Ғылым мен бизнес диалогы

Ғылым мен бизнес диалогы

Ғылым мен бизнес диалогы
ашық дереккөзі
Өткен аптада, яғни 6 сәуірде Астана қаласындағы Назарбаев университетінде Орталық Азия бойынша алғашқы ғылыми-зерттеу форумы өтті. Ел ішінде және шет елдерде ғылыми зерттеу жасап жүрген жас ғалымдардың басын қосқан шараға Ұлыбританиядағы Қазақстан PhD қауымдастығы мұрындық болып, Назарбаев Университетінің түлектер ассоциациясы және «Самұрық-Қазына» АҚ Әлеуметтік өзара әрекеттесу және байланыс орталығы қолдау көрсеткен.  Ұлыбританиядағы Қазақстан PhD қауымдастығының президенті Алия Сембаеваның айтуынша, бұл ғылыми форум осыдан бес жыл бұрын Кэмбридж университетінің студенттері ұйымдастырған жиыннан бастау алған. Алғашқы кезде білім беру саласында зерттеу жасап жүрген жас ғалымдардың басқосуы болғанымен, жылдан жылға форумның тақырып аясы кеңейіп, оған жаратылыстану, әлеуметтік ғылымдар өкілдері де үн қосып, қатысушылар саны еселеп артып келеді. Биыл наурыз айында Лондонда өткен осындай форумға жетпістен аса жас зерттеуші қастысып, өз ғылыми жобалары жайлы ой бөлісті. Енді осындай ғылыми пікір алмасу мақсатында ұйымдастырылған жиынды Қазақстанда жыл сайын өткізу жоспарда бар екен. Назарбаев университетінде өткен бірінші форум бұдан былай дәстүрлі шараға айналады деген үміт бар.  width= Назарбаев университетіндегі алғашқы форум «Орнықты даму үшін бірге жұмыс істейміз» деп аталып, ғылым, бизнес, коммуникациялар салаларын қамтыды. Бұл жиынның британдық форумнан бір айырмашылығы – оған қазақстандық «Самрұқ-Қазына», Samruk-Green Energy, KazEnergy, «Базис-А», сияқты ұлттық компаниялар өкілдері келіп, инновациялық-ғылыми бағытта атқарып жатқан өз жобалары жайлы пікір бөлісуі еді. Форумның тағы бір ерекшелігі – оның бастан-аяқ ағылшын тілінде өтуі. Арнайы шақырылған қонақтар – Ұлыбритания және Солтүстік Ирландияның елшісі Майк Гиффорд мырзадан бастап, түрлі сала мамандары, жас ғалымдар мен оларға сұрақ қойып, талқыны қыздырған Назарбаев университеті студенттері арасында ағылшын тілі басты қарым-қатынас көпірі болды. Мұндай жиындар қазақстандық жас ғалымдар үшін ортақ пікір алмасу алаңқайына айналып, олардың кәсібилігін арттыруына және бизнес компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнатуына сеп болуы кәдік. Білім беру ордалары мен өндіріс ошақтарын, ғылым мен бизнесті жақындастырудың бір жолы осы.  

Көлбай ЖЕҢІС

Астана