Көршілер дәмді етке қызығуда

Көршілер дәмді етке қызығуда

Көршілер дәмді етке қызығуда
ашық дереккөзі
Еліміздің ет экспортына ерекше көңіл бөлетіні белгілі. Ондағы мақсат – ет экспортының көлемі мен әлеуетін арттыру. Соңғы жылдары Қазақстанның сырттан ет алуына қарағанда отандық өнімді экспорттау көлемі артып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен аптада Қазақстанның Қытайға мұздатылған қой етін экспорттайтынын мәлімдеді.

Талапқа сай өнімдер экспортталады

Ет экспортында ветеринарлық талаптар аса маңызды. Өткен айда Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамыту үшін ең алдымен ветеринария саласын дамыту қажеттігін ескерткен болатын. «Ветеринария – бұл қауiпсiздiк мәселесi. Бұл жүйе қатал болуы тиiс. Дамыған ветеринария саласынсыз ет экспорты туралы айтудың да қажетi жоқ», – деген еді Өмірзақ Шөкеев. Қытай еліне 2017 жылы 153 бас асыл тұқымды жылқы экспортталған. Енді көрші ел қазақстандық ет өнімдерін тұтынатын болады. Одан кейін Қытайға қойды тірідей жеткізу де жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдемесіне сүйенсек, Қытайға экспортталатын өнім еліміздің 9 облысында дайындалып, теміржол арқылы Алтынкөл және Достық бекеттерінен жөнелтіледі. Қытай қазақстандық ет өнімдерін өз талаптары бойынша қабылдап алатыны сөзсіз. Яғни, экспортталатын тауарлар олардың стандарттарына сай болуы қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдұлдановтың айтуынша, Қытай отандық ет өнімдерін екі шешім бойынша қабылдап алады. Яғни, кәсіпорындар талапқа сай келсе, мемлекеттік ветеринарлық қызметтің кепілі бойынша тауарды қабылдап ала береді. Болмаса қытайлық тарап өздері елге келіп, реестріне енгізеді. Өткен аптада экспорттың ветеринарлық талаптары Иран Ислам Республикасымен де келісілді. Тегеран қаласына сапармен барған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева бастаған делегация Иран ветеринарлық ұйымы өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында ветеринарлық талаптар көрсетілген келіссөзге қол қойылды. Бекітілген талаптарға сай, Қазақстанда өндірілген құс жұмыртқасы Тегеранға тек Иран Ислам Республикасының талаптарына сай белгіленген жағдайда ғана жеткізіледі. Яғни, әр жұмыртқада өндірілген күні, оралған күні, жарамдылық мерзімі, өндіруші көрсетіліп тұруы тиіс. Ал қазақстандық мал еті халықаралық талаптарға сәйкес 5-6 күн бойы сақталатын болады. Егер қазақстандық тарап өнімдерді аталған талаптарға сай экспорттайтын болса, Иран нарығында Қазақстанның ет өнімдеріне деген сұраныс арта түсері сөзсіз. Ал Қазақстан Иранға экспорттық тасымалды сәуір айынан бастап қолға алды.

Өңірлерде ет экспорты көлемі ұлғаюда

«Бiз өсiмдiк шаруашылығына қарағанда мал шаруашылығында өнiмдiлiк жоғары екенiн түсiнемiз. Сондықтан бiзге мал шаруашылығын дамыту керек. Елiмiзде бұл үшiн барлық жағдай қалыптасқан. Жанымызда Ресей мен Қытай сияқты екi iрi нарық бар. Қытайға 1 млн тоннадан астам өнiм жеткiзiледi және бұл көрсеткiш жыл сайын 10 пайызға артып отыр. Ал Ресей 700 мың тонна өнiм алады. Бiзде жайылым жерлер мен осы салада жұмыс iстей алатын адамдар бар. Кейбiр елдер мал бағу үшiн адамдарды да сырттан жалдайды. Бiзге бұл қажет емес. Бiз осы саланы дамыта аламыз. Елiмiзде асыл тұқымды мал саны да 300 мыңға артты. Бұл көрсеткiштi арттыру керек», – дедi Өмірзақ Шөкеев. Министрдің сөзін еліміздің өңірлеріндегі кәсіпкерлер де қолдап отыр. Сондықтан қазір мал етін дайындау, оны экспорттау ісіне еліміздің барлық өңірлері ерекше ден қоюда. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында өткен жылдың соңында тауық етін өңдейтін жаңа кәсіпорын ашылды. Мұнда маусымына 3,5 млн балапан өсіріліп, 7 мың тоннаға жуық құс еті саудаға шығарылады. Кәсіпорында өндірілген өнімнің 90 пайызы жергілікті нарықты толтырса, 10 пайызы экспортқа жөнелтіледі. Сондай-ақ, аталған кәсіпорын жергілікті тұрғындардың жылқы мен сиыр, қой етіне деген сұранысын толық өтейді. Қазіргі уақытта өңірде төрт түлік малдың қатары көбейген. Төрт түліктің көбеюі ет экспорты көлемінің артуына оң әсер етуде. Алдағы уақытта дайын өнімдер Ресей, Қытай, Беларусь және Әзірбайжанға экспортталмақ. Қызылорда облысы да ет өндіріп, оны экспорттаудан кенже қалып жатқан жоқ. Сырдың кәсіпкерлері жылына 100 тонна ет дайындап, оның басым бөлігін экспортқа шығаруды мақсат етіп отыр. 2017 жылы Қызылорда Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Моңғолия елдеріне 2 244 бас тірі қой жөнелткен. Алдағы уақытта малды тірідей сату тоқтатылып, халықаралық стандарттарға сай келетін ет өндіру комбинатын ашу жоспарлануда. Жоспар бойынша, 2021 жылға дейін Қызылорда облысынан 200 тонна сиыр еті экспортқа шығуы қажет.