Елордада көше саудагерлеріне QR-кодтар таратылады
Елордада көше саудагерлеріне QR-кодтар таратылады
Жуырда елорда кәсіпкерлеріне, оның ішінде көше саудагерлеріне QR-кодтар беріледі. Бұл - Астана көшелерінде жабайы сауданы азайтуға бағытталған шара.
«Жабайы сауданы азайту үшін біз цифрлық технологияны, атап айтқанда адал және заңды түрде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің сауда нысандарына QR-кодтар тағайындаймыз. Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлеріне планшеттер таратып бердік. Соның көмегімен олар жедел түрде заңсыз жұмыс істейтін кәсіпкерлерді анықтап, сол жерде Е-айыппұл бағдарламасы бойынша әкімшілік айыппұл жазып беретін болады», - деді Елорда Инфо тілшісіне Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Рысгүл Қауғабаева.
Оның айтуынша, тек 2017 жылы жергілікті полиция қызметкерлері Жер қатынастары басқармасы және аудандық әкімдіктермен бірлесіп, рұқсат етілмеген жерде саудамен айналысқаны үшін 3096 адамға жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам айыппұл салды. Сондай-ақ өткен жылы Астананың көше саудагерлері бірыңғай формаға көшкен болатын. «Біз бірыңғай форманы қолдан жасау оқиғасын бақылаған жоқпыз. Бірақ кәсіпкерлердің айтуынша, кейбір жабайы сауда жасаушылар ол форманы қолдан жасап алған», - деді Р.Қауғабаева.