Төлеевтің тындырған ісі көп
73 жастағы Аман Төлеев Кемер облысын 1997 жылдан бері басқарып келді. Аз уақыт емес. Талай жыл төккен тері мен еткен еңбегі әп-сәтте ескерусіз қалғаннан жаманы жоқ. Жастайынан қиындыққа мойымай, еңбекке шыныққан Аман Төлеев қарапайым теміржолшыдан білдей бір облыстың губернаторлығына дейін көтерілген саяси тұлға. Оған әр сайлауда дауыс берген халықтың сеніміне селкеу түскен жоқ. Себебі «Шахтерлік Құзбастың мәселесін тек қана Төлеев шеше алады» дейтін әңгіменің жаны бар. Аман Төлеев губернатор болған 1997 жылы Құзбаста өндіріс ошақтары толықтай тоқырауға ұшырап, бір жылда 43 шахта жабылып, 150 мыңнан астам адам жұмыссыз қалды. Бұл Кемер облысының экономикасына үлкен соққы боп тиді. Барлық сала шатқаяқтады. Зейнетақы, жәрдемақы, жалақы айлап кешікті. Соның салдарынан құзбастықтар, шахтерлер алаңға шықты. Халық билікке сенімсіздік білдірді. Бұның арты қарсылыққа ұласты. Міне, осындай күрделі кезеңде облысты басқару, жоқшылықты, жұмыссыздықты жоюмен күресу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Қиындықты еңсерген ол өндіріс ошақтарының қайта іске қосылуына күш салды. Халықтың жағдайы да біртіндеп жақсара бастады. Аман Төлеевтің сол еңбегін көмір өндірушілер өз көзімен көрді. Бағалады, бағалап та жүр. Бір облысты 21 жылдан бері басқарып келгенінің бар құпиясы – еңбекте. Тіпті, Ресейдің тергеу комитеті Кемер облысының губернаторы Аман Төлеевтің орынбасарлары Алексей Иванов пен Алексанр Данильченкоға, сонымен қатар бірнеше қызметкерлеріне 1 миллиард рубльге бағаланған «Разрез «Инский» кәсіпорнының акцияларын бопсалады деп айып тағып, қылмыстық іс қозғалғанда да өзінің адалдығына анық сенді. Тіпті, орынбасарларына жала жабылса да, оларды қызметтерінен босатпайтынын мәлімдегені жұрт жадында. Міне, бұдан кейін кейбір сарапшылар: «Төлеев – Кемер облысының басшылық символы. Ол болмаса, бұл тұрақтылықты сақтап қалу қиын» деп пікір айтқан болатын. Ол ол ма, Аман Төлеевтің азаматтығын да ұмытпаған жөн. Ол лаңкестер және қылмыскерлермен бірнеше мәрте келіссөз жасаған адам. 1991 жылы Мәскеудегі Қызыл алаңда лаңкеске кепілдікке алынған қыз баланың орнына өзін алуын өтінген Төлеев 1995, 2001 және 2009 жылдары әртүрлі лаңкестік әрекет кезінде бейбіт азаматтарды құтқарып қалу үшін қолдан келгенін аянып қалмады. Сондай нәтиже берген келісімнің бірі – Новокузнецк полицейлерінің басынан өткен оқиға. Өз пәтеріндегі жарылғыш зат арқылы бүкіл тұрғын үйді жармақ болған қылмыскерді қолға түсіруде де Аман Төлеевтің асқан шеберлігі көмекке келгенін аңыз қып айтатындар әлі бар. Былтыр Аман Төлеевтің денсаулығы қайта сыр беріп, жүрегіне, одан кейін көп ұзамай Германияда омыртқасына екінші мәрте ота жасалды. Десек те, Кемер облысы губернаторының орнынан дәмелілер осы жағдайдың бәрін өз мақсаттарына пайдаланып, Аман Төлеевтің денсаулығы туралы алыпқашпа әңгіме таратты. Ақпарат құралдары да біресе «жағдайы ауыр» деп, біресе «Президенттен қызметінен босатуды өтініпті» деп, тіпті «хал үстінде екен» деп те гуілдетті. Өйткені Аман Төлеевті қарапайым халық қатты құрметтегенімен, биліктен дәмелі топтар жақтыра бермейтін. Себебі ақыл-парасатымен ғана емес, қиын-қыстау кездердегі ерлігі, батылдығымен белгілі болған облыс губернаторы талайды тәртіпке салған еді. Сондықтан оған бірнеше мәрте қастандық жасалды, көлік апатына ұрындыруды көздеді, ол ол ма, атып та кетпек болды. Бірақ олардың әрекеттерінен ештеңе шықпады.«Рельс соғысы» қалай тоқтатылды?
Саясаткер Аман Төлеевтің айтуынша, мансап баспалдағының өрге жүзуіне теміржол саласында еңбек еткен жылдар себепші болған. Ол қарапайым жұмысшының басындағы түйткілді түсініп, қиын сәтте қолұшын берген сәттерді қимастықпен еске алады. Тихорецк теміржол техникумын бітірген Төлеев Мұндыбаш елді мекеніне жолдама алып, алғаш рет Кемер облысына табаны тигенде теміржол станциясында кезекші болып жұмыс істейді. Әскери борышын өтеп оралған соң, станция бастығы орынбасарының аға көмекшісі қызметін атқарып, бір жылдан кейін станция бастығы боп төрт жыл еңбек етеді. Мұндыбаштан басталған мансап баспалдағы Междуреченск станциясының бастығы дәрежесіне көтереді. 1987 жылы бүгінде ыстық мекеніне айналған Кемер теміржолының Новокузнецк бөлімшесі станция бастығының орынбасары, бес жылдан кейін Кемер теміржолының бастығы болады. Ал Төлеевтің саясаттағы нық қадамы 1985 жылдан бастау алады. Ол 1988 жылға дейін Кемер обкомының транспорт және байланыс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарса, 1990 жылы Кемер облыстық кеңесі мен жергілікті атқару комитетін басқарады. Сондай-ақ, 1991 жылы алғаш рет Ресей президенттігі сайлауына кандидатурасын ұсынып, 7 пайыз дауысқа ие болып, Борис Ельцин, Владимир Жириновский, Николай Рыжковтан кейін төртінші орынға табан тіреген. 1996 жылы президент Ельциннің бұйрығымен ТМД елдері бойынша әріптестік жөніндегі министр болып тағайындалса, 1997 жылдың шілде айында Ельцин Құзбастағы әлеуметтік жағдайдың ушығуына байланысты Төлеевті Кемер облысы әкімшілігінің бастығы орнына сайлауға түсуге ұсыныс жасайды. Сол жылы 95 пайыз дауыс жинап, айқын көрсеткішпен жеңіске жеткені белгілі. Аман Төлеев Кемер облысын алғаш басқарған жылдары аймақ құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрған. ХХ ғасырдың аяғында Құзбаста 43 шахта жабылып, жұмысшылардың жаппай жұмыстан шығуына әкеп соқты. 1998 жылы облыстың жер-жерінде шахтерлер наразылық шеруге шығып, жалақының аздығын, азық-түліктің тапшылығын және еңбек шартының қиындап кеткенін алға тартты. Шерушілер маңызы бар жолдар мен Транссібір магистралін жабуға тырысқанда, Төлеев қарызға белшеден батқан қарапайым қызметкерлердің шағымын ескеріп, тез арада шешімін табуға тырысатынын жеткізді. Дер кезінде қабылданған шаралар «рельс соғысының» тоқтауына түрткі болғанын айта кеткен жөн. Төлеевтің саясаттағы тағы бір жемісті еңбегі – Ресейдің көмір аймағындағы эконономикалық ахуалды қалпында сақтап қалуы. Ол басшылық еткен уақытта Құзбаста көмір өндіретін шамамен 90 жаңа кәсіпорын мен зауыт ашылып, бұл салаға келетін жыл сайынғы инвестиция 50 млрд рубльге дейін шарықтады. Сонымен қатар металлургия саласының да дамуына ерекше серпін берілді. Құзбаста тұңғыш рет жоғары жылдамдықтағы пойыздар үшін рельс өндірісі қолға алынса, кейін мұнда мұнай өңдеу және туризм саласы да жандана бастады. Бүгінде Шерегеш елді мекенінде салынған тау-шаңғы курортына жыл сайын 1 млн турист келеді, мұнда да Төлеевтің айқын қолтаңбасы бар екені айтпаса да түсінікті. Бір айта кетерлігі, Төлеев басқарған жылдары Кемер облысы тұрғындары айтарлықтай әлеуметтік қолдауға ие болды. Мұнда егде тартқан кісілер үшін жоғары базалық зейнетақы тағайындалды, ел қорғауға үлес қосқан ардагерлер ем-домды тегін қабылдай алады. Одан бөлек коммуналдық төлем бойынша арнайы жеңілдік қарастырылған. Тіпті, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыға ауыл шаруашылығымен айналысу үшін ұсақ мал, көкөніс тұқы тегін берілді. Ал білім алғысы келетін жастарға арнайы сыйақы мен гранттар бөлінді. Сол сияқты Құзбастағы мыңдаған отбасының 20 жылға пайызсыз несие алып, алғашқы жарнаны құймай-ақ, баспаналы болғанын біреу білсе, біреу білмес. P.S:Жұрт білетін Аман Төлеев осындай азамат. Өкініштісі сол, бөгде ұлт өкілінің үлкен облысты басқарып отырғаны бәзбіреулердің шымбайына батты ма, әйтеуір аз күнде оның қызметтен босауы үшін барынша әрекет еткен топтың жұмыла іске кіріскені анық. «Бұдан әрі аймақты басқаруым дұрыс емес» деп шешкен азаматтың ар алдында да, ел алдында да адал екені баршаға аян. Айтпақшы, Аман Төлеев отставкаға кетсе де, «Халық губернаторы» атағы қала бермек. Ол резиденцияны да босатпайды. Оған ай сайын 50 мың рубль зейнетақы тағайындалды. Ал соңғы күндегі ақпарат бойынша Кемер облысының бұрынғы губернаторы Аман Төлеев облыстың халық депутаттары кеңесінің мандатына ие болды. «Кемер облысының сайлау комиссиясының отырысы өтті. Халық депутаттары кеңесінің бос мандатына бірыңғай тізімнен кандидатура беру туралы мәселе қаралды. «Единая Россия» партиясының Кемер аймақтық филиалы Төлеев Амангелді Молдағазыұлына бос депутаттық мандатты беру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, 2013 жылы облыстық кеңес депутаттарын сайлауда «Единая Россия» партиясы ұсынған кандидаттар тізімінде Төлеев көш бастап тұр», – деді сайлау комиссиясының өкілі.