5 Сәуір 2018, 10:45 935 0 Нарық Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Мағбат Спанов: Шетелдіктер қалталарының қамын күйттейді

Экономика дамымаса, халықтың тұрмысы жақсармайды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері талай дағдарысты бастан өткерді. Оның бәрінен қиналмай шықтық.  Бірақ еліміздің тек мұнай мен газға тәуелді экономикасы бізді тығырықтан шығара ма? Біз экономикадағы бүгінгі қалыптасқан ахуал жайында белгілі экономист Мағбат Спановты әңгімеге тартқан едік.

– Мағбат Уарысбекұлы, белгілі экономист ретінде елдегі экономикалық жағдайдың бет-алысына қандай баға бересіз?

– Әдетте Қазақстан экономикасы жұрттың аузында жүретін мұнай мен газға тәуелді болып саналады. Сарапшы мамандардың пікірінше, мұнайдың бағасы ауытқып тұруы заңдылық. Қазір баға көтерілді. Ал АҚШ мұнай өндіруде көш басында. Мәселен, АҚШ бір күнде шамамен 10 млн баррель мұнай өндіреді. Екінші орында – Ресей, үшінші орында – Сауд Арабиясы. Соңғы екі мемлекет те нарыққа шығуға жанталасып жатқан жоқ. Себебі екі мемлекет әлеуметтік бағдарламаларға тәуелді ішкі бюджетті толтыру қамына кірісіп кетті. Сондықтан да мұнайды межеден тыс өндіруге аса құлшыныс танытпайды. Мәселен, ОПЕК құрамына кірмейтін мемлекеттер тек келіссөз аясында ғана жұмыс істейді. Соның ішінде Қазақ­стан да бар. Айталық, 2017 жылы Қазақстан 73 млн-ға жуық тонна мұнай өндірген. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 11,2 пайызға көбірек. Біз келіссөзде 20 мың баррелге дейін аз мұнай өндіреміз деген едік. Бірақ қосымша 10 млн тоннаға артық өндірдік. Демек, біз шартты орындап отырған жоқпыз. Сондықтан да баға құбылмалы болып тұр. Бұл тізімде Қазақстанмен қоса, Венесуэла да бар.

– Биыл мұнай мен газ бағасы шарықтай түседі деген еді. Сіздің болжамыңыз қандай?

– Әдеттегідей жағдай ғой. Бірақ анау айтқандай қымбаттамауы керек. Газдың бағасы маусымдық кезеңге тікелей байланысты. Сондай-ақ, Ресей мен Украина арасындағы газ дауына байланысты өрбуі мүмкін. Газ тасымалының  қиындығынан Еуропа үшін газ бағасы қымбаттайды. Тағы бір айта кетерлік жайт, баға негізінен Қытайға тәуелді. Бүгінде мұнай мен газдың әлемдік бағасын Қытай анықтап отыр. Былтыр Қытай елі саяси мәселелерді қатаңдатып, қаржылық жағдайын жақсартуға байланысты мақсат қойды. Яғни, қаржылық әлеуетіне күш салмаса, мұнай мен газ бағасы аумалы-төкпелі болуы мүмкін. Оларға бұл қажет емес. Себебі Қытайдың өзі мұнай мен газдың негізгі тұтынушысы. Қытай экономикасы әлем бойынша бірінші орынға шыққан. 2016 жылы ЖІӨ бойынша АҚШ-ты алғаш рет басып озды. Бұл тенденция әлі жалғасын таппақ. Бүгінде Қытай алдағы үш жылға арнайы жоспар жасап, экономикалық ахуалын нығайтуды қолға алды.

– Кейбір мамандар Қазақстанның мұнай қоры түгесілуге жақын деп дабыл қағуда. Естіген құлаққа жағымсыз сөз екен... 

– Шын мәнінде, мұнайды кімге сатсақ та, бәрібір. Бірақ бір ғана тұтынушыға тәуелді болып қалмас үшін тепе-теңдікті сақтау керек. Міндетті түрде диверсификация жасау қажет. Әзірге жағдай осы. Мәселен, «Қашаған» кен орны өндірген мұнай Қытайға емес, Еуропа елдеріне жол тартады. Ал газды Қытайға онсыз да аз көлемде сатамыз. Ең басты жайт, мемлекеттің ішкі мәселесін, солтүстік пен шығыстың жағдайын шешіп алуымыз керек.

– Елімізде 2020 жылдарға дейін елді мекендерді газдандыруға байланысты арнайы бағдарлама қабылданды. Мұның орындалу барысы қалай?

– Әлгінде айтқаным сол ғой. Ең алдымен, іштегі жағдай реттелуі тиіс. Бір нәрсе анық, біз бұл мәселеде кешігіп қалдық. Негізі газдандыру жұмысын 2000 жылдардың басында қолға алу керек еді. Әншейінде «Қазақ­стан­ мол көлемдегі газ қорына бай мемлекет» дегенді айтудан жалықпаймыз. Соған қарамастан, еліміздің шалғайдағы елді мекендері тұрмақ, кейбір қалаларды газбен толық қамтамасыз ете алмадық. Себебі айтуға шебер болсақ та, іске келгенде олақтық танытамыз. Меніңше, газдандыру жұмысы қымбатқа түссе де, жүре береді. Ең күрделі мәселе – Қазақстанның батысынан еліміздің басқа өңірлеріне газ тарту. Ертеректе еліміз газды Өзбекстаннан импорттады. Қазір батыс өңірден Қытайға тартылған мұнай мен газ құбыры арқылы Оңтүстік Қазақстанды қамтамасыз етіп отырмыз. Ендігі міндет – еліміздің солтүстік пен орталық өңірін газбен қамтамасыз ету қажет.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананы газдандыру мәселесін 1-1,5 жылда шешуді тапсырды. Ол Қызылордадағы Қараөзектен Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана арқылы магистралды газ құбыры салынатынын мәлім етті. Мәліметтерге қарағанда, бүгінде республикадағы газдандыру деңгейі шамамен 50 пайызды құрайды. Батыс пен оңтүстіктегі 9 облыс газбен қамтамасыз етілді. Орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Осыған байланысты Қызылорда облысындағы Қара-өзектен Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана арқылы магистралды газ құбырын салу қолға алынды. «Бұл 2 млн 700 мың адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, Арқаның экологиялық ахуалына жақсы әсер ететін болады», – деді Президент.

Тұңғыш рет батыстағы газ оңтүстік арқылы Шымкент-Алматыға дейін жеткізілді. Мүмкіншілік бар. Сондықтан бұл мәселені шешетін болсақ, Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуы 6 есеге немесе 35 мың тоннаға азаяды.

Қараөзек – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытындағы магистралды газ құбыры арқылы еліміздің солтүстігіндегі Павлодар, Петропавл, Көкшетау қалаларын да газбен қамтамасыз ету қарастырылмақшы. Былтыр Құрманғазы ауданының Ресей Федерациясымен шектесетін 10 ауылына газ құбырларын тарту жұмыстары басталған еді. Жобаның жалпы құны 10 миллиард теңгені құрайды. 2018 жылы 135 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарға іліксе, 2019 жылдың алғашқы жартысында облыс тұрғындарының 99,2 пайызын газбен қамту міндеті қойылған. Қазіргі кезде ауылдық жерлердің газбен қамтылу көрсеткіші 79,3 пайызға жеткен. Бірақ бұл ақпараттың растығына күмән келтірушілер көп.

– Еуропа мен Ресейдің арасы күн өткен сайын күрделеніп барады. Экономикалық байланыстардың тамырына балта шабылатын сияқты. Баға шарықтап, инфляция өрши түсуі мүмкін. Бұның қоғамға әсері қандай болмақ?

– Рас, Ресей ендігі кезекте Еуропаның қақпасын біз үшін жабады, осының салдарынан Қазақстанда баға аспандамаса, төмендемейді. Ең таңданарлығы, қандай да бір операциялық шығындары көп, беймәлім шетелдік кеңесшілері қаптаған кейбір мекемелерді қоғам бақылай алмайды. Қыл аяғы, шағын және орта бизнес құрылымдары  3 жылда бір мәрте сүзгіден өтетінін ескерсек, Даму институттары құрылғалы бері талай жыл болса да, бір рет бақылауға алынып, тексерілмеген. Осынау атынан ат үркетін Даму институттарына бөлінген мемлекет қаржысы арнайы депозиттерге салынып, жылына шамамен 82 пайыз пайда көретін сияқты. Кәсіпкерлікті дамыту бағытына салынған ақшалар банктердің депозиттерінде сіресіп жатқан соң, не айтуға болады? Ал бұны тексеретіндер имидждік бағдарламалармен қызу айналысудан әріге аса алмайды. Сондықтан бәрі де экономикалық саясатты дұрыс жүргізуге байланысты.

– Соңғы кезде елімізде кейбір банктер шығынға батып, қаржылық ахуалы күрделене түсуде. Президенттің өзі банктер банкротқа ұшыраса, біз неге көмек беруіміз керек дегенді баса айтты. Осы мәселеге қатысты пікіріңізді білсек...

– Жалпы, банк жүйесі, қаржыгерлер негізінен салымшылардың ақшасын жұмсайды. Сөйтеді де, ертеңгі күні «банкротқа ұшырадық» деп шығады. Тағы да көмекке мемлекет келеді. Меніңше, үкіметтің банктерге қатысты ұстанып отырған саясаты шынайы өмірдегі жағдайға жауап бере алмайды.

– Банк дегеннен шығады. Қазір халықтың бойында үрей бар. Сенімсіздік басым. Зейнетақы қорындағы талай жылғы жинаған ақшасын уайымдайтындар көп...

– Бұл өте өзекті мәселе. Сенесіз бе, қазір зейнетақы қорындағы ақшаға қол салатындардың көбейгенінен қорқамын. Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі сақтандыру қорындағы қаржының 20 млрд теңгесі ауыл шаруашылығын көтеруге бөлінеді дегенді естідім. Өкінішке қарай, Қазақстан экономикасының шығыны көп, тиімділігі төмен. 1991-2000 жылдары осындай жағдайға тап болсақ, түсінуге болар еді. Демек, ешқандай да ақталуға жол жоқ. Мемлекет небір көрсеткішті алға тартса да, ілгерілеушілік байқалмайды. Экономикалық даму болмаса, мемлекет те келген жерінде тоқтап тұрып қалады.

– Бір сұхбатыңызда «біздің сыртқы қарызымыз жеті ұрпақтың мойнына артылады. Яғни, кіріс бар, бірақ бейберекет жұмсаймыз» деген екенсіз. Шынымен, сыртқы қарызымыз көп пе?

– Шын мәнінде, біз мүмкіндіктің бәрін уысымыздан шығарып алдық. Егер бюджеттің кіріс пен шығыс көлемін қарасақ, 50 пайызы шығынға бөлінеді. Қазақстанның  сыртқы қарызы 10 жылда 74,6 миллиард долларға өсіп, 168,9 миллиард долларға жеткен. Ұлттық банк мұны «Қарыз шетел компанияларының мұнай және газ жобаларына байланысты фирмааралық берешектің өсуіне, үкімет пен экономиканың қаржыға жатпайтын секторындағы берешектің ұлғаюына байланысты көбейген» деді. Бұны мен емес, цифрлар айтып отыр.

– ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов елдегі экономикалық ахуал жақсарып, 2017 жылы ЖІӨ 4 пайызға өсті дегенді айтты. Сіздіңше, статистикалық мәліметтер мен болжамға қаншалықты сенуге болады? 

– Басқа көрсеткіш жоқ болса, не істейміз? Шынымды айтсам, мұның бәрі нақты емес. Кез келген көрсеткіште инфляция дұрыс есепке алынбайды. Бюджетті бөлу мен игеру де сенімсіздік тудырады. Статистикалық көрсеткішке қарасақ, бюджет тапшылығы көбейіп, тұрғындар байып жатқандай көрінеді. Бірақ халықтың сатып алу мүмкіндігі азайып кеткен. Мұны қалай түсінуге болады? Демек, байлар байып, кедейлер кедейлене береді. Әлемдік экономикада «кедейшілік» деген ұғымның бары рас, бірақ біздегілер мұны да алдарқату үшін «орташа өмір сүру деңгейі» деген атау ойлап тапқан сияқты. Міне, сол күнкөрістің орташа бағасын үкіметтегілер өздерінше есептейді. Статистикалық көрсеткішке сол үшін де күмәнмен қараймын. Жалпы, статистикалық мәліметтердің шындыққа жанаспайтын сәті жиі кездесетінін ескерсек, статистикалық құрылымдар тарататын мәліметтер мен нақты сандардың да арасы жер мен көктей болатыны жасырын емес. Есіңізде шығар, Ұлттық банк 2015-2016 жылы инфляция деңгейі дәліз деңгейінен шамалы жоғары, яғни, 10 пайыз шамасында деген еді. Кейін олар өз сөздеріне қарсы шығып, 12 пайыз деп басқа мәлімет айтты. Бұлай жөн-жосықсыз мәлімдеме жасағаны үшін кім жауап береді?

– Былтыр жыл соңында Салық кодексі мен Кеден кодексі қабылданды. Осы бойынша инвесторларды салықтан босату жөнінде мәселе көтерілді. Бұл дұрыс па, бұрыс па?

– Салық кодексі дұрыс жұмыс істесін десек, қарапайым болуы керек. Ал Кеден кодексі кейбір жағдай бойынша қиындатылғанға ұқсайды. Оның бабы да көбейген. Қосымша құн салығын төмендету, патент беру мәселесі жеңілдетілмей тұр. Мемлекеттік кіріс департаментінің саясатын да түсінуге болады. Салық саясаты арқылы табысқа батуды көздейді. Өкінішке қарай, жағдай керісінше болып жатыр. Салықты жинағанда, бәрібір азайып кетеді. Бұл жүйеге либерализация жасаудың орнына, қиындатып жібердік. Ал инвесторларды салықтан босату – үлкен қателік. Әр нәрсенің өз шегі, баспалдақ көрсеткіші бар. Қазақстанда шетелдіктер негізгі инвестор бола алмайды. Мұнымен қоса, елімізде экономикалық тұрақтылық көңіл көншітпейді. Неге екені белгісіз, мемлекеттің шетелдік инвесторларға бүйрегі бұра береді. Алайда ішкі саясатты, халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздеп, тұрғындардың өз өндірісін, кәсібін ашуға мүмкіндік жасау қажет. Сонда ғана демографиялық, көші-қон мәселесін шешуге болады.

– Шетелден инвестиция көптеп құйылып жатқаны жиі айтылады. Бұл сізді қуанта ма, әлде...   

– Инвестиция тектен-тек құйылып жатқан жоқ. «Алмақтың да салмағы бар» демей ме?! Егер бұл жағдай сонау 2000 жылдардың басында жүзеге асса, қуануға болар еді. Ал содан бері бір жағдай қайталана берсе, мұны экономикалық басқарудың тиімсіздігі деуге болмай ма? Басқа ештеңе жоқ. Мәселен, 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Болашақ» бағдарламасы арқылы 12 мыңға жуық қазақстандық жастар мұхит асып, шетелде білімін жетілдірді. Егер Оңтүстік Кореяны алсақ, 1960 жылы-ақ 10 мың адам мемлекетті бүгінге деңгейге көтерді. Ал біз жастарды әлемнің әр елінде оқытсақ та, сол қаз-қалпында тұрмыз. Өсу қайда, даму қайда? Меніңше, экономикаға дәстүрлі көзқараспен емес, төңкерістік мақсатпен қарауымыз керек. Әйтпесе, «Қазақстан-2050» стратегиясын қалай орындаймыз? Қазір цифрлық экономика туралы да жиі айтыла бастады. Шетелдік мамандар дайындаған кез келген бағдарлама біздің елге емес, өздеріне қызмет жасайды. Олар біздің мүддемізді емес, қалталарының қамын күйттейді. Тағы бір мәселе, кез келген бағдарлама жасаушы шетелдік азамат бөгде мемлекеттің өз елімен бәсекеге түсе алатындай қабілетке жетуін құптамайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

 

 

Соңғы жаңалықтар