«Аккую» АЭС-і кімге тиімді?

«Аккую» АЭС-і кімге тиімді?

«Аккую» АЭС-і кімге тиімді?
ашық дереккөзі
Ресей президенті Владимир Путин Түркия астанасы – Анкара қаласына ресми сапармен барды. Бұл – Ресей басшысының президент тағына қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы шетелдік сапары. Путиннің екі күнге жоспарланған сапары Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен екіжақты кездесуден басталды. Екі ел басшысының бір жарым сағатқа созылған кездесуіне баспасөз өкілдері қатыстырылмады. Мемлекет басшыларының жүздесуі жабық түрде өткізілді. Бірақ одан кейінгі Ресей мен Түркия президенттерінің төрағалығымен өткен жоғары деңгейлі серіктестік кеңесінің жетінші отырысында бірқатар маңызды мәселелер сөз болды. Негізгі тақырыптар қатарында әскери-техникалық серіктестік, оның ішінде Анкараға «Триумф» С-400 зениттік зымыран жүйесін жеткізуді жеделдету және сауда саласындағы шектеулер бар. Кеңес отырысында белгілі болғандай, Ресей мен Түркия арасындағы сауда айналымы өткен жылы 40 пайызға артып, 22 млрд долларға жетіпті. Ресей президентінің сөзінше, бұл шекті деңгей емес. Яғни, екі ел арасындағы сауда байланысы әрі қарай дами бермек. «Біздің ел өзара күрделі қаржы жұмсалымы көлемін арттырды, екі жақтың да қарама-қарсы және тікелей инвестициялары 10 млрд долларға жуықтайды», – деді Ресей президенті кездесу барысында. Сауда байланысына келгенде екі ел арасындағы өзекті мәселе – қызанақ жетіспеушілігі. Түркия Ресей үшін қызанақты импорттайтын ірі мемлекет болатын. 2010-2015 жылдары түрік елінен Ресейге жеткізілген қызанақтардың көлемі 40 пайыздан 53 пайызға жеткен. Ресейде түрік қызанақтарына деген сұраныс қыс мезгілінде артады. Өйткені елде жылыжайлар аз болғандықтан, жергілікті компаниялар нарықтың сұранысын толық қанағаттандыра алмайды. Ресейде енгізілген азық-түлік эмбаргосынан кейін Түркия Мәскеуге қызанақ жөнелтуді тоқтатты. Дәл осы кезде ресейлік кәсіпкерлер несие алып, жылыжай сала бастады. Олардың көздегені – нарықта қызанақ жетіспей жатқандығын пайдаланып, қалталарын қампайту. Ал Анкара бұл кезде шектеуді алып тастауды ұсынып, өзінің қарымта шараларын жүзеге асыруға тырысты. Сөйтіп, 2017 жылдың наурыз айында Түркия Ресейден келетін астық тасымалына баж салығын енгізді. Арада бірнеше ай өткенде, яғни, 2017 жылдың қараша айында Ресей бірнеше түрік кәсіпорындарының Ресейге қызанақ жеткізуіне рұқсат берді. Бірақ эмбарго толықтай алынбады. Владимир Путин мұны Ресей бизнесінің жұмсалған қаржының орнын толтырып алуы қажеттігімен түсіндірді. Түркия мен Ресей басшыларының кездесуінде қарастырылған маңызды мәселелердің бірі – әскери-техникалық байланыс. Бұл ретте Владимир Путин екі елдің әскери-техникалық саласында «Триумф» С-400 зениттік зымыран жүйесін Түркияға жеткізу туралы келісімді жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Ал Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков сейсенбі күні С-400 зениттік зымыран кешенін Түркияға уақытында жеткізу үшін Ресей тарапы қолынан келгеннің бәрін жасайтындығын мәлімдеді. «Бұл мәселені әуелде Түркия көтерген. Менің білуімше, біздің тарап түрік елінің өтінішін қанағаттандыру үшін күш салатын болады», – деді Юрий Ушаков. Айта кетейік, Мәскеу мен Анкара С-400 кешенін жеткізу туралы келісімге 2017 жылдың қыркүйек айында қол қойған. Алайда НАТО ұйымы Түркияның бұл шешімін сынға алып, Ресеймен келісімге келуі Анкараның НАТО әуе шабуылдарына қарсы қорғаныс жүйесінің бір бөлігі болуына кедергі келтіретінін де ескерткен. Дегенмен Түркия Ресейден 2,5 млрд долларға төрт С-400 дивизионын сатып алды. Келісімшарт сомасының 55 пайызын ресейлік несие қаражаты құрайды. Осылайша, Түркия Ресейден заманауи зениттік зымыран кешенін сатып алған алғашқы НАТО-ға мүше ел. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Түркия және Ресей президенттері бірқатар құжаттарға қол қойды. Олардың ішінде байланыс және ақпараттық технологиялар жөніндегі серіктестік туралы меморандум, әйелдер, отбасы және балалар құқығының әлеуметтік саясаты жөніндегі серіктестік меморандумы, спорт саласы бойынша серіктестік жөніндегі ведомствоаралық меморандум бар. Сонымен қатар, Ресей президенті Анкараға сапары барысында Түркия басшысы Реджеп Тайып Ердоғанмен бірге бейнеконференция арқылы «Аккую» АЭС құрылысын бастап берді. Бұл АЭС Түркия аумағында бой көтеретін алғашқы атом электр станциясы болмақ. Атом электр станциясының құрылысына жұмсалатын жалпы шығын – 20 млрд доллар. АЭС құрылыс жұмыстарын бастап берген Ресей президенті 2023 жылы «Аккую» станциясының ашылу салтанатына қатысуды жоспарлап отырғандығын тілге тиек етті. «Осы бір ерекше оқиғамен, айтулы датамен барлықтарыңызды құттықтаймын. Реджеп Тайып Ердоған мырза айтқандай, 2023 жылы жаңа электр станциясының алғашқы жұмысына куә болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді Владимир Путин. Ресей басшысы өз сөзінде АЭС салынатын аймақта тұратын түркиялықтар жаңа, заманауи технологияны, станциядағы жұмыс орындарын көргенде, риза болатындығын да атап өтті. Ал Түркия президентінің айтуынша, аталған АЭС елдегі электр энергиясы қажеттілігінің 10 пайызын өтемек. Төрт энергоблокты «Аккую» АЭС-і Жерорта теңізі жағалауындағы Мерсин аймағында салынуы тиіс. Бұл туралы Ресей мен Түркия 2010 жылы келісімге келген. 2016 жылдың тамыз айында Путин мен Ердоған Санкт-Петербургте кездескен еді. Сол кездесуде Түркия президенті Анкараның «Аккую» АЭС-іне стратегиялық инвестиция статусын беріп, жобаның жүзеге асуын жеделдетуге жол ашатындығын мәлімдеген. Ал 2017 жылдың ақпан айында Анкара АЭС салатын аумақтың жобалық параметрлерін мақұлдады. Қазіргі уақытта жобаны толықтай ресейліктер қаржыландырып отыр.  2017 жылдың жазында «Росатом» «Аккую» АЭС-інің құрылысын жүзеге асыратын компаниямен келісімге келіп, Cengiz-Kolin-Kalyon консорциумына жобаның 49 пайызын сатуға уағдаласқан. Бұл келісімге 2017 жылдың соңына дейін қол қойылуы тиіс еді, алайда 2018 жылдың басында Kolin және Kalyon компаниялары жобаға кіру туралы келіссөзді тоқтатып тастады. Түрік астанасында талқыға түскен басты мәселе – Сириядағы жағдай. Сирия мәселесі Ресей, Түркия және Иран президенттері қатысқан үшжақты келіссөзде кеңінен талқыланды. Бұл үш ел басшысы қатысып отырған екінші жиын. Алғашқы кездесу өткен жылдың 22 қарашасында Ресейдегі Сочи қаласында өткен болатын. Келіссөз үстеліне отырған мемлекет басшылары Сирияның егемендігін, Сирия Араб Республикасының тәуелсіздігі мен аумағының тұтастығын қолдаудан айнымайтындығын атап көрсетті.