Ұғынысу мен ұрысудың арасы

Ұғынысу мен ұрысудың арасы

Ұғынысу мен  ұрысудың арасы
ашық дереккөзі
Қоғамдық көлік төңірегіндегі даулы мәселелер әлі де жалғасып келеді. Бұл жолы Алматы қалалық мәслихат депутаттары заңсыз жұмыс істеп жүрген кондукторларға шүйлікті. Автобус кондукторлары, олардың мәдениетсіздігі мен дөрекілігі осы күнге дейін талай талқыға түскені жасырын емес. Енді депутаттар заңсыз жүрген кондукторларға тосқауыл қою керек деп отыр.

Кондукторларды кім тіркейді?

Алматы қаласының мәслихат депутаттары еңбек келісімшартынсыз жүрген кондукторларды заңмен қудалауға да әзір. Өйткені заңсыз жұмыс істеп жүрген кондукторлар қала тұрғындарын зәрезап қылып алған. Осыны ескерген депутаттар автопарктерге кондукторларды еңбек келісімшарты бойынша жұмысқа қабылдау үшін бір ай уақыт берді. Бірақ автопарктер бұл міндетті Алматы Көлік холдингі шешуі қажеттігін алға тартып отырғанға ұқсайды. Алматы Көлік холдингіне салық төлеп отырған тасымалдаушылар қаладағы қоғамдық көліктерде жүрген 3 мыңға жуық кондукторды жұмысқа алуға қауқарсыз. Олардың сөзіне сенсек, кондукторларды жұмыспен қамтуға қаржы қолбайлау. Автопарк басшылары бұған дейін де Алматы қаласындағы жол жүру құнын арттыру туралы талай рет бастама көтерген. Онда да қаржының жетіспей жатқандығы, белгіленген жолақы қазіргі шығындарды ақтамайтындығын тілге тиек еткен-ді. Ал енді автопарк иелері өздерінің кондукторларсыз шығынға белшеден бататындығын айтады. Себебі Алматыда «Оңай» төлем жүйесі іске қосылғалы, жолақысын төлемейтін жолаушылар қатары артқан-мыс. Ал Көлік холдингіндегілер мұнымен келіспейді. Керісінше, «Оңай» жүйесінің кондукторларды қажетсіз етіп тастағанын және тасымалдаушылардың осы уақытқа дейін қалтасына басып келген қаржылары «Оңайға» құйылғанын алға тартады холдинг өкілдері. «Оңай» жүйесінің арқасында қала қазынасына түскен қаржы мөлшері артқаны да баршаға мәлім. Мәселен, 2016 жылдың қазан айында жалпы транспорт саласы бойынша қазынаға 700 миллион теңге түссе, 2017 жылдың дәл осы мерзімінде жаңа тарифті енгізгеннен кейін мемлекет бюджетіне түскен кіріс мөлшері артып, 1 миллиард 600 миллион теңгені құрады. Демек, «Оңай» жүйесі енгізілгенге дейін кондукторлар мен жүргізушілер жолақыдан жиналған қаржыны жымқырып отырған. Қарапайым есептің өзімен шаққанда, жылына 900 млн теңге із-түзсіз жоғалып кетіп отырғаны аңғарылады. «Із-түзсіз» дегеніміз сөздің сірағасы әшейін, әйтпесе, қай қалтаға түсіп келгені ымдамай-ақ түсінікті сияқты. Бюджетті толтыруға үлес қосқан «Оңай» төлем жүйесі жолаушылар үшін де тиімді. Алайда соңғы уақытта қоғамдық көліктер бәз-баяғы қалпына түсіп, кондукторлардың айғай-шуынан құлағы тұнатын күйге жеткен жұрт көп. Яғни, «Оңай» картасына қосымша қолма-қол қаражат төлеу енгізілген соң, автобустардағы кондукторлар бұрынғы қызметіне қайта кірісті. Осылайша, электронды төлем жүйесі жұмыс істеп тұрса да, қоғамдық көліктердегі жұмысын тоқтатпаған кондукторлардың қатары көбейіп шыға келді. Олардың басым көпшілігі автобус жүргізушілерінің туған-туыстары. Жүргізушілер жолақысын төлеуден қашатын бірен-саран жолаушыларды бақылауға алу үшін туыстарының көмегіне жүгінетіні орынды. Бір өкініштісі, әлгі кондукторлардың көбі тым дөкір, ұрысқақ, мылжың, тұрпайы. Кейбірінің киген киімдері қарапайым адамның үрейін ұшырардай. Ішкі мәдениет, сыпайылық атаулыдан сырт айналатынын аңғару қиын емес. Бір сөзбен айтқанда, Алматы қаласындағы автобус парктерінде уақытша жұмыс іздеп жүрген кез келген адам кондуктор қызметін атқара алады. Ал халық қалаулылары кондукторлар жолаушыларға қызмет көрсетуге қатысты курстардан өтіп, заңды жұмысшы ретінде тіркелуі қажеттігін алға тартып отыр. Депутаттардың бұл пікірі орынсыз дей алмаймыз. Себебі кондукторлардың дөрекілігіне, өз қызметін дұрыс атқармайтындығына, мәдениетсіздігіне шағымданатын жолаушылар көп. Ең сорақысы, әлгі бәдік кондукторлардың көбі ақша төлемегендерді де, «Оңаймен» төлем жасағандарды да бір тізімге қосақтап: «Қазір жұрттың бәрі алаяқ! Ақша төлемейді!» – деп қысқа қайыратынын көз көріп жүр. Жазықсыз алаяқ атану кімге ұнайды? Әсіресе, бұл жағдай Алматы қаласының тұрғындары үшін өте өзекті болып отыр. Автопарк басшылары қоғамдық көліктерде жүрген кондукторлардың қызметін заңдастырып, жұмысшы ретінде тіркейтін болса, жағдай өзгерер ме еді, кім білсін?! Оның үстіне, кондуктор болып жүрген азаматтар да бұл қызметке еріккеннен келмейтіні шындық. Екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүргендер жан бағу үшін кез келген жұмысты атқаруға келіседі. Сондықтан олар күнделікті ас-ауқатына жеткілікті қаражат табу үшін кондуктор болып қызмет етуден қашпайды. Алып шаһардағы заңсыз кондукторлар мәселесі бұған дейін Үкіметте де талқыланған. Тіпті, сол кезде бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жүгенсіз кеткен кондукторларды жеке өзінің қадағалауына алатындығын қатаң ескерткен еді. Бірақ министр Дүйсенова орнынан кетті де, кондукторлар қалды. Қаңтар айында Тамара Қасымқызы еңбек инспекциясымен бірге жұмыс берушілерге «жеке еңбек келісімі жасалмаған жағдайда әкімшілік жауапқа тартылатыны, тіпті, қылмыстық іс қозғалатыны» туралы ескерту жасау қажеттігін айтқан болатын. Бірақ ескертумен мәселенің түйінін тарқату мүмкін емес. Егер ескерту жасаумен іс бітсе, бүгінгі күнге дейін еліміздегі талай түйткілді шешер едік. Сондай-ақ, жұмыс беруші еңбек келісімін жасамаса, ең алдымен жұмысшыларын әлеуметтік кепілдіктен айырады. Яғни, жұмысшы жұмыссыз қалса, жұмыссыздығына қатысты берілетін жәрдемақыдан, ал әйел кондукторлар декреттік төлемдерден айырылуы мүмкін. «Жұмыс беруші жұмысшылармен қалайда келісім жасап, оларға жалақы төлеуі керек. Ал егер олардың автобус пен трамвайдағы жұмысына қатысты басқаша ұсынысы болса, оны түсіндіруі тиіс», – деген Тамара Дүйсенова. Бірақ автопарк иелері қоғамдық көліктерде жүрген кондукторлардың әлеуметтік жағдайына бас қатырмайтын тәрізді.

Дөрекі кондукторлар қаланың нағыз кейпі ме?

Заңды түрде тіркелмегендіктен, қоғамдық көліктердегі кондукторларда жауапкершілік те болмайтын сияқты. Тиісінше, иығына артылған жауапкершілікті сезінбеген кондукторлар жолаушылармен дөрекі сөйлесіп, жұртқа мәдениетсіздігін көрсетеді. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін заңдылық. Кондукторлардың автобус ішінде әркімге бір дүрсе қоятыны да талай тақырыпқа тұздық болған. Жұртшылық оларды тәртіпке шақыруға тырысқанымен, одан шыққан нәтиже байқалмайды. Мәселен, өткен наурыз айының басында жолақыға ірі ақша берген жолаушымен сөзге келісіп қалған кондуктордың әрекеті әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Тіпті, өзін-өзі ұстай алмаған кондуктор жолаушы жігітке жекіп те сөйлейді. Бейнежазбадан жолаушының кондукторға ірі ақша бергенін байқауға болады. Ал ақшаны ұсақтай алмаған кондуктор жолаушыға дауыс көтергенге ұқсайды. Бірақ қоғамдық көлік ішіндегі бұл жанжалдың еліміздің қай өңірінде болғаны нақты белгілі емес. Ең бастысы, еліміздің әр түкпірінде кондукторлардың құқайына төзіп жүрген жолаушылар көп-ақ. Мәселен, 2016 жылы Алматыда №303 бағыттағы қоғамдық көлік кондукторы ақы төлемеген азаматты пышақтап тастағаны бүкіл елді дүр сілкінткен еді. Мұнымен қоймай, қасындағылармен бірге әлгі жолаушыны жабылып тепкілеген. Ол кезде ІІД өкілдері де оқиғаны растаған еді. «Екі жолаушы мен кондуктордың арасында жанжал шыққан. Нәтижесінде кондуктор жолаушылардың бірінің аяғына пышақ жарақатын салған. Жәбірленушіге жедел жәрдем қызметкерлері оқиға орнында ем көрсетті, ол ауруханаға бармады. Бұл дерек «Денсаулыққа қасақана орта деңгейде зиян келтiру» бабы бойынша сотқа дейінгі бірыңғай реестрде тіркелді» деп мәлімдеген еді Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің өкілдері. Өткен жылдың тамыз айында мүгедек азамат пен кондуктор арасында болған жағдай да ғаламтор қолданушыларын ұлардай шулатты. Автобусқа мінбек болған мүгедек жолаушыны кеудесінен итеріп, көлікке мінгізбеген кондуктордың бейнесін аялдамадағы жұртшылық ұялы телефондарына түсіріп алған, әлеуметтік желіде жариялаған. Бүгінде кондукторлардың сан түрлі жағымсыз әрі теріс әрекеттері әлеуметтік желілер арқылы жұртқа тарап жатыр. Биліктегілер де олардың дөрекілігімен ғаламтор арқылы танысуда. Әйтпесе, депутаттар қоғамдық көлікке мініп, қарапайым халықтың көргенін өз басынан өткеріп жүр дейсіз бе? Сонымен қатар, кондукторлардың қолма-қол төлем жасаған жолаушыларға билетін уақытында бермеуі де жиі кездесетін жайт. Аталған себеп бойынша жыл басында Астана қаласында 200-ге жуық кондуктор әкімшілік жазаға тартылып, оларға 2 миллион теңгеден аса айыппұл салынды. Мұндай олқылықтар жолаушылар билетін тексеру барысында анықталған. Кондукторлардан өндіріліп алған қаржы мемлекет қазынасына түсті. Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін өткен жылдың сәуір айында Алматыдағы «Green bus company» тасымалдаушы мекемесі 45 жастан асқан 800 кондукторды жұмысқа қабылдайтындығын хабарлаған. Айтуларынша, қоғамдық көлік қызметіндегі қарапайым адами қарым-қатынасты ретке келтірмек керек. Бұл, біріншіден, қала мәдениетін арттырып, жолаушылардан түсетін шағымдарды азайтатын болса, екіншіден, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне сеп. Бірақ бұл бастаманың да соңы сұйылып кеткен сыңайлы. Шаһардағы қоғамдық көліктерден жасы 45-тен асқан салиқалы кондукторларды көре қоймайсың. Оның үстіне, қаладағы автопарк басшылары кондукторларды заңды түрде қызметкер ретінде тіркеуден ат-тонын ала қашып отыр. P.S: ХХІ ғасырда ірі мегаполистерде кішкентай автобустардағы кондуктордың мәселесі бүкіл қоғамның бас ауруына айналады деп кім болжаған. Әсілі, мәдениетті, дамыған елдер мен қоғамда кондуктор деген қызмет болмауға тиіс қой. Ол қызметті адамның ішкі мәдениеті, санасы атқармаушы ма еді?!