Ғылым мен бизнес диалогы
Ғылым мен бизнес диалогы
Өткен аптада, яғни 6 сәуірде Астана қаласындағы Назарбаев университетінде Орталық Азия бойынша алғашқы ғылыми-зерттеу форумы өтті. Ел ішінде және шет елдерде ғылыми зерттеу жасап жүрген жас ғалымдардың басын қосқан шараға Ұлыбританиядағы Қазақстан PhD қауымдастығы мұрындық болып, Назарбаев Университетінің түлектер ассоциациясы және «Самұрық-Қазына» АҚ Әлеуметтік өзара әрекеттесу және байланыс орталығы қолдау көрсеткен. Ұлыбританиядағы Қазақстан PhD қауымдастығының президенті Алия Сембаеваның айтуынша, бұл ғылыми форум осыдан бес жыл бұрын Кэмбридж университетінің студенттері ұйымдастырған жиыннан бастау алған. Алғашқы кезде білім беру саласында зерттеу жасап жүрген жас ғалымдардың басқосуы болғанымен, жылдан жылға форумның тақырып аясы кеңейіп, оған жаратылыстану, әлеуметтік ғылымдар өкілдері де үн қосып, қатысушылар саны еселеп артып келеді. Биыл наурыз айында Лондонда өткен осындай форумға жетпістен аса жас зерттеуші қастысып, өз ғылыми жобалары жайлы ой бөлісті. Енді осындай ғылыми пікір алмасу мақсатында ұйымдастырылған жиынды Қазақстанда жыл сайын өткізу жоспарда бар екен. Назарбаев университетінде өткен бірінші форум бұдан былай дәстүрлі шараға айналады деген үміт бар.