, теңге аз құбылды? Бірінші себеп, Қазақстан қандай жағдай болмасын санкцияларға тікелей де, жанама да ілікпейді. Себебі біздің мемлекет барлық елмен жақсы қарым-қатынаста", — деді ол.

Ақышев ұлттық банк үкіметпен бірлесіп валюта нарығындағы жағдайды зерттеп жатқанын айтты.

"Ұлттық банк теңге бағамына қатысты болжам жасамайды. Халыққа асығыс шешім қабылдамауға кеңес беремін. Нарықта қазір сұраныс пен ұсыныс балансы жүріп жатыр. Мұның бәрі сыртқы шокпен, яғни Ресейдегі жағдаймен байланысты. Ал Қазақстанда ондай өзгеріске еш себеп жоқ. Теңге күшеюі де, әлсіреуі де мүмкін. Айырбас пунктерінде теңге де, шетелдік валюта да жеткілікті. Халық дүрлігіп жатқан жоқ", — деді Ақышев.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, интервенцияға қатысты  ақпарат 7-8 мамырда жарияланады.

 

Соңғы жаңалықтар